Түркиядағы өрт: қазақстандық тікұшақтар аттанды
Түркиядағы өрт: қазақстандық тікұшақтар аттанды
© коллаж: Әсел Балтақызы
315
оқылды

Қазақстан билігі Түркиядағы орман өртін сөндіруге жәрдемдеспекке бекінді. Сөйтіп, Түр­кияға 2 арнайы тікұшақ пен 16 құтқарушы жіберді. Осылайша, қазақстандық құтқару­шы­лар 22 жылдан соң шетелдегі төтенше жағдай зардабын жоюға аттанды.

Негізі, Қазақстан дүниенің түрлі аймағындағы төтенше оқи­ға­лардан зардап шеккендерге сан түрлі көмек жасап келеді. Алай­­да көбіне гуманитарлық кө­мек көр­сетумен шектеледі де, құт­қару­шы жасағын жөнелткені сирек. Бәлкім, содан да шығар, бауырлас елдерде қандай да бір табиғи не­месе техногенді апат бола қалған жағ­дайда әлеуметтік желі бел­сен­ділері «біз неге көмектеспейміз?» дей­тін сауал тастайтыны бар. Был­тыр күзде Түркияның Из­мирь қаласы төңірегінде зілзала бол­ған кезде де осы сауал қойыл­ған еді. Бәлкім, көпшіліктің мұн­дай сұрақ қоюына төтенше жағ­дай зардаптарын жоюға қатысқан шет­елдік, соның ішінде Ресей, Әзер­байжан тәрізді бізге етене та­ныс елдердің әрекеті әсер ете­тін тәрізді. Оның үстіне, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан мен Қыр­ғыз Республикасы десе, қа­зақ­тың елеңдеп тұратыны тағы бар. Интернетте тарайтын түрлі фото мен видеолардың да әсері аз емес. Сөйтсек, ағайынға қол ұшын созудың түрлі жолы болады екен.

Құтқарушылар алғаш рет Түркияға барған еді

Енді қазақстандық құтқарушылар мен өрт сөндіруші мамандардың шетелдерге көмекке қанша рет барғанына тоқталар болсақ, біздің мамандардың осы жолғы сапары ел тарихындағы екінші оқиға ғана. Алғашқысы 1999 жылы ұйымдастырылған еді. Сол кезде де құтқарушылар Түркияға аттанған. Гөлжүк зілзаласы деген атпен тарихта қалған жер сілкінісінен 17 мыңнан астам адам қаза тапқан болатын. Сол кезде қазақстандық құтқарушылар 1 баланы үйінділер астынан тірі шығарып, 57 адам­ның мәйітін тапқан еді. Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің ресми өкілі Талғат Уәли сол жылы құтқару­шылардың Түркия­да екі аптадан астам уақыт жұмыс істегенін айтқан еді. Қазақстан 1999 жылы 20 маман жіберіпті. Ал араға 22 жыл салып, қазақ­стан­дық құтқарушылар екінші рет шетелге кө­мекке аттанды. Бұл жолғы бағыт та Түр­кия. 16 адам 2 тікұшақпен кетті. Оларды өт­кен сенбіде Төтенше жағдайлар министр­лігінің бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев шығарып салды. Министрлік маман­дарының дерегіне қарағанда, екі тікұшақтың біреуі Алматыдан, екіншісі Нұр-Сұлтан қаласынан ұшып шыққан. ТЖМ ресми өкі­лі Талғат Уәлидің хабар­ла­уына қараған­да, құтқарушылар Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша атта­ныпты. «Қа­зақ­стан Президенті Қасым-Жо­март Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ҚР Тө­тенше жағдай­лар министрлігі суағар құ­рылғылары бар «Қазавиақұтқару» АҚ-ның Ми-8 АМТ екі тікұшағын және құра­мын­да 16 құтқарушы бар жедел тобын ор­ман өртін сөндіруге көмек көрсету үшін Түр­кия Республикасына жіберді», – деді Т.Уәли. Тікұшақтар үш мемлекетте аялдап, Түр­кияның Мұғла қаласына жетеді екен. Құтқарушылардың жұмысын Түркиядағы елшілік үйлестіретін көрінеді. Сөйтіп, қазақстандық мамандар Анадолыдағы орман өртін сөндіруге кіріспек.

Кеш аттандырған жоқпыз ба?

Сөздің ашығын айтар болсақ, Қазақ­станның Түркияға құтқарушылар аттан­дыруына қатысты түрлі сауал көп. Ең бас­тысы, «кеш аттандырған жоқпыз ба?» де­ген­ге саяды. Өйткені Түркиядағы өрт 28 шіл­деде басталған, ал қазақстандық құтқа­рушылар 7 тамызда аттанды. Әрине, Пре­зидент Қ.Тоқаев өрт басталғаннан кейінгі бірнеше күннің ішінде Түркия тарапына қол ұшын беруге әзір екенін білдірген. Бі­рақ біз нақты іс-әрекет жасамадық. Де­ген­мен құтқарушы жіберудің өзіндік талаптары мен ережелері бар екенін ұмытпаған абзал. Ең алдымен зардап шегуші тарап өтініш беруі керек. Егер ондай өтініш келіп түскен жағдайда халықаралық гуманитарлық кө­мек мәселелері жөніндегі үкіметтік комис­сия қарап, шешім қабылдауы тиіс. Демек, ТЖМ-ның өз бетінше әрекет етуге құқы жоқ. Бірақ «Қазавиақұтқару» мекемесіне тік­ұшақтар мен құралдарды жалға алу ту­ралы өтініш түссе, олардың әрекеті коммер­циялық негізде жүзеге асуы мүмкін. Әрі гуманитарлық көмек болып саналмайды. Бәлкім, содан да шығар, Түркия масс ме­диасында түркиялық қоғамдық ұйымдар­дың бірі Қазақстаннан тікұшақ жалдап ал­ғаны жайлы мәлімет тарады. Бірақ мәлі­меттің анық-қанығы белгілі емес. Түріктер тікұшақты Қазақстанда тіркелген кез кел­ген әуекомпанияның бірінен жалдап алған болуы мүмкін. Ал соңғы 2 тікұшақтың оған қатысы жоқ. Айтпақшы, Түркиядағы өртті сөндіруге ресми түрде техникалық көмек көрсеткен елдермен қатар ұшақтар мен тікұшақтарды жалдаған мемлекеттер де бар. Айталық, Ресейдің ТЖМ жіберген ұшақтарынан бө­лек жалға берілген техникасы да қызмет етіп жатыр. Түріктер Испания мен Израиль­ден де тікұшақ жалдапты. Демек, қиын-қыстау кезде техника жалдап алу қалыпты үрдіс деген сөз. Ал нақты көмектің көлеміне келер болсақ, 600-ден астам өрт сөндіруші жіберген Әзербайжан көш басында тұр. Олар өрт сөндіру техникасын да молынан аттандырды. Әрине, мұндай шараның тіке­лей апат зардабын жоюға септігін тигізуімен қатар, имидждік астары да бар екенін ұмыт­пау керек. Бұл ретте ресми Бакудің ұпайы түгел. Қазақстан болса апаттар кезінде имидж мәселесін ойлауды кейінге қал­дыр­ғанға ұқсайды. Бәлкім, дұрыс та шығар. Ал «кеш қалған жоқпыз ба?» дегенге келсек, «ештен кеш жақсы» деген бар. Әрі ор­ман өрті бірден сөне қалмайды. Аяқас­тынан қайта бұрқ ете түсуі мүмкін. Он шақ­ты күн ішінде Түркияның 47 елді меке­нінде 241 орман өрті тіркеліпті. Оның 235-ін бақылауға алудың сәті түскен. Мұндағы «бақылауға алу» дейтін сөздің «сөндірілді» деген ұғыммен синоним емес екенін ұмыт­паған дұрыс. «Бақылауға алу» деп әдетте өрттің жайылуын тежеп, өрт шығу ықтимал­дығын мейлінше азайтуды айтады. Демек, ол жерлерде әлі де біраз жұмыс бар. Түгел тексерілуі тиіс. Ал біздің тікұшақтар баратын Мұғланың 6 елді мекеніндегі өрт әлі күш бермей тұр. Сондықтан көмек қай уақытта жетсе де кеш емес. Әрі өрттен кейін орманды қалпына келтіруге қатысты тәжі­рибемен бөлісу, ағаш көшеттерін ұсыну тә­різді әдіс­термен де қолғабыс жасауға бо­лады. Демек, билікті біржақты жазғыру­дың қажеті жоқ. Айтпақшы, Түркиядағы өртті сөндіруге 15 ұшақ, 64 тікұшақ, 9 пилотсыз ұшатын құ­рылғы, 1 пилотсыз тікұшақ, 850 өрт сөн­ді­ру көлігі, 150 жүк көлігі, 5 мың 250 адам қатысыпты. Бұл деректерге қазақстандық 16 құтқарушы мен 2 тікұшақ қосылмаған.

15 жылда 110 миллион долларлық көмек бергенбіз

Қазақстан 2005 жылдан 2020 жылдың қыркүйегіне дейін әлемдегі 30 мемлекетке 110 миллион долларлық гуманитарлық көмек көрсетіпті. Өрт, топан су, зілзала тәрізді табиғи апаттан зардап шеккендерге, екі жылға жалғасқан пандемияның салда­рын жоюға көмек дейсіз бе, әйтеуір гумани­тарлық миссияның түрі көп. Әдетте Қазақ­стан көбіне азық-түлік, дәрі-дәрмек, киім-кешек, шатырлар, жанар-жағармай, құрылыс материалдарын гуманитарлық көмек ретінде аттандыратыны бар. Азды-көпті ақша берген сәттеріміз де болыпты. Айталық, біз сөз етіп отырған Түркияның Ван провинциясында 2011 жылы болған жер сілкінісінен соң Қазақстан 5 мың тонна ет консервісін, 12 тонна қарақұмық, 20 дана он кісілік жылы шатыр, 20 пеш, 200 көрпе, 1 тонна шай, 15 тонна макарон өнімін гу­манитарлық көмек ретінде жіберген. Қы­сыл­таяң күндерде мұның өзі үлкен жәрдем болары сөзсіз. Тіпті, ең маңызды көмек те осындай керек-жарақ жөнелту болуы ық­тимал. Өйткені апаттардан соң бұқараның паналайтын баспанасы, ішер асы болмай қалуы мүмкін. Сондай сәтте керек-жарақ­пен қамтамасыз еткен азбал. Тікелей апат салдарын жою, өрт сөндірумен айналысу мамандардың тәжірибе жинауы үшін қажет. Ал гуманитарлық көмектің кез келген түрі дипломатиялық амалдардың бір түрі саналатыны тағы бар. «Алмасаң бермесең...» дейтін мақалдағыдай амал бұл.

Ардақ СҰЛТАН