Әупірімдеп жүріп Токио Олимпиадасын да өткердік. Қазақстан құрамасының нәтижесі жанкүйер қауымның көңілін көншітпегені айдан анық. Сегіз қоланы серік етіп, спортшылар елге оралды. Дегенмен бір мәселенің тиегі ағытылғалы тұр. «Көрсеткіш неге нашар болды?» деп спорт саласындағы басшылардың бір бас қосары анық. Ал бұл тұста қоғам да үнсіз қалған жоқ. Көпшілік қазіргі Мәдениет және спорт министрлігін екіге бөлуді ұсынып жатыр. Дегенмен бұл бастама келешекте спорттың дамып кетуіне кепіл бола ала ма?
Сыннан арашалауға себеп жоқ
Төртжылдықтың дүбірлі додасы саналатын биылғы Олимпиадаға еліміз 27 спорт түрінен 96 лицензия ұтып алған еді. Жұрт жолын тосып, жүлде алар деп сенген осы жүзге жуық спортшының кемі екі-үшеуі алтын алады деп сенгені жасырын емес. Бірақ алтын түгілі, күміске зар болдық. Сегіз қоламен 83-орынға бір-ақ сырғыдық. Тәуелсіз ел болғалы алтын мен күміссіз қайтқан алғашқы Олимпиада болды. Көп себеп пен сылтауды тізе беруге болады. Кей спортшының бабы келіспеді, енді бірінде мінез, тағы бірінде сәттілік жетіспеді. Төреші жығып берген сәттер де болғандай. Алайда бұл Қазақстан спортын сыннан арашалауға дәйек болмасы белгілі. Спортшылар халық салығынан түскен қаржыға дайындық өткізіп, оқу-жаттығуға аттанып отырды. Сондықтан түрлі пікірдің айтылар жөні бар. Соның бірі әрі бастысы болып тұрған – Мәдениет және спорт министрлігін екіге бөлу жайы. Бір қарағанда, екі саланың үш қайнаса да сорпасы қосылмайтындай көрінеді. Дегенмен бұл бүгін ғана шыққан әңгіме емес. Осы кезеңге дейін қос саланың жұмысын тиімді жүргізу үшін министрліктерді екіге бөлу керегі талай айтылған болатын. Әзірге «аталған министрлік екіге бөлінеді» деген қауесет шығып жатқан жоқ. Дегенмен «Мәдениет және спорт министрі ауысады» деген хабарды бейресми ақпарат көздерінен жиі көріп жүрміз. Айтуларынша, жаңа министр болуы мүмкін тұлғалардың есімдері де анықталған. Мәдениет пен спорт саласы біріктірілген ведомствоға басшы болып, елге белгілі спортшылар отыруы мүмкін екен. Бірақ «спортшы министр болса, мәдениет саласы ақсап қалмай ма?» деп қарсы аргумент айтушылар бар. Осыған қарап, расымен министрлікті екіге бөлудің қажеттілігі бар секілді деп ойладық.Бұрын да көтерілген мәселе
Қазақ спортындағы жабық саясат спорт саласындағы сыбайлас жемқорлықты өршітіп, кәсіпқой спорт клубтары шенділердің қалтасын толтыратын қамбаға айналып бара жатқандай көрінеді. Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осы мәселені көтерген болатын. Кәсіпқой спорт клубтарын бюджет есебінен қаржыландыруды тоқтату керегін басып айтты. Үкіметке де тапсырма жүктеді. Елімізде көп жағдайда спорт федерацияларын кәсіби мамандар емес, әкім-қаралар басқарады. Кей спорт түрлері кейбір басшының жеке меншігіне айналып кеткендей. Қысқасы, қаржысы мол қазақ спортына үлкен реформа керек деген түйін шығады. Токио Олимпиадасынан кейін спорт федерациялары мен Ұлттық олимпиада комитеті және ең бастысы Мәдениет және спорт министрлігі халық пен ел басшылығының назарына жағымсыз нәтижесімен ілігетіні айқын. Былтыр маусымда «Мәдениет және спорт министрлігін екіге бөлу қажет пе?» деген сауалға министр Ақтоты Райымқұлованың өзі жауап берген еді. Сол кезде ведомство басшысы «бізде мәдениеттің де, спорттың да бар екенін мақтан тұтамын. Бұл Әнұранымызды ойнатып, туымыз көкке көтеретін салалар саналады. Бүгінде