Жетісулық құрылысшылар биылғы кәсіби мерекені де толайым табыспен қарсы алды. Соңғы жылдары Алматы облысындағы құрылыс саласы өңір экономикасындағы жетекші әрі дамыған салалардың біріне айналды. Облыста жыл сайын жаңа әлеуметтік маңызы бар нысандар, тұрғын үйлер көптеп салынуда. Соған сай өңірдің келбеті өзгеруде, барлық жерде халықтың тұрмыс жағдайы жақсарып, жыл сайын мыңдаған отбасы қоныс тойын атап өтуде. Облыс орталығы Талдықорған қаласы соңғы он жылда адам танымастай болып өзгерді. Қаланың әр тарапындағы бос жерлерде сәулетті де дәулетті қалашықтар бой көтерді.
Өңір басшысы Амандық Баталов өзі де білікті құрылысшы болғандықтан, құрылыс саласына көп көңіл бөледі. Соңғы бірнеше жылда облыста қалалар мен аудандар бөлінісінде жаңа шағынаудандар, тұрғын үй алаптары, аса маңызды әлеуметтік және экономикалық нысандар тұрғызылуда. Облыс орталығының өзінде ғана осы бағытта аса ауқымды жұмыстар атқарылды. Соңғы бес жылда облыс орталығында бұрын-соңды болмаған құрылыс қарқыны байқалды. Олардың арасында студенттерге арналған жатақханалар, заманауи драма театр, көрме орталығы, жүзу бассейні, жаңа шағынаудандар, көпсалалы аурухана, жастарға қызмет көрсету орталығы, музыка мектебі, жалпы орта білім беру мекемелері, сұлу субұрқақтар мен тағы да басқалары бар. Әр нысан өзінің ерекше сәулетімен айшықталады. Олардың бірі – жүзіп келе жатқан алып балықты көзге елестетін олимпиадалық типтегі жабық жүзу бассейні. Әлемдік стандартқа сай олимпиадалық бассейн қаланың оңтүстік-батыс тұрғын алабында орналасқан. Жоба мемлекеттік-жекеменшіктік әріптестік аясында жүзеге асырылыпты. Жабық бассейннің жалпы ауданы – 13 мың шаршы метр. Әлемдік талапқа жауап беретін 3 бассейні бар. Ең үлкенінің ұзындығы – 52 метр, ені – 25 метр. Амфитеатр түріндегі мінбелерден 500-ден астам адам спорттық сайыстарды тамашалай алады. Талдықорғанға Алматыдан келетін күрежолдың бойында салынған коттедж қалашығында 2019 жылдан бастап 35 мың шаршы метрден астам тұрғын үй тұрғызылды. Осы жобаны іске асырудың арқасында 400-ден астам отбасы көптен күткен баспанаға ие болды. Бірінші кезекте тұрғын үй кілттерін халықтың әлеуметтік осал топтары алды. Болашақта қалашықта мектеп, балабақша, аллеялар, сауда орталықтары салынады. Көпқабатты үйлердің құрылысы да қарқынды. Облыс орталығының оңтүстік-батыс алабында 30 үй тұрғызылуда. Олардың қатарында көп бөлікті, әртүрлі биіктіктегі кешендер мен әкімшілік ғимараттары бар. – Мемлекеттік бағдарламаларды сәтті жүзеге асырудың арқасында біздің өңірде экономика нығайып, инфрақұрылым жақсарып, қалалар мен ауылдардың өмір сүру деңгейі мен келбетін барынша арттыратын жаңа әлеуметтік және мәдени нысандар пайда болады, – дейді Талдықорған тұрғыны Бану Ибрагимова. Биыл елорда күніне орай Алматы облысында 200 отбасы пәтер кілтін алды. Тек облыс орталығында емес, Қапшағай қаласында, Еңбекшіқазақ, Іле аудандарында да қоныс тойы болды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Жамбыл ауданында амбулатория, Іле ауданында мектеп ашылып, Текелі қаласында қонақүй кешені іске қосылды. Жалпы, Алматы облысы республика бойынша тұрғын үй құрылысы көрсеткіштері бойынша көш бастап тұр. Тек өткен жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша облыста 957,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Тұрғын үйге қатысты мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру барысында 2 396 отбасы баспаналы болды. Егер осы қарқын сақталса, 2025 жылға дейінгі жоспар бойынша облыста 5,4 млн шаршы метр тұрғын үй салынады. Оның ішінде «Нұрлы жер» аясында 1,1 млн шаршы метр баспана тұрғызылса, коммерциялық бағытта 58 мың пәтерлік көпқабатты үй салу жоспарланған. Бұлардың 5 мыңы «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылады. Ойға алғандар орындалса, төрт жылдан кейін облыс бойынша әлеуметтік осал топтардағы 3 мың азамат пен 5,5 мыңға жуық көпбалалы отбасы баспанамен қамтамасыз етіледі. Өңірде спорт нысандарын іске қосу да ұмыт қалмайды. Барлық аудан-қалаларда үлкен немесе шағын денешынықтыру-сауықтыру кешендері пайдалануға берілуде. Облыстағы елді мекендерде жаңа көшелер бой түзеп, аулалар абаттандырылуда, саябақтар мен саяжолдар жабдықталып, көгалдандырылуда, инфрақұрылым барынша нығайтылып, жаңа балабақшалар, мектептер мен ауруханалар салынуда.Болат АБАҒАН, Алматы облысы