Ashyq жобасына 300 нысан қосылды
Ashyq жобасына 300 нысан қосылды
113
оқылды

Алматы облысында 300 кәсіп­кер­лік нысаны Ashyq жобасы бойынша жұмыс істеуге көшті.

Алматы облысы кәсіпкерлер пала­тасының директоры Әсет Шаяхметовтің  айтуынша, Ashyq жобасы алдымен Талдықорғанда енгі­зіліп, кейін облыстың барлық аудан­дары мен қалаларында қол­даныла бастаған. Қазір  аталған жоба  бойынша жұмыс істейтін 300 нысаннын 207-і жобаға қатысушы­лар болса, 93-і сы­нақ режимде жұ­­мыс істейді. «Қазір Ashyq жобасы бойынша қоғам­дық тамақтану нысандары ғана емес, со­нымен қатар мәдениет, қонақ үй бизнесі, сауналар мен моншалар, фитнес-орта­лықтар, ком­пьютерлік клубтар да жұмыс істеуде. Жобаға қатысушы нысан­дар де­малыс күндері де барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып жұмыс істей алады. Оған қатысу ерікті түрде жүргі­зілетінін атап өту керек. Сұрақтар туын­даған жағдайда біздің мамандар кеңес беріп, өтінім жасауға  көмектесуге дайын, сондай-ақ мессенджерлерде талқылау және техникалық сұрақ­тарды шешу үшін чаттар мен ка­нал­дар құрылған», – дейді Алматы облысы кәсіпкерлер палатасының директоры. Өкінішке қарай, жобаға еніп алғаннан соң қойылар талаптарды тәрк ететіндер де кездесіп жатыр.  Қазір  белгіленген сани­тарлық нормаларды бұзған бір кәсіпкерлік нысаны Ashyq жобасынан шет­тетілуі мүм­кін. «Мониторинг жұмыстары бары­сында кәсіпкерлер арасында барлық талаптарды сақтамағандар да анықталды. Apriori мейрамхана кешенінде 15 адамға арналған ауызашар отбасылық іс-шарасы өткізілген. Нысан Ashyq жобасы­ның қатысушысы болып саналады және бүгінде мейрамхана кешенін жобадан 2 аптаға алып тастау тура­лы мәселе көтерілуде. Бұзушылық қайта анықталған жағдайда нысан 2 айға жобадан шығарылады», – деді Талдықорған қаласы бойынша Санитарлық-эпи­демио­логиялық бақылау басқармасы басшы­сының орынбасары Сәкен Мелдебаев. Алматы облысы бойынша Ashyq жобасына қатысушылардың тізімі өңірлік әкімдіктердің сай­тында жарияланған. Облыстық  кәсіпкерлер пала­тасы бизнес-қауымдастықпен тү­сін­діру жұмыстарын жалғастырып жатыр және жобаға қатысуға ниет білдірушілердің тізімі жасалып жатыр.  

Болат АБАҒАН, Алматы облысы