Алматы облысында жастардың әрбір жарқын ісіне жан-жақты қолдау көрсетіледі. Олардың жақсы бастамалары ешқашан жарты жолда қалмайды. Дарындылардың мүмкіндігін ел алдында паш етуге де қажетті жағдай қарастырылған.
Былтыр Junior Eurovision – 2020 байқауында жерлесіміз Қарақат Башанова ІІ орынды иеленді. Биыл Витебскіде болған «Славянский базар» халықаралық фестивалінің Гран-при жүлдесін жерлесіміз, әнші Рухия Байдүкенова жеңіп алды. Токиода өткен Олимпиада ойындарында ел намысын қорғап, қола жүлдегер атанған ауыр атлет Игорь Сон 2015 жылы Жетісу төрінде өткен Алматы облысы әкімінің «Көшбасшы» жастар сыйлығының «Үздік жас спортшы» аталымында топ жарса, грек-рим күресінен Азия чемпионы атанған Демеу Жадыраев 2017 жылы «Үздік жас спортшы» аталымында жеңіске жеткен еді. Талдықорғандағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12- сынып оқушысы Сезім Ертаңатов әлем бойынша бақ сынаған 55 мың үміткердің ішінен топ жарып, Гарвард университетінің оқу грантына ие болғанын да мақтанышпен айтуға болады. Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы білімді де, білгір жастардың қолында. Жетісулық жастарымыздың жеткен жетістіктері мұнымен шектелмейді. Алдағы жылдарға артып отырған үмітіміз де үлкен. Өйткені жоғарыда айтқанымыздай, облыста болам деген жасқа қажетті қолдаудың барлығы көрсетіледі. Облыс әкімінің бастамасымен аудандарда жастарға қызмет көрсету орталықтарына арналған мекемелер бой көтеріп, болашақта ауылдардағы дарынды, білімді жастардың алдынан даңғыл жол ашылады. Алматы облысының аудандық және қалалық мәслихаттарында 65, облыстық мәслихатта 6 жас депутат бар. Соның нәтижесінде жастармен тұрақты түрде байланыс жасап, түйткілді мәселелерінің шешімін табуға үлес қосатын «Облыстық жас депутаттар» лигасы құрылды. Облыс аумағында жұмыс жүргізетін балалар үйінің саны біршама азайғанымен әлі күнге дейін бірнеше мекеме осы іспен айналысып келеді. Еліміз егемендік алғаннан күні бүгінге дейін өңіріміздегі балалар үйлерінен 1 541 түлек үлкен өмірге жолдама алған. Олармен тығыз байланыста болып, қоғамда өз орнын табуға, тұлғалық дамуына қолдау көрсету өзекті мәселелердің бірі екені анық. Соған сай осы мақсатта «Алматы облысының балалар үйі түлектерінің» қауымдастығы құрылған. Қауымдастық мақсаты – балалар үйіндегі және одан кейінгі өмірін бақылауда ұстау, балалар үйінен шыққан түлектерді жұмыспен қамту және психологиялық қолдау көрсету. Жастардың бос уақытын тиімді үйлестіру, маргинал және NEET санатындағылармен жұмыс жүргізу және жастарды әлеуметтендіру бағытына негізделген Namys жобасы аясында танымал спортшылармен кездесулер, шеберлік сағаттары ұйымдастырылды. Шараға маргинал, девиантты, жұмыссыз жастар және қандастар қатысты. «Жетісу Жайдарман» лигасы облыс аумағында 7 000 жасты қамтып, әр аймақтағы көңілