Елімізді қара алтынмен бірге қара уылдырығымен тамсандырып, әлемге әйгілі еткен балық саласының бүгінгі ахуалы оншалықты жақсы емес. Жайық өзенінің тартылуы, балықтардың тағылықпен аулануы, уылдырық шашатын жерде су болмай, жағаға шығып қалуы әрі белгісіз себептермен уланып жатқаны – ең үлкен күрделі мәселеге айналды. Балықты сақтаудың бір ғана жолы бар, ол – уылдырықтан шабақ өсіріп, су айдынына жіберу.
Балық шаруашылығы саласында қызмет ететін мамандар уылдырықтан шабақ өсіріп, жыл сайын Жайық өзені мен Каспий теңізіне жібереді. Екі зауыттан кем дегенде 7 миллион шабақ жіберіледі. Жуырда екі зауыт дәстүрлі түрде мәпелеп өсірген шабақтарын Жайық өзеніне жіберді. Дегенмен зауыттардың жайы мәз емес. Ел Үкіметі қазірден назар аудармаса, зауыттардың жұмысы тоқтап қалуы мүмкін екенін мамандар айтып жатыр. Оған не себеп? Айталық, «Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауытының» жобасын 1979 жылы КСРО Балық шаруашылығы министрлігіне қарасты «Гидробалықжоба» институтының Астрахан бөлімі жасаған болатын. Нысанның құрылысын 1985 жылы Жайық өзеніне тасталып отырған зиянды заттардан келетін шығынды өтеу үшін Орынбор гелий зауыты бастаған. Ол 1998 жылы пайдалануға берілді (ҚР Үкіметінің 1998 жылғы 16 қыркүйектегі №909 қаулысы). Кәсіпорынның қызметі – Жайық-Каспий бассейнінде бекіре балығының түрлерін қолдан өсіру және шабағын шығару. Яғни, «Орман ресурстарын және жануарлар әлемін басқару, сақталуын қамтамасыз ету және дамыту» бюджеттік бағдарламасы аясында құнды балық түрлерін көбейтуді көздейтін мемлекеттік тапсырыстарды орындаумен айналысады. Жобалық қуаты – жылына 3,5 млн дана бекіре тұқымдас балықтың (бекіре, ақсерке, шоқыр, қортпа, сүйрік) шабағын өсіру. Зауытта 94 адам жұмыс істейді. «Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауытының» директоры Ғилман Сәрсемалиевтің айтуынша, зауытта жаңғырту жұмыстары жүргізілмеген. Бар болғаны өңірдегі ірі кәсіпорындардың демеушілігімен зауыттағы құрылғыларды ішінара жаңарту жұмыстары жүргізілген. Ал 2010 жылы уылдырықтан 20-25 грамм шабақ өсіріп, өзенге жіберіп, тарихи оқиғаға куә еткен «Атырау бекіре балығын өсіру зауыты» РМҚК-нің жағдайы тіпті ауыр. Аталмыш зауыт 1998 жылы Жайық өзенінің атырабында компенсациялық нысан ретінде салынып, пайдалануға берілген. 2007 жылғы 26 ақпандағы №144 қаулыға сәйкес «Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауыты» РМҚК-ге қосылып, қайта құрылған.Жөндеу көрмеген зауыттар
Үкіметтің 2011 жылғы 1 қарашадағы №1252 қаулысымен «Жайық-Атырау бекіре балық өсіру зауыты» бөлек еншісін алады да, «Атырау бекіре балық өсіру зауыты» қайта құрылады. Кәсіпорынның қызметі – бекіре балығын өсіру және оның шабақтарын Жайық-Каспий бассейніндегі су қоймаларына жіберу. «Атырау бекіре балық өсіру зауыты» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының негізгі міндеті – мемлекеттік тапсырыс аясында бекіре тұқымдас балықтардың шабағын өсіріп, Жайық өзеніне жіберу.Кәсіпорындағы қондырғылардың бәрі тозып, әупірімдеп жұмыс істеп тұр. Зауыт басшылығын да, мамандарды да толғандыратын мәселе – тоғандарға су жеткізетін 4 сорғының әбден ескіруі. Үздіксіз 8 сағат су айдайтын техника қазір бар-жоғы 3 сағат ғана жұмыс істейді.
