Тұрғын үй кешені құрылысы тоқтатылды
Тұрғын үй кешені құрылысы тоқтатылды
210
оқылды

Алматы белсенділері қала орта­лығын­да тұрғын үй кешендерін көптеп салуға қарсы. Олар экологиялық жағынан сын көтермейтін қаланың тынысы бей-берекет салынып жатқан көпқабатты үйлердің салдарынан одан бетер тарыла түсетінін айтып дабыл қағуда. Қала тұрғындары бұл мәселені шаһар әкімінің есеп беру жиынында да көтеріп, бірнеше құрылыс нысаны мәселенің мән-жайын анықтау үшін уақытша тоқтатылған.

Қолда бар деректерге қараған­да, енді алматылықтарды маза­лаған тағы екі құрылыс нысаны тоқтатылды. Оның бірі – ел арасында «плодик» аталып кет­кен бұ­рынғы Алматы жеміс консервілеу за­уыты орнына салынуға тиіс тұрғын үй кешені болса, екіншісі – Самал-3 ықшамауданындағы тұрғын үй кешені. Алматы қалалық жоспарлау және урбанис­тика басқарма­сының мәлі­метінше, құрылыс компаниясы жаңа жоба жасап, ұсынуы тиіс. Онда қалалық ин­женерлік жүйе жұмыстары да ескерілуі керек. Жоба барлық сараптаудан, оның ішінде қоғамдық тыңдаудан да өтеді. Сон­дай-ақ жобада әлеуметтік нысандар, атап айтқанда жалпы білім беретін мекеме мен мектеп­ке дейінгі білім беру нысандары да назардан тыс қалмауы тиіс. Осы талаптар орындалмаған жағ­дайда көрсетілген ау­дандағы «человейник» аталып кеткен құ­ры­лыс нысанына рұқсат етіл­мейді. Белсенділердің ақпара­тына қарағанда, әу баста бұл ке­шенде 57 он жеті қабаттық тұрғын үй салу жоспарланған. Facebook-тегі «Алматыны құт­қарамыз» парақшасында «Ақылға қонымсыз құры­лысқа рұқсат беру арқылы шенеуніктер, өкінішке қарай, аудан, тіпті қалада эко­логиялық және транспорттық инфра­құрылымға кері әсер ететінін ойлап отыр­ған жоқ. Тығыз салынған биік үйлер таудан келетін самалдың алдын бөгейді. Сондай-ақ төтенше жағдай болса тұрғындарды құтқаруға қиындық тудырады», – дейді. Белсенділер бұрынғы комбинат аумағында тұтас тұрғын үй кешені салынуына түбе­гейлі қарсы. Оның бір бөлігін саяжайға айналдыруды ұсынады. 2008 жылғы бас жоспарда бұл орынға тек 17 үй тұрғызып, қалған бөлігін жасыл желекпен қамту жоспарланған. 2016-2017 жылдары жоспарға өзгеріс енгізіліп, құрылысқа басымдық берілген. KEGOС компаниясының бұ­рынғы басшысы және энергетик Әсет Наурызбаев «Біреулердің ойланбай айтқан бастамасы қала инфра­құрылымына сөзбен айтып жеткізе алмайтын салмақ салғалы отыр. Ауа ағынын жауып, үлкен тығын қалып­тастырады. Бұл әлемдегі халық тығыздығы жағы­нан ең төмен деңгейдегі Қазақ­стан үшін ақылға қонымсыз бастама», – дейді. Сондай-ақ ол АҚШ, Германиядағы осындай жағдайға мысал келтіреді. «Біздің жағдайымызда әрбір биік ғимарат ауа ағынын бәсең­детеді. Тау жақ­тан келетін цир­куляция лас ауаны тазар­тып үлгермейді. Жылу ағыны тау басын­дағы қарға дейін жеткен, жаз айларында шыңдағы қарлар­дың азайғанын аңғаруға болады», – дейді ол. Құрылыс жүргізуге ынталы RAMS компа­ниясы қала белсен­ділерінің жанай­қайын жауап­сыз қалдырған жоқ. Жан­досов пен Кекілбаев көшелері қиылысын­дағы бұрынғы Алматы жеміс консервілеу зауыты орнына ра­сын­да да тұрғын үй кешені бой көтеретінін растады. Ал­ма­ты­лықтар ТК бой көтеретін аумақ­тың көле­мінен де шатаспапты. Барлығы – 13,5 гек­тар. Дегенмен құрылыс компаниясы да, әкімдік өкілдері де бұл жерде қанша үй салынатынын нақты айтпай отыр. Жобада 3 гектар аумақ, яғни жалпы құрылыс алаңының 25 пайызы көгалдандыру үшін бөлінетіні көрсетілген. Сондай-ақ аумақта ойын алаңдары мен дамыту орталықтары, басқа да қажет­тіліктерге 3 гектар бөлінеді. RAMS өкілдері көпқабатты үйлер қала эко­логиясына залалын тигізеді деп ойла­майды. Олар ТК орналасуы ауа айналымы­на кері әсер етпейтініне сенімді. Алайда таяуда өткен Алма­тыны дамыту туралы кеңесте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қала орталығына зәулім үйлер емес, саябақтар қажет екенін тағы да ескертті. «Алматы маңында толық­қанды жасыл белдеу құру үшін жыл сайын­ғы көшет қажеттілігі – 250 мың дана. Қаланы көгалдандыру мәселесін назардан тыс қалдыру­ға болмайды. Ғылыми көзқарас, кәсібилік, тұрғындардың жай­лы­­лығы және қаланың үйлесімді дамуы басты назарда болуы тиіс. Біз Алматыға «жасыл қала» беделін қайтаруға міндет­тіміз», – деді ол. Осы мәлім­деменің әсері болды ма, көп ұзамай алма­тылықтарды алаңдатып отырған құрылыстың тоқ­та­тыла­тыны туралы хабар тарады.

ГүлнарГүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