Қазақстан билігі Түркиядағы орман өртін сөндіруге жәрдемдеспекке бекінді. Сөйтіп, Түркияға 2 арнайы тікұшақ пен 16 құтқарушы жіберді. Осылайша, қазақстандық құтқарушылар 22 жылдан соң шетелдегі төтенше жағдай зардабын жоюға аттанды.
Негізі, Қазақстан дүниенің түрлі аймағындағы төтенше оқиғалардан зардап шеккендерге сан түрлі көмек жасап келеді. Алайда көбіне гуманитарлық көмек көрсетумен шектеледі де, құтқарушы жасағын жөнелткені сирек. Бәлкім, содан да шығар, бауырлас елдерде қандай да бір табиғи немесе техногенді апат бола қалған жағдайда әлеуметтік желі белсенділері «біз неге көмектеспейміз?» дейтін сауал тастайтыны бар. Былтыр күзде Түркияның Измирь қаласы төңірегінде зілзала болған кезде де осы сауал қойылған еді. Бәлкім, көпшіліктің мұндай сұрақ қоюына төтенше жағдай зардаптарын жоюға қатысқан шетелдік, соның ішінде Ресей, Әзербайжан тәрізді бізге етене таныс елдердің әрекеті әсер ететін тәрізді. Оның үстіне, Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан мен Қырғыз Республикасы десе, қазақтың елеңдеп тұратыны тағы бар. Интернетте тарайтын түрлі фото мен видеолардың да әсері аз емес. Сөйтсек, ағайынға қол ұшын созудың түрлі жолы болады екен.Құтқарушылар алғаш рет Түркияға барған еді
Енді қазақстандық құтқарушылар мен өрт сөндіруші мамандардың шетелдерге көмекке қанша рет барғанына тоқталар болсақ, біздің мамандардың осы жолғы сапары ел тарихындағы екінші оқиға ғана. Алғашқысы 1999 жылы ұйымдастырылған еді. Сол кезде де құтқарушылар Түркияға аттанған. Гөлжүк зілзаласы деген атпен тарихта қалған жер сілкінісінен 17 мыңнан астам адам қаза тапқан болатын. Сол кезде қазақстандық құтқарушылар 1 баланы үйінділер астынан тірі шығарып, 57 адамның мәйітін тапқан еді. Төтенше жағдайлар жөніндегі министрліктің ресми өкілі Талғат Уәли сол жылы құтқарушылардың Түркияда екі аптадан астам уақыт жұмыс істегенін айтқан еді. Қазақстан 1999 жылы 20 маман жіберіпті. Ал араға 22 жыл салып, қазақстандық құтқарушылар екінші рет шетелге көмекке аттанды. Бұл жолғы бағыт та Түркия. 16 адам 2 тікұшақпен кетті. Оларды өткен сенбіде Төтенше жағдайлар министрлігінің бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев шығарып салды. Министрлік мамандарының дерегіне қарағанда, екі тікұшақтың біреуі Алматыдан, екіншісі Нұр-Сұлтан қаласынан ұшып шыққан. ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәлидің хабарлауына қарағанда, құтқарушылар Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша аттаныпты. «Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі суағар құрылғылары бар «Қазавиақұтқару» АҚ-ның Ми-8 АМТ екі тікұшағын және құрамында 16 құтқарушы бар жедел тобын орман өртін сөндіруге көмек көрсету үшін Түркия Республикасына жіберді», – деді Т.Уәли. Тікұшақтар үш мемлекетте аялдап, Түркияның Мұғла қаласына жетеді екен. Құтқарушылардың жұмысын Түркиядағы елшілік үйлестіретін көрінеді. Сөйтіп, қазақстандық мамандар Анадолыдағы орман өртін сөндіруге кіріспек.Кеш аттандырған жоқпыз ба?
