Болашақ офицерлер қайда оқып жүр?

Болашақ офицерлер қайда оқып жүр?

Бұрын әскери білім алушылар шекара асып, көрші Ресейге сандалатын. Сондықтан қазақ әскерлері көршіміздің әскери оқу-біліміне тәуелді болып келді. Бүгінде болашақ әскери қызметшілерді даярлайтын өзімізде де бірнеше оқу орны бар. Оның үстіне, қорғаныс саласына жауап беретін шенділер оқу орындары заманауи талаптарға жауап береді деп жиі айтады. Бірақ мектеп қабырғасынан бастап әскери өмірге бейімделген бүгінгі офицерлердің барлығы генерал болуға ниетті ме? Ал әскери қызметшілерге қыруар қаржы жұмсап, біліктілікті арттыру қорғанысымызды күшейтуге септігін тигізе ала ма?

 Қысқа мерзімде курсанттар оқытылды

Бұрын әскери білім алушылар шекара асып, шетелге сандалатын. Қазір әскери және азаматтық оқу орындарында даярламайтын ма­мандықтар бойынша ғана шетелге жіберіледі. Яғни, киберқауіпсіздік, гидрографика, әуе шабуылына қарсы күрес секілді өзімізде жоқ мамандықтарды әскерилер Ресей, Армения, Беларусь, Түркия, АҚШ, Үндістан, Пәкістан, Корея, ҚХР, Ұлыбритания, Франция, Италия елдерінде оқып, білімін тереңдете алады.  Тәуелсіздік ал­ғалы елімізде әскери білім беру жүйесін дамытуға барынша көңіл бөлініп келеді. Бүгінде «Жас ұлан» республикалық мектебі мен  Ш.Уәлиханов атында­ғы кадет кор­пусынан бөлек, қорға­ныс саласына қажетті әскери ма­ман­дарды оқы­татын үш негізгі әске­ри институт, сонымен бірге офи­церлердің бі­лік­тілігін артты­руға арналған Тұң­ғыш Президент – Елбасы атын­дағы ҰҚУ бар. Бұдан басқа, жыл сайын әскери қызмет­шілер Ре­сейдің оқу орындарында тәжіри­бесін шыңдайды. Қарулы Күштердің қалыптасу кезеңінде Алматыдағы жалпы әскери жоғары командалық учи­лищеде 4 мамандық бойынша офи­церлер даярлана бастады. Қыс­қа мерзімде қажетті оқу-мате­риалдық база қалыптастырылып, 11 әскери мамандық бойынша кур­санттарды оқыту жүзеге асы­рылды. Ал  Ақтөбедегі Азаматтық авиация институтының базасында тәуелсіз Қазақстанның әскери ұшқыштарын дайындау қолға алынды. Бірер жылдан кейін елі­мізде жоғары білікті әскери ма­ман­дар даярлайтын оқу орындары қалыптасты. Бүгінде Құрлық әскер­лерінің Әскери институты, Радиоэлектроника және байланыс Әскери-инженерлік институты, Т.Я.Бегельдинов атындағы ӘҚК Әскери институтында жоғары білімді кадрлар даярланады. Алғашқы жылдары әскери бөлімшелердегі жетіспейтін кіші офицерлер құрамын 3 айдан 9 ай мерзімге дейін оқытатын кіші лейтенанттар даярлайтын курс­тардың түлектерімен толтыруға тура келген. Ол уақытта қысқамер­зімді курстарға әскер қатарында тәжірибе жинаған прапорщиктер мен сержанттарды арнайы жолда­мамен жіберіп отырды. Уақыт тығыздығынан туындаған бұл қа­дам тиісті нәтиже берді де. Сол жылдары әскери оқу орындарында білім алғандар қазақ әскерінің қалыптасуына еңбек сіңіріп, қиын-қыстау кезінде де ұлттың келешегіне жұмыс істей білді. Ең­бектері ақталып, иықтағы погон­дары да өсті. Ал өз қолымыз өз аузы­мызға жеткенде әскери қызмет­керлердің анттарына адал бола алмауына  не кедергі?

