Алтынсыз, күміссіз Токио
Алтынсыз, күміссіз Токио
211
оқылды

Токио Олимпиадасы да мәресіне жетті. Еліміз қа­тысқан жетінші жазғы Олимпиада ойындары тұң­ғыш рет алтынсыз, күміссіз аяқталды. Сегіз қоланы қана­ғат тұттық. Дүбірлі додада Қазақ­станнан барған 93 саң­лақ 28 спорт түрі бойынша бақ сынады.

Айта кетейік, бұл – ел спортшы­ларының қатысуымен өткен жазғы Олимпиада ойындарындағы ең төменгі көрсеткіш. Қазақстан құра­ма­сы­ның бұған дейінгі Олим­пиададағы көрсеткішіне тоқталар болсақ, Атлантада (1996 жыл) – 3-4-4 (11), Сиднейде (2000 жыл) – 3-4-0 (7), Афинада (2004 жыл) – 1-4-3 (8), Бейжіңде (2008 жыл) – 2-3-4 (9), Лондонда (2012 жыл) – 3-1-7 (11), Рио-де-Жанейрода (2016 жыл) – 3-5-10 (18) жүлдеге ие болдық. Өкінішке қарай, Токиоға барған қазақстандық 9 боксшының еш­қайсысы финалға шыға алмады. Осылайша, 1996 жылдан бері қа­тыс­қан Олимпиада ойындарында бокстан алтынсыз қайтпаған бо­ксшы­­ларымыз тұңғыш рет ақтық сынға жетпей сүрінді. Олимпиада қорытындысы бо­йын­ша, медальдар есебінде АҚШ құрамасы 1-орын алды – аме­рикалықтар 113 медаль еншіледі. Бұған дейін көш бастап тұрған Қытай 2-орынға сырғыды – 88 медаль. Үздік үштікті Олимпиада қожайыны Жапония түйіндеді – 58 медаль. Қазақстан құрамасы медальдар есебінде Намибия мен Түрікмен­станды алға шығарып, сегіз жүлде­мен 83-орын алды. Көрші елдермен салыстырсақ, Ресей (20-28-23) 5-орынға тұрақтады. Ал 3 алтын мен 2 қола медаль еншілеген Өзбек­стан 32-орынға тұрақтады. Қырғыз елі  2 күміс, 1 қола жүлдемен 70-орын­ға жайғасты. Жарыстан соң спорт журна­листері­нің қойған сауалына грек-рим күресінен Қазақстан құрамасы­ның бас бапкері Бақтияр Байсейітов «жігіттерді бұл Олимпиадаға ба­бында апаруға маған уақыт жетпей қалды» деп ақталып, барлық жан­күйерлерден кешірім сұраған. Өзге де спорт  түрлерінен спортшыларды жарысқа апарған бірқатар бапкер­лер елге келген соң қателіктермен жұмыс істейтінін жеткізген. Олимпиада ойындарында қа­зақ­­стандық боксшылардың жеңілуі – көп елдер күтпеген тосын жағдай болғанын сөз еткен Delcotimes.com порталының редакторы Джек МакКаферри Қазақстан құрамасы Токиода бокстан басты фаворит­тердің бірі саналғанын айтады.
– Токиодағы Олимпиада ойын­дарында көпшілік күтпеген жағдай  көп тіркелді. Олимпиада ойындары­ның күміс жүлдегері Василий Ле­вит­тің испаниялық боксшыдан жеңілуі де, сонымен қатар қазақ­стан­­­дық бірнеше боксшының жарыс­ты ерте аяқтауы да кішігірім сенсацияға баланды. Менің білуім­ше, Қазақстан құрамасы әуесқойлар арасындағы кез келген бәсекеде  фавориттер қатарында жүретін еді. Бірақ осы Олимпиададағы көрсет­кіші өте нашар. Осындай төмен көрсеткішке не жағдай әсер еткенін нақты айта алмаймын. Мүмкін бапкерлер боксшыларды дұрыс дайындай алмаған шығар. Стра­тегия дұрыс таңдалмаған да болуы мүмкін. Бокс­шылар да уайымын жеңе алмауы ықтимал. Жалпы, фактор көп. Бірақ қазақстандық боксшы­лардың бұл нәтижесі көп маманды таңғалдырды, – дейді МакКафери.
Ал отандық спорт мамандары бұл сәтсіздікті көп жағдаймен байланыстырып отыр. Ислам Бай­рамуков спортшылардың оқу-жаттығу жиындарын өткізген Тал­ғардағы база мен Токионың теңіз деңгейінен 1 600 метр аралықта орналасқанын, спортшылардың да жарысқа ыңғайсыз уақытта аттан­ғанын тілге тиек етті.
– Жалпы,  спортшылар жарысқа барарда әр айдың 6,7,8-іне түсіп қалса спортшылардың басы ауырып, аяқ-қолы жұмыс істемей қалатын кездері көп болады. Спортта осындай күндерді есептеп отырған дұрыс. Біздің балуандардың жарыс кезінде сылбыр өнер көрсетуіне осы жағдай әсер етті деп ойлаймын. Алматы Токиоға теңіз деңгейінен 1 600 метр жерде орналасқан. Ал Оралмен арасы 34 метр.  Сондықтан біздің спортшы­ларға Оралда жаттығу жұмыстарын өткізетіндей жағдай жасау керек еді. Оны ешкім ескерген жоқ. Ал Ресей құрамасы соңғы жаттығуын Влади­востокта өткізді. Ол жердің уақыт белдеуі де Токиомен бір-біріне сәйкес келеді. Осындай жағдайды басты назарда ұстамағанымыз өкінішті. Бапкерлердің еңбегі 4 жылда өтетін жарыс кезінде зая кетті. Елге келген соң үлкен кеңес құру керек. Ғылыми түрде зерттеп, Ұлттық олимпиада комитеті бәрін қолға алып, кемшіліктерді талқылау керек, – дейді 2000 жылғы Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері.
Ал спорт журналисі Бек Төлеу спорт саласын қаржыландыру жүйе­сі өзгергенін, осы тұста көптеген қателікке жол берілгенін сөз етті.
– Елімізде көптеген спорт түрлері бойынша кадр, маман тапшылығы байқалады. Өйткені Кеңес Одағы тұсында жұмыс істеген азаматтардың көбі зейнет жасында. Олардың ізін басатын мамандар жоқтың қасы деуге болады. Әсіресе, бапкерлердің айлықтары, балалар спортын жаттықтырып жүрген мамандардың жалақысы төмен. Байқасаңыздар, Олимпиадада ең көп медаль беретін спорт түрі – жеңіл атлетика, суға жүзу. Ал бұл салаға бізде жеткілікті түрде көңіл бөлінбейді. Аталған спорт түрлері­нен Токиоға барған спортшылардың саны да өте аз. Енді мына қызыққа қараңыз, кедей деген Кения мен Ямайканың медаль саны көп. Өйткені спортшылары бір ғана жеңіл атлетикамен 5-6 алтын алып жатыр. Осыдан-ақ елімізде спорт саласының қай деңгейде екенін аңғаруға болады, – дейді ол.
Иә, Токио төрінен алтынсыз, күміссіз қайттық. Ұлттық құрама сапынан қола жүлдені боксшылар Сәкен Бибосынов пен Қамшыбек Қоңқабаев, ауыр атлеттер Игорь Сон мен Зульфия Чиншанло, дзюдо­шы Елдос Сметов, каратэ­шілер Дархан Асаділов пен Софья Берульцева және еркін күрес шебері Нұрислам Санаев иеленді. Қалай дегенмен де бұл дода қазақ спортын­да өзекті мәселелер бар екенін аңғарт­ты.  Ол мәселе алдағы уақыт­та екшеленіп, зерттеліп, тиісті ше­шім шығарылады деп үміттенеміз. Ал ел намысын абыроймен қорғаған 8 спортшыға айтар алғысымыз зор.

Абылайхан ЖҰМАШ