Елде кадр тапшы
Елде кадр тапшы
© коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов
370
оқылды

Адами капитал – ел экономика­сының теңдессіз ресурсы. Мемле­кеттің заманауи талаптарға сай дамуы оның адамдарының біліктілігімен тікелей байланысты. Бірақ елі­мізде соңғы уақытта байқалып отырған кадр тапшылығы, оның ішінде білікті мамандардың жетіспеушілігі Қазақстанның жаһандық нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін нығайта түсуге кедергі келтіріп отыр. Соңғы мәліметтерге қарасақ, елімізде, әсіресе дәрігерлер мен инженерлер жетіспейді.

Алшақтық  59%

Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министр­лігіне қарасты «Еңбек ре­сурс­­тарын дамыту орталығы» АҚ тарат­қан мәлімет бойынша, шілде айында элек­тронды еңбек биржасында 81,7 мың бос жұмыс орны мен 47,9 мың резюме ор­на­ластырылған. Мұндағы сұраныс пен ұсыныстың арасындағы алшақтық 59%-ды құрап отыр. Мұндай статистиканың еліміздегі еңбек нарығын сараптауға үлкен көмегі бар. Әйтсе де, бұл цифрлар осының алдындағы маусым айымен са­лыс­тырғанда азайған. Сол кездегі көр­сет­кіштерден кадрларға сұраныс, яғни бос жұмыс орындары 15%-ға, ал ұсыныс, яғни резюмелер саны 3%-ға төмендеген. Жыл басынан бергі биржадағы үлкен сұранысқа ие мамандықтардың ішінде ме­ди­цина, білім беру, құрылыс, инже­нерия және сауда саласы мамандарының үлесі басым. «Әсіресе, медицина кадрларына де­ген қажеттілік елде өте жоғары деңгейде қа­лып отыр. Мысалы, маусым айында ден­саулық сақтау саласының қызмет­керлері үшін 30 мыңға жуық бос жұмыс орны тіркелді, ал түйіндемелер саны небәрі 561 дананы құрады. Айырма­шылық  50 есе. Бір жағынан бұл эпидеми­ологиялық жағдайға байланысты дәрі­гер­лерге деген сұраныстың едәуір артуы­мен байланысты. Екінші жағынан Қа­зақ­станда медицина қызметкерлерінің тап­шылығы қанша­лықты зор екені кө­рініп тұр» делінген орталық таратқан ақ­паратта. Резюмелердің санына қарап шілде айында кіші медициналық қызметкерлер мен мектеп оқытушылары арасында жұ­мыс іздеуде белсенділіктің артқанын байқауға болады. Мәселен, бір ай ішінде биржада фельдшерлердің резюмесінің саны 421-ге, мейіргерлердікі 237-ге, бас­тауыш сынып, шет тілі, дене­шынықтыру пәні мұғалімдерінің резюмесі сәйкесінше 283, 271 және 266 данаға көбейген. Медицина қызметкерлерінің арасындағы мұн­дай тенденцияны пандемия кезін­дегі жұмыстың қиындығымен түсіндіруге болса, педагог қызметкерлердің белсен­ді­лігін жаңа оқу жылының жақын­дауы­мен байланыстыруға болады. «Сондай-ақ Қазақстан негізінен құ­ры­­лыс және өнеркәсіптік секторлар үшін қажетті жоғары сыныпты инженерлердің тап­шылығын көріп отыр. Бұл жылдан-жылға Қазақстанға осы мамандық бо­йын­­ша шетелдік қызметкерлердің көбі­рек тар­тылатынын дәлелдеп тұрғандай.  Мы­салы, өткен жылы шетелдерден 2,3 мың инженер және 1,7 мыңға жуық түрлі тех­ник пен механик келген. Ал цифрлан­дыру және технологияларды дамыту дә­уірінде тиісінше IT саласындағы ма­ман­дарға да сұраныс артып келеді. Тек элек­тронды еңбек биржасы алаңында жыл басынан бері осы салада 3 мыңға жуық бос жұмыс орны жарияланды», – дейді ЕРДО баспасөз қызметі. Өңірлер бойынша айтар болсақ, атал­ған кезеңде Түркістан (+33%), Ақмола (+20%), Атырау (+7%) облыстарында  бос жұ­мыс орындарының саны өскен. Қазақстанда кадрлар тапшылығын тө­мен­дету үшін 2017-2021 жылдарға ар­нал­ған «Еңбек» мемлекеттік бағдар­лама­сы жұмыс істейді. Оның аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту қарастырылған. Сонымен қатар халықаралық және қа­зақ­­стандық білім беру алаңдарында тегін онлайн оқыту мүмкіндігі пайда бол­ды. Айта кетер жайт, жұмыс күші артық өңір­лерден жұмыс күші тапшы өңірлерге қо­ныс аудару бағдарламасы да жұмыс іс­теп тұр.