Комиссия шешіміне көңілі толмайтындар бар

Тұңғыш Президент – Елбасы атындағы ҰҚУ 1997 жылы «Алма­ты» жоғары әскери училище ба­засында құрылған. Университет ашылғалы бері 2 000-нан астам әскери қыз­метші білім алды, оның ішінде Ұжымдық қауіпсіздік келісімі ұйымының 105 әскери қызметшісі бар. Қазір оқу орнында әскери кадрлар даярлау бойынша 10 факультет және 27 кафедра жұмыс істейді. Университет бастығының бірінші орынбасары Амангелді Тоғысовтың айтуынша, оқуға жо­ғары білімі бар әскери қызмет­шілер, атап айтқанда  ба­тальон командирлерінің орын­басары, оларға тең және одан жоғары  лауазымдарда қызмет өткергеніне 2 жылдан кем емес офицерлер қабылданады. Сондай-ақ Қор­ғаныс министрлігінен ғана емес, басқа да әскери құры­лымдардың қызметшілері оқуға түседі. Оқу бітірген соң олар бас­шылық лауа­зымдарға тағайын­далады. «Ма­гистратура бойынша стратегиялық, жедел-страте­гия­лық және жедел-тактикалық буын­дарды басқару әскери кадр­лары, ал докторан­турада жоғары білікті ғылыми және педаго­ги­калық мамандар даяр­ланады. Біздің міндет – әс­кери мамандарды қайта даярлау және біліктілігін арттыру. Сондай-ақ іргелі және қолданбалы  әскери ғылыми-зерттеулер жүргізу. Әс­керилер заманға сай біліктілігін арттырып, қызмет сатысында өсу үшін оқу орны беретін мүмкіндік мол», – дейді Амангелді Тоғысов. Әскери оқу орындарында грант деген ұғым болмайды. Себебі бұл жерде оқу тегін. Биыл уни­вер­ситетке оқуға түсуге келген 400-ден астам үміткерге 166 орын бө­лін­ген. Бұл былтырмен салыс­ты­р­ғанда 10%-ға жоғары. Үміткерлер денешынықтыру дайындығынан жас топтарына сәйкес үш жаттығу бойынша емтихан тапсырады. Майор мен полковник арасында жас ерекшелігі бар. Сол үшін майор 35 жаста болса, бел темірде 10 рет тартылу керек, ал полковник 50 жаста болса оған тек 6 рет қана тартылу жеткілікті. Университет басшылығы, ко­миссия мүшелері де емтихан әділ өтетінін айтады. Десе де, комиссия шешіміне көңілі толмайтындар бар. «Биыл 3 адам апелляциялық комиссияға өтініш берді. Орташа алғанда оқуға түсушілердің 1 па­йызы ғана шағымданады», – дейді Амангелді Тоғысов.

Жауапкершілік жоқ

Экс-депутат әрі генерал-лей­те­нант Абай Тасболатов қызмет етудің қиындығын сылтаурататын сарбаздардың әрекетін сынға алды. Бір жағынан әскерилердің қызметте тұрақтап қалмауына тұрмыстың қамы әсер ететінін де тілге тиек еткен ол: «Көбісі орта­лыққа келгісі келеді. Қазір қандай қызмет болмасын, неғұрлым ақ­шасы көп жерге қашады. Коман­дирлермен көп кездесемін, сол кезде дені ҰҚК, шекара қызметіне барғысы келетіндерін жасыр­май­ды. Бірақ жақсыны іздеп жүріп, жұмыссыз қалғанда қорғаныс саласына қайтып келеді. Мұндай келеңсіздіктер біздің кезімізде де болмады емес, болды. Бірақ ол кезде себепсіз қызметтен кеткен­дерді жауапкершілікке тартатын. Ал қазір жауапкершілік жоқ. Бұ­рын келісімшарт 25 жылға бері­летін, қазір әр 10 жыл сайын келі­сімшартқа отырады. Уақыты бітсе, кетіп қалады. Оларды қинап ұстап отыруға тағы болмайды», – дейді. Сондай-ақ Абай Бөлекбайұлы Партиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары ретінде Қарулы Күштердегі әскери оқу орындарында тамыр-таныс іздеп, туысқандарды түгендеп кету ту­ралы әңгіменің негізсіз екенін  жет­кізді. Егер әскери оқу орын­дарында қандай да бір заңсыздық болып жатса, бақылау комитетіне жүгінуге болатынын айтады. Ай­туынша, осы күнге дейін келген арыздар бойынша қызметінен не­гізсіз қуылғандардың шағымы тиіс­ті деңгейде қаралып, жұмы­сына қайтарылған.

Ұлттық кадр даярлау кемшін

Запастағы подполковник Сән­дібай Күмісбеков әскери ма­мандардың қызметтен кетуін ұлт­тық кадр даярлауда кенже қа­лып жатқанымызбен байланыс­ты­рады. «Әскери кадрларды даярлай­тын оқу орындары жетерлік. Оқып жатқандардың 99 пайызы қазақ. Бірақ оқыту барысы орыс тілінде жүреді. Қазақша оқулық жоқ.  Ақша бөлініп жатыр, мүмкіндік те бар. Бар оқулықты қазақ тіліне аударуға бас ауыртып жатқандары шамалы. Отанға қызмет ету өз тіліне құрметпен қараудан бас­та­лады. Ұлттық рухты оятудың басты құралы осы», – дейді Сәндібай Сайлаубайұлы. Ал ҰҚУ-нің Бас штаб академиясында былтыр ге­нералдарды, әскери басшыларды оқытуға бөлінген он орынға про­курорлар мен судьялар оқыған. Осылай деген Сәндібай Күміс­беков «қорғаныс саласы былыққа батса, қорғанысымыз әлсірейді» деген пікірін білдірді.

Жадыра МҮСІЛІМ