Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институты таяуда ұлы ақынның өткен жылғы тарихи мерейтойы шараларын жүйелеп, дестелеп, сала-салаға бөліп, тамаша альбом-жинақ шығарды.
«Абай мерейтойы» деп аталатын деректі-танымдық еңбек А.Құнанбайұлының 175 жылдық межесінің тынысы мен айрықша сәттерін қамтыған. «Қазақтың бас ақынының» (А.Байтұрсынұлы анықтамасы) тойы – тәуелсіз Қазақстан рухани жаңғыруының белді шарасы болса, жинақ та елдің дана рухына тағзымын, мерейтой ерекшеліктерін дәлелмен жан-жақты көрсетіп, көрнекілік пен ақпараттық негізді қатар ұстанған. Қазақстан Президенті Қ.Тоқаевтың бастамасымен әлемдік және ұлттық деңгейде сәтті өткен Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы ақын мұраты мен бүгінгі Қазақстанды үндестіріп, мемлекеттің мәдени дамуының жаңа басымдықтарын айқындады. «Той – тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізіледі» деген Мемлекет басшысының тұжырымы қоғамды интеллектуалдық береке-бірлікке жұмылдырды. Бұл ретте Президент идеясымен Еуразия университеті жанынан құрылған «Абай академиясы» аз уақыт ішінде кешенді ғылыми жобаларды атқарып, пандемия кедергілеріне қарамай, республикалық және халықаралық іс-шараларды орайлы үйлестіре білді. Мұны мерейтойдың қорытынды іс-шарасында Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткенін жақсы білеміз. Ұлт даналығын алқалаған 2020 жыл тарихқа алтын әріппен жазылды. Абай тұлғасы мен мұрасы арқылы елді интеллектуалды дамыту тәжірибесі жүзеге асты. «Абайдың көзқарасы заманауи ізгілік қағидаттарына және Қазақстан қоғамының басты құндылықтарына, оның бірлігі мен берекесіне толықтай сай келеді» деген Президент пікірі ғылыми қауымға айрықша ой салды. Даналық пен кемеңгерлік, парасаттылық пен кемелдік дәріптелген 175 жылдық бүгінге – тәлім, болашаққа тағылым болсын деп даярланған «Абай мерейтойы» атты тарихи-деректі еңбек ұлттық сананы серпілту бағытында рухани жаңғырған қоғамға мол пайдасын тигізері сөзсіз. Мұнда ақын тойының концепциясын айқындаған тұжырымдамалық мақалалар, маңызды құжаттар, өз еліміз бен шетелде өткен іс-шаралар, тарихи-мәдени нысандарды жаңғырту барысы, атқарылған істер мен жарияланған еңбектердің тізімі, тағы басқа кешенді жұмыстар қамтылған. «Абай мерейтойы» жинағы тәуелсіз Қазақстандағы мәдени-рухани құндылықтарға деген ықылас пен құрметті, зерттеу мен зерденің жаңа белесін айқындайды.Сабыр ШӘРІП, мәдениеттанушы