«Атырау бекіре балық өсіру зауытының» жобалық қуаты жылына бекіре тұқымдас балық түрлерінің салмағы 3 грамдық 3,5 млн данасын өсіруге жетеді. Брендке айналған бекіре балығын өсіретін зауыттың күйі адам аярлық жағдайда. Зауыт ашылғалы бірде-бір рет жөнделмеген. Кәсіпорындағы қондырғылардың бәрі тозып, әупірімдеп жұмыс істеп тұр. Зауыт басшылығын да, мамандарды да толғандыратын мәселе – тоғандарға су жеткізетін 4 сорғының әбден ескіруі. Үздіксіз 8 сағат су айдайтын техника қазір бар-жоғы 3 сағат ғана жұмыс істейді. «Атырау бекіре балық өсіру зауытының» директоры Рашиден Қалидуллиннің айтуынша, тоғандарға су жеткізетін сорғылар алғашқы қалпындағыдай су сора алмайды. Себебі жаңарту жасалмағаннан кейін қоңдырғы өзінің күшін азайта береді. Қоңдырғыны қайта-қайта жөндеуден өткізу сөзсіз шығынға әкелуде. Тозығы жеткен сүзгілер мен тоғандардың, су көліктерінің де жағдайы мәз емес. Бес жыл сайын жөнделуі тиіс кемелердің бірде-бірі жаңартылмаған. Үшеуі істен шыққан. Тиісінше, мұның өзі еңбек өнімділігін арттыруға кедергі болуда. «Атырау бекіре балық өсіру зауытының» цех меңгерушісі Г.Шайдуллинаның айтуынша, тоғандар мен сүзгілердің тозығы жеткендіктен, балықтарға жақсы кислород келмейді. Өз ісінің шеберлері тозығы жеткен зауытқа қарамастан, биыл да мемлекеттік тапсырысты артығымен орындады. 3 млн 500 мыңнан астам шоқыр балығының 8-9 грамм шабақтарын Жайық өзеніне жіберді. Қосымша табиғат пайдаланушыларға 13,7 грамм салмақты шабақтар жіберілді. Егер кәсіпорын бастан-аяқ жөнделсе, қызметкерлер шабақ қорын молайтып, рекордтық көрсеткішке жетуді көздейді.Бекірені сақтап қалды
Бекіре тұқымдас балықтардың су айдынынан жойылып кетпеуіне «Атырау бекіре балық өсіру зауыты» РМҚК-ның балық өсірушілерінің еңбегі орасан. Айталық, 2010 жылы Атырауда еліміз бойынша балық шаруашылығында бұрын-соңды болмаған тәжірибе өз нәтижесін берді. Бекіре өсіру мамандарының қол жеткізген осы табыстары балық өнеркәсібі туралы тарих парағына ерекше айшықталып жазылып қалды. «Атырау бекіре балық өсіру зауыты» РМҚК мамандары шабақтарды өзенге жіберу маусымын сол жылы кешіктіргенімен, бұрынғы 3 грамдық шабақтардың салмағын 20-25 грамға жеткізді. Ал салмағы әжептәуір шабақтың ұзындығы 22 см жетіп қалған. Қазір ауланған балықтарды зауытта арнаулы сканер арқылы тексеру жүргізілуде. Теңізге жіберілген «құжатталған» шабақтарға қайта келер болса, мамандар оның 2010 жылдан бері қанша салмақ жиғанын, дене бітімі қаншалықты өзгергенін, оның қай жерде ауға түскені туралы барлық ақпаратты жинақтап, сақтайтын болады.P.S. Жылда Атырау, Маңғыстау облыстарында көктем мен күзде «Бекіре» шарасы өтеді. Одан бөлек, тағылықпен ауланатын балықтардың дені – бекіре тұқымдас балықтар. Соған қарамастан жергілікті балық шаруашылығы мамандарының бекіре тұқымдас балықтарды сақтаудағы еңбегі ерен. Қазір Жайық өзенінің жағдайы аянышты жағдайда. Өзен суының таяздануы жалғаса берсе, шабақтарды өсірудің маңызы бола қояр ма екен? Бәлкім, екі зауытты жаңғыртудан өткізбеудің салдары келешекте шабақтарды өсіруге бөлінетін лимиттің тоқтауына әкеп соқпай ма? Біздің қауіп – осы.
Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы