2026 жылғы футболдан әлем чемпионаты тарихтағы ең ауқымды әрі ең табысты турнир ретінде аяқталды. Финалда Испания Аргентинаны қосымша уақытта 1:0 есебімен жеңіп, әлем чемпионы атанды.
FIFA әлем чемпионатынан 9 миллиард доллар табыс тапты
Джанни Инфантиноның мақсаты – әлем чемпионатын жаһандық спорт индустриясындағы ең ірі коммерциялық өнімге айналдыру. Фото southdelhi.com сайтынан алынды. Авторлығы: AP / Evan Vucci
187
оқылды

CNBC телеарнасы таратқан хабарламаның негізінде Aikyn.kz футболдан әлем чемпионатының тағы бір қорытындысын талдайды.

Биылғы футболдан әлемдік додада Испания чемпионы атанса да, басты жеңімпаз FIFA болды. Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) турнирден 9 млрд доллардан астам табыс тауып, әлемдік спорт тарихындағы ең қымбат жарысты өткізді. Бұл жетістікке FIFA президенті Джанни Инфантино жүргізген кеңейту стратегиясы ықпал етті. Биыл алғаш рет әлем чемпионатына 48 құрама қатысты. Матчтар саны 64-тен 104-ке дейін көбейді. Нәтижесінде телехабар тарату құқықтары, билет сатылымы және демеушілік келісімдер айтарлықтай өсті.

Football Benchmark сарапшыларының мәліметінше, топтық кезеңдегі стадиондардың толуы 99%-ға жеткен. Сарапшылардың айтуынша, жанкүйерлер билет бағасының жоғары болуына қарамастан матчтарға үлкен қызығушылық танытқан.

Турнир барысында алғаш рет финалдық матчтың үзілісінде музыкалық шоу ұйымдастырылып, Мадонна, Джастин Бибер, BTS және Шакира өнер көрсетті. Бұл шоу көрермендердің бір бөлігінің сынына ұшырағанымен, FIFA үшін турнирдің коммерциялық тартымдылығын өсірді.

Сарапшылардың пікірінше, Инфантиноның мақсаты – әлем чемпионатын жаһандық спорт индустриясындағы ең ірі коммерциялық өнімге айналдыру. Ол 2030 жылғы әлем чемпионатына қатысушылар санын 64 командаға дейін жеткізу мүмкіндігін қарастырып жатқанын мәлімдеді.

Ливерпуль университетінің футбол қаржысы жөніндегі сарапшысы Киран Магуайрдың айтуынша, бұл шешім әлемнің әлдеқайда көп еліне әлем чемпионатына қатысуға жол ашады. Мүмкін Қазақ Елінің құрамасы да 2030 жылғы әлем чемпионатына қатысуға жолдама алар.FIFA турнирден түскен қаржының едәуір бөлігін футбол инфрақұрылымын дамытуға қайта инвестициялайды. FIFA Forward 4.0 бағдарламасы аясында 2027-2030 жылдары ұйымның 211 мүшесіне 2,7 млрд доллар бөлінеді.

2030 жылғы әлем чемпионаты бұдан да ауқымды болмақ. Оның басты себебі – чемпионат алғашқы рет бірден 6 мемлекетте ұйымдастырылады. Негізгі қожайындар Испания, Португалия және Марокко болса, алғашқы әлем чемпионатының 100 жылдығына орай, ең алғашқы 3 ойын Оңтүстік Американың үш елінде өтеді: Уругвай, Аргентина және Парагвай. 

Турнирдің 100 жылдығына арналған жарысқа FIFA 6 млрд долларлық бюджет жоспарлап отыр. Ұйымның бағалауынша, бұл чемпионат телехабар таратушылар мен жаһандық демеушілер үшін бұрынғыдан да тартымды жобаға айналады.

2026 жылғы әлем чемпионаты футболдың тек спорт қана емес, миллиардтаған доллар айналымы бар жаһандық экономикалық индустрияға айналғанын тағы бір рет дәлелдеді.