Біліктілік пен құзырет кемшін

Елімізде кадр тапшылығымен қатар олардың сапасы да алаңдаушылық туды­рып отыр. Сарапшылар қазақстан­дық мамандардың құзыреті мен біліктілігі кемшін екенін айтады. Оның бір себебі  – білім беру бағдарламаларының зама­науи талаптарға сәйкес келмейтіні. «2025 жылға дейінгі еңбек нарығын дамыту тұжырымдамасында» бұл мәселе қарас­тырыл­ғанымен, оқыту мекемелерінің әзірге әдістемесін өзгертуге құлық таны­тып отырғандары аз. Сонымен бірге еңбек нарығында «тех­никалық машықтардың өзектілігі» деген ұғым бар. Бүгінде олардың мерзімі қысқарып келеді. Мәселен, бұрын техникалық жоғары кәсіби білім алған маман біліктілігін арттырмай-ақ 10 жыл­ға дейін жұмыс істей беретін болса, қа­зір­гі технологиялық прогресс уақытында мұндай «машық өзектілігі» тек екі-ақ жыл­ға  жететін болып жүр. Соның өзінде  Қазақстанда  жұмыс істейтін техникалық мамандардың кәсіби оқудан немесе жал­пы білім беру курстарынан тек 4-5%-ы ғана өтеді. Мұндай жағдайға алып келетін тағы бір жайт, талапкерлердің үштен екісі гуманитарлық мамандықтарды таңдай­ды. Ал еңбек нарығында техникалық ма­ман­дықтар үлкен сұранысқа ие. Со­ның нәтижесіндей бүгінде түлектердің 82%-ы немесе 371 мың адам мамандығы бойынша жұмыс таба алмай жүр. Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігі жұмыс берушілердің аға буын өкілдерін жұмысқа алудағы және жұмыста жүргендерін ұзақ ұстаудағы құлықсыздығына алаңдап отыр. Біздің еліміздегі еңбекақы көлемінің еңбек өтіліне байлаулы болуы, олардың зейнет­керлікке шыққанға дейін-ақ жұмысқа қабілеті баяулайтынына қарамастан, өзгелерден көбірек айлық алатын жағ­дай­ға әкеліп отыр. Оның үстіне, аға буын өкілдерінің еңбек өнімділігі төмен болып келеді де, өзекті машығы болмаған­дықтан, бизнестің өзгеріп тұратын талап­тарына қиын бейімделеді. «Жоғары білікті кадрлардың тапшы­лығы Қазақстанның технологиялық прог­ресін қамтамасыз ете алатын және экономикалық өсуге ықпал ететін жаңа­шыл идеялар мен инновацияларды туғы­зу мүмкіндігін төмендетіп отыр. Егер ин­женерлер мен техникалық мамандар­дың жетіспеушілігі ғылыми-техникалық прогрестің баяулауына әкелсе, мұғалім­дер мен дәрігерлердің жетіспеушілігі білім беру сапасына және халыққа меди­циналық көмек көрсетуге кері әсер ете­ді», – дейді ЕРДО мамандары. Сондай-ақ Қазақстан жыл сайынғы таланттардың жаһандық бәсекеге қабі­леттілігінің рейтингінде жағдайын на­шар­латып алды. 2013 жылғы 46- орыннан 2020 жылы 54-орынға сырғып отыр. Рейтингте барлығы 132 ел бар. Ал халық­тың ересек бөлігінің сауаттылығын анық­тау үшін 2018 жылы жүргізілген PIAAC зерттеуінде Қазақстан Эко­номика­лық әріптестік және даму ұйымы (ОЭСР) бойынша көрсеткіші орташадан ана­ғұрлым төмен елдердің тобына кірді. Бұл зерттеуде еліміз сауатты оқудан 249 балл, математикалық білімнен 247 балл алған. Бұл посткеңестік елдерден де тө­мен: Эстония (276/273), Литва (267/267) және Ресей (275/270).

Нұрлан ҚОСАЙ