мәдениет қайраткерлері де, спорт қайраткерлері де Қазақстанның бай мәдениетінің тамаша үлгілерін, спортшыларымыздың айрықша жетістіктерін таныту үшін еңбек етіп жүр. Сондықтан қазіргі уақытта бұл екі саланың бір өкілетті орган құрамында болғаны орынды» деп оңай сытылған болатын. Ал дәл соның алдында Мәжіліс депутаты болған Омархан Өксікбаев бұл мәселені Парламент қабырғасында да көтерді. «Сүйегінен миына дейін мәдениет саласында жүрген адамға осы спорттың бәрін егжейлі-тегжейлі біл деуіміз дұрыс емес шығар. Алайда иығыңызға осы жүкті алғаннан кейін Ақтоты Рахметоллақызы музыка үнінен, стадионның үнін құлағыңызға құйғаныңыз жөн болар. Үкімет спорт пен туризмді мәдениеттен бөліп, басқа ведомство жасағаны дұрыс болады. Өйткені бұл сала өзін-өзі ақтайды. Спорт – Қазақстанның абыройын асқақтататын, туын желбірететін мүмкіндік» деген еді ол. Ол кезде Қазақстан спортының хәлі осындай төмен деңгейде екенін ешкім ойламағаны анық. Әйтсе де, депутат алдын ала бір нәрсені сезгендей кейіп танытқан екен. Қош, енді мәселені шындап күн тәртібіне шығарар уақыт келген сияқты.«Жан-жақты саралау керек»
Біз айтып отырған Мәдениет және спорт министрлігіне қарайтын Спорт және дене шынықтыру істері комитеті бар. Төрағасы қызметін белгілі спортшы Серік Сәпиев атқарады. Министрлікті екіге бөлу жайлы әңгіме қозғағанда, төраға алдымен барлығын жан-жақты саралап алу қажетін айтады. – Бұл – күрделі сауал. Министрлікті екіге бөлу мәселесі егжей-тегжейлі зерттеуді қажет етеді. Егер мәдениет пен спортты бөлуді қажет деп санаса, онда алдымен қаржылық, функционалдық басқару жағын қарастыру қажет. Қазір барлық мемлекеттік органдарда мемлекеттік қызметкерлерді қысқарту жүріп жатыр. Сондықтан бөлмей тұрып, алдымен барлығын реттеп алу керек, – дейді Сәпиев. Сондай-ақ комитет төрағасы бұған дейін спорттың министрлік ретінде және агенттік ретінде де жеке жұмыс істегенін еске салып отыр. Бірақ мемлекет басшылығы мәдениет пен спортты қосуға шешім қабылдаған. Сол себепті бәрібір «мәселені алдын ала зерттеу керек» деп санайды.Депутат не дейді?
Қоғам өкілдері тарапынан көтеріліп отырған мәселеге қатысты көзқарасын білмекке Мәжіліс депутаты Айдос Сарымға сауал жолдаған едік. Саясаттанушы аталған министрлікті екіге бөлу жайлы ұсыныстың жаны бар екенін айтты. – Жалпы, мен Мәдениет және спорт министрлігін екіге бөлу ұсынысын қолдар едім. Шынында да, бұл салалар бөлек ведомствода болуы қажет. Спорт министрлігі өз алдына бағыт алып, федерациялармен қоян-қолтық жұмыс істеуі тиіс тәрізді. Сондай-ақ өңірлерден, ауыл-аймақтардан таланттарды алып шығатын спорт агенттері көптеп шыққаны абзал еді. Ал мәдениет саласын неге бөлек қарастыру керек? Себебі бұл саланың жұмысы аз уақытта көрінбейді. Көптеген жылды қажет етпек. Театр мен мәдени ошақтар арқылы қоғамдық мәдениет қалыптастыру лезде бола салатын дүние емес. Қорыта айтқанда, Мәдениет және спорт министрлігін екіге бөлуді ақылға қонымды іс десе болатындай, – дейді ол. Түйіндер болсақ, билік Олимпиададағы сәтсіздікті ескеріп, министрлікті екіге бөліп, спортты бір бөлек ведомство ретінде қарастырады деп айту қиын. Себебі қыруар қаржыны талап етуі мүмкін. Бір анығы, спорт реформасыз қалмауы тиіс. Әйтпесе, Токиодағы доданы бір жолғы сәтсіздікке балап, алдағы Олимпиадада жақсы нәтиже көрсететінімізге сену мүмкін емес.Мадияр ТӨЛЕУ