Сөздің ашығын айтар болсақ, Қазақстанның Түркияға құтқарушылар аттандыруына қатысты түрлі сауал көп. Ең бастысы, «кеш аттандырған жоқпыз ба?» дегенге саяды. Өйткені Түркиядағы өрт 28 шілдеде басталған, ал қазақстандық құтқарушылар 7 тамызда аттанды. Әрине, Президент Қ.Тоқаев өрт басталғаннан кейінгі бірнеше күннің ішінде Түркия тарапына қол ұшын беруге әзір екенін білдірген. Бірақ біз нақты іс-әрекет жасамадық. Дегенмен құтқарушы жіберудің өзіндік талаптары мен ережелері бар екенін ұмытпаған абзал. Ең алдымен зардап шегуші тарап өтініш беруі керек. Егер ондай өтініш келіп түскен жағдайда халықаралық гуманитарлық көмек мәселелері жөніндегі үкіметтік комиссия қарап, шешім қабылдауы тиіс. Демек, ТЖМ-ның өз бетінше әрекет етуге құқы жоқ. Бірақ «Қазавиақұтқару» мекемесіне тікұшақтар мен құралдарды жалға алу туралы өтініш түссе, олардың әрекеті коммерциялық негізде жүзеге асуы мүмкін. Әрі гуманитарлық көмек болып саналмайды. Бәлкім, содан да шығар, Түркия масс медиасында түркиялық қоғамдық ұйымдардың бірі Қазақстаннан тікұшақ жалдап алғаны жайлы мәлімет тарады. Бірақ мәліметтің анық-қанығы белгілі емес. Түріктер тікұшақты Қазақстанда тіркелген кез келген әуекомпанияның бірінен жалдап алған болуы мүмкін. Ал соңғы 2 тікұшақтың оған қатысы жоқ. Айтпақшы, Түркиядағы өртті сөндіруге ресми түрде техникалық көмек көрсеткен елдермен қатар ұшақтар мен тікұшақтарды жалдаған мемлекеттер де бар. Айталық, Ресейдің ТЖМ жіберген ұшақтарынан бөлек жалға берілген техникасы да қызмет етіп жатыр. Түріктер Испания мен Израильден де тікұшақ жалдапты. Демек, қиын-қыстау кезде техника жалдап алу қалыпты үрдіс деген сөз. Ал нақты көмектің көлеміне келер болсақ, 600-ден астам өрт сөндіруші жіберген Әзербайжан көш басында тұр. Олар өрт сөндіру техникасын да молынан аттандырды. Әрине, мұндай шараның тікелей апат зардабын жоюға септігін тигізуімен қатар, имидждік астары да бар екенін ұмытпау керек. Бұл ретте ресми Бакудің ұпайы түгел. Қазақстан болса апаттар кезінде имидж мәселесін ойлауды кейінге қалдырғанға ұқсайды. Бәлкім, дұрыс та шығар. Ал «кеш қалған жоқпыз ба?» дегенге келсек, «ештен кеш жақсы» деген бар. Әрі орман өрті бірден сөне қалмайды. Аяқастынан қайта бұрқ ете түсуі мүмкін. Он шақты күн ішінде Түркияның 47 елді мекенінде 241 орман өрті тіркеліпті. Оның 235-ін бақылауға алудың сәті түскен. Мұндағы «бақылауға алу» дейтін сөздің «сөндірілді» деген ұғыммен синоним емес екенін ұмытпаған дұрыс. «Бақылауға алу» деп әдетте өрттің жайылуын тежеп, өрт шығу ықтималдығын мейлінше азайтуды айтады. Демек, ол жерлерде әлі де біраз жұмыс бар. Түгел тексерілуі тиіс. Ал біздің тікұшақтар баратын Мұғланың 6 елді мекеніндегі өрт әлі күш бермей тұр. Сондықтан көмек қай уақытта жетсе де кеш емес. Әрі өрттен кейін орманды қалпына келтіруге қатысты тәжірибемен бөлісу, ағаш көшеттерін ұсыну тәрізді әдістермен де қолғабыс жасауға болады. Демек, билікті біржақты жазғырудың қажеті жоқ. Айтпақшы, Түркиядағы өртті сөндіруге 15 ұшақ, 64 тікұшақ, 9 пилотсыз ұшатын құрылғы, 1 пилотсыз тікұшақ, 850 өрт сөндіру көлігі, 150 жүк көлігі, 5 мың 250 адам қатысыпты. Бұл деректерге қазақстандық 16 құтқарушы мен 2 тікұшақ қосылмаған.15 жылда 110 миллион долларлық көмек бергенбіз
Қазақстан 2005 жылдан 2020 жылдың қыркүйегіне дейін әлемдегі 30 мемлекетке 110 миллион долларлық гуманитарлық көмек көрсетіпті. Өрт, топан су, зілзала тәрізді табиғи апаттан зардап шеккендерге, екі жылға жалғасқан пандемияның салдарын жоюға көмек дейсіз бе, әйтеуір гуманитарлық миссияның түрі көп. Әдетте Қазақстан көбіне азық-түлік, дәрі-дәрмек, киім-кешек, шатырлар, жанар-жағармай, құрылыс материалдарын гуманитарлық көмек ретінде аттандыратыны бар. Азды-көпті ақша берген сәттеріміз де болыпты. Айталық, біз сөз етіп отырған Түркияның Ван провинциясында 2011 жылы болған жер сілкінісінен соң Қазақстан 5 мың тонна ет консервісін, 12 тонна қарақұмық, 20 дана он кісілік жылы шатыр, 20 пеш, 200 көрпе, 1 тонна шай, 15 тонна макарон өнімін гуманитарлық көмек ретінде жіберген. Қысылтаяң күндерде мұның өзі үлкен жәрдем болары сөзсіз. Тіпті, ең маңызды көмек те осындай керек-жарақ жөнелту болуы ықтимал. Өйткені апаттардан соң бұқараның паналайтын баспанасы, ішер асы болмай қалуы мүмкін. Сондай сәтте керек-жарақпен қамтамасыз еткен азбал. Тікелей апат салдарын жою, өрт сөндірумен айналысу мамандардың тәжірибе жинауы үшін қажет. Ал гуманитарлық көмектің кез келген түрі дипломатиялық амалдардың бір түрі саналатыны тағы бар. «Алмасаң бермесең...» дейтін мақалдағыдай амал бұл.Ардақ СҰЛТАН