Солтүстік Қазақстанда сиырды қаққан көлік жүргізушісі жауапкершілікке тартылды
Солтүстік Қазақстанда сиырды қаққан көлік жүргізушісі жауапкершілікке тартылды
©inform.kz
110
оқылды

Солтүстік Қазақстан облысында малы жолға шығып кеткен ауыл тұрғыны емес, бұл жолы жануарды қаққан көлік жүргізушісі айыппұл төледі.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 11 тамыз күні Мамлют ауданының полиция бөліміне «Мамлютка-Қостанай» жолында сағат 9.30 шамасында жол-көлік оқиғасы болғаны жөнінде хабарлама түскен. Мамлютка қаласының маңында 1997 жылы туған жігіт Mitsubishi L200 автокөлігімен сиырды қағып кеткен.

Полицейлер жол-көлік оқиғасының «Мал айдау» жол белгісінің аумағында болғанын анықтады. Сиырға да, жүргізушіге де, автокөлікке де зақым келмеген. Медициналық куәландыру жүргізушінің ішімдік ішпегенін көрсетті. Оған қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 620-бабы «Жол жүрісіне қатысушыларға қойылатын өзге де талаптарды бұзу» бойынша хаттама толтырылды. Сиырдың иесі жүргізушіге кінәрат-талабы болмады. Жыл басынан СҚО-да малды көлік қағып кетуіне қатысты екінші жағдай. Алғашқысы қаңтар айында Тайынша ауданында тіркелген. Жалпы жеті айда өңір жолдарында 97 жол-көлік оқиғасы тіркелді. 17 адам мерт болып, 123 адам жарақат алды.