Алматы қаласынан Талдықорғанға апаратын күре жолдың бойында тұрғызылады деген GATE CITY серіктес қаласының аумағында жаңа тұрғын үй кешендері салына бастайды. Бұл туралы облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовтың BI Group холдингінің өкілдерімен кездесуі кезінде айтылды.
Іскерлік кездесуде осы құрылыс мәселесіне қатысты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Екіжақты келісім кезінде Лаззат Махатұлы GATE CITY аумағындағы тұрғын үй кешендері құрылысының жобасы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде жүзеге асырылатынын айтты. Мұнда тұрғын үйлермен қатар адамдардың тұрмысына қажетті әлеуметтік нысандар да тұрғызылады. – Өздеріңізге белгілі, GATE CITY Алматы–Өскемен республикалық жолының бойында Алматы мен Қапшағай аралығында орналасады. Жобаның басты мақсаты – заманауи құрылымдық «ақылды» қала құру, бизнесті дамытуға, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға жан-жақты мүмкіндік жасау, Алматы мегаполисінің маңынан жаңа «ақылды» қала салу. Жобаны облыс әкімінің өзі ерекше бақылауға алып отыр, – деді Лаззат Махатұлы. Жоба әкімшісі «Жетісу» ӘКК ӨДИ» АҚ мәліметіне қарағанда, бұған дейін «Жетісу» ӘКК алаңында холдинг өкілдерімен бірнеше рет кездесу өткізіліп, жер телімдерін бөлу, жобаның экономикалық және техникалық негіздемелері жайлы талқылау болған. – Бұл меморандум бірлескен жұмыстың басталғанын айғақтайды. Енді жобалау, эскиздер дайындау қарекеті басталады. Арнайы бөлінген 100 гектардан астам жерге 590 мың шаршы метр тұрғын үй, үш мектеп, бірнеше балабақша, дәрігерлік амбулатория және басқа да нысан салу жоспарланған. Сол сияқты саябақтар мен скверлер жасалады, – деді BI Development Almaty компаниясының бас директоры Айдос Мұқатаев меморандумға қол қою кезінде. БАКАД автожолының оңтүстігінде, Іле ауданы аумағында орналасатын GATE CITY серіктес қаласы инфрақұрылымы дамыған, қаржы-іскерлік, білім және ғылыми-медициналық орталық, өнеркәсіптік және сауда-логистикалық хаб болады деп жоспарланып отыр.Болат АБАҒАН, Алматы облысы