Елімізді ғана емес, әлемді дүрліктірген коронавирус пандемиясынан кәсіпкерлер көп зиян шекті. Дегенмен оларға мемлекеттен көмек берілуде. Бизнесі тоқтап қалмауы үшін Ashyq жобасы қолға алынды. Осы және кәсіпкерлерді толғантқан мәселелер туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен «Карантин және мемлекеттік қолдау жағдайындағы бизнестің жұмысы туралы» брифингте Қарағанды облыстық Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна АБЫЛАЕВА, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар КҮЛПЕЙІСОВ, жедел ден қою орталығының басшысы Қайрат ШОРМАНБАЕВ айтып берді.
Жобаға қатысушылар саны артты
– Өздеріңіз білетіндей, 2 тамыздан бастап Ashyq жобасына қатысушыларға жаңа ереже қолданылуда. Бұл бағдарлама сүзгі ретінде қызмет етеді, оның мақсаты – қолайлы санитарлық-эпидемиологиялық жағдай жасау және адамдар көп жиналатын жерлерде вирус жұқтырған немесе байланыста болған адамдардың пайда болуына жол бермеу. Аталған жоба алғашында қоғамдық тамақтану объектілерінде іске асырылды және өзінің тиімділігін көрсетті. Барлығы 50 қатысушыдан бастау алды. Қазір Ashyq-пен 8 мыңға жуық нысан қамтылған, белсенділік бойынша Қарағанды облысы республикада Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларынан кейін 3-орында тұр. 22 шілдемен салыстырғанда қатысушылар саны 4,2 есе (1 895-тен 7 959-ға дейін) өскен. Сонымен қатар жобаның адал қатысушыларына көшбасшы мәртебесі беріледі, бүгінде өңірде 71 көшбасшы бар. Негізгі критерийлерге 2 аптадағы тіркелу саны жатады, соңғы 2 аптада Қарағанды қаласында 1 000-нан астам және аудан, қалаларда 500 қоғамдық тамақтану орны тіркелген. Облыс орталығындағы сауда-ойын орталықтарының 25 мыңы тіркелсе, аудан, қалаларда 10 мыңы тіркелген. Ақпарат жаңартылып, Қарағанды облысының әкімдігі мен Кәсіпкерлік басқармасының сайтында жарияланады, – дейді басқарма басшысы.Көшбасшыларға жеңілдік бар
Ashyq жобасы бойынша жаңа алгоритмге сәйкес, жүктеуді Цифрландыру министрлігі адам факторын алып тастап, автоматты түрде жүзеге асырады және одан әрі әкімдікке жібереді. – Мысалы, Ashyq жобасының көшбасшыларына жұмыс уақыты 22.00-ге дейін, ал қарапайым қатысушыларға сағат 20.00-ге дейін ұзартылды. Көшбасшы мәртебесінің ұзақтығы – 2 апта. Сондай-ақ жоба көшбасшылары үшін артықшылықтың бірі соңғы 3 ай ішінде тұрақты медициналық қарсы көрсетілімдері бар адамдарды, ауырып жазылған адамдарды қоспағанда, қызметкерлердің кемінде 90% бірінші компонентпен вакцинациялау шартымен объектінің толтырылуын 20%-ға ұлғайту болып табылады. Бүгінде пилоттық жоба талабының орындалмауына байланысты 314 бизнес нысаны өшірілген. Жобадан шығарылуға 2 апталық жүктеу нәтижелері бойынша объектінің check-in минималды санын көрсетпеу фактісін анықтау, сондай-ақ мониторинг тобы анықтаған бұзушылықтар негіз болады, – дейді басқарма басшысы. Айта кету керек, пилотқа қатысатын және Ashyq-қа қосылғандар арасында жеңілдік қарастырылмаған бизнес санаттары да бар. Бізде мұндай 594 нысан бар. Бұл бизнестің санасы мен әлеуметтік жауапкершілігін көрсетеді. Қазір бизнестің 145 жаңа нысаны тестілік режимде өтуде. Күрделі эпидемиологиялық жағдай кезеңінде бизнестің толыққанды жұмыс істеу мүмкіндігін сақтаудың негізгі тәсілінің бірі – Аshyq қосымшасын кеңінен пайдалану және вакцинациялау. Бұл – бизнестің кәсіпкерлік қызметтен пайда табу және азаматтардың денсаулығын сақтау мақсатында бизнес-процестерді қайта құрудың жалғыз тәсілі. Біз осы мәселе бойынша кәсіпкерлердің түсіністігіне және қолдауларына үміттенеміз. Бизнестің Аshyq-ты қолданудағы адал көзқарасы мен жауапкершілігі маңызды. Бизнес объектілері тек Ashyq қосымшасымен жұмыс істей алады – 9 тамыздан бастап Ashyq-пен жұмыс істейтін кәсіпкерлік объектілердің жұмыс уақыты 22.00-ге дейін ұзартылады. Бұл ретте Ashyq көшбасшыларына түн ортасына дейін жұмыс істеуге рұқсат етіледі. Бұл бизнес-қауымдастықты жоба ережелері бойынша жұмыс істеуге ынталандырады. Қазақстандағы Ashyq жобасының қатысушысы болғысы келетіндер саны күніне 1 000-нан 5 000-ға дейін өсті. Қарағанды облысындағы Ashyq жобасында қазірдің өзінде 9 338 кәсіпкерлік объектісі тіркелді. Оның үстіне олардың 1 000-нан астамы ерікті қатысушылар. Қосымшаға бірнеше азық-түлік супермаркеті қосылды, олар облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің бұйрығына сәйкес қосымшасыз жұмыс істей алады, – дейді облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Ернар Күлпейісов. Еліміздегі 74 мың кәсіпкерлік объекті бүгінде Ashyq жобасына қосылған. Дегенмен карантин тәртібін бұзған кәсіпкерлік иелері жобадан шеттетіледі. Ол 5 критерий бойынша жүзеге асады. Мысалы, жұмыс уақыты белгіленген уақыттан асып кетсе, отбасылық, мерейтойлық іс-шаралар, бетперде режимі сақталмаса және келушілер белгіленген адам санынан асып кеткен жағдайда жобадан шығарылады.Мониторинг топ жұмысы күшейді
– Қарағанды облысы – «қызыл аймақта». Денсаулық сақтау жүйесі ауыр жүктемені бастан кешуде, күн сайын облыста 900-ден астам адам коронавирус инфекциясымен ауыруда. Облыстық бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 29 шілдедегі қаулысына сәйкес, карантин шаралары күшейтілді. Осыған байланысты облыстың барлық өңірінде мониторинг тобының жұмысы қарқын алды. Негізгі міндет – инфекцияны таратпау, яғни бетперде режимін сақтау, адамдар көп жиналатын жерлерде: дүкендерде, сауда орталықтарында, ойын-сауық мекемелерінде және басқа да кәсіпкерлік объектілерде карантин шараларын сақтау. Сонымен қатар қолданыстағы санитарлық нормалар мен талаптар бойынша азаматтармен, кәсіпкерлермен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бетперде, жадынамалар тегін таратылуда. Қазір облыста 112 мобильді топ жұмыс істейді. Бұл жұмысқа мемлекеттік қызметкерлер, полиция қызметкерлері, қоғам белсенділері, волонтерлерден 600-ге жуық адам тартылды, – дейді облыстық жедел ден қою орталығының басшысы Қайрат Шорманбаев. 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап мониторинг тобы 133 348 нысанды тексерді, 2 130 бұзушылық анықталды, 1 272 айыппұл салынды. Айыппұлдардан алынған сома шамамен 103 миллион теңгеден асты. Шілде айында 330 бұзушылық анықталды, бұл маусымға қарағанда 34 пайызға көп. – Жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың санитарлық талапты бұзу фактісі анықталған кезде мониторинг тобы үйлестіру орталығына ақпарат жібереді, ол СЭК қызметкерлері үшін шұғыл хабарлама жазады. Жыл басынан бері сенім телефонына облыс тұрғындарынан 467 өтініш келіп түсті. Елде қабылданатын шектеу шаралары, сондай-ақ мониторинг және рейдтік іс-шаралар ағымдағы эпидемиологиялық жағдайда өте маңызды. Осыған байланысты адамдар көп жиналатын орындарға бармай-ақ, түсіністік танытуды, саналы болуды, бетперде режимін сақтауды сұраймыз. Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз, – деді орталық басшысы.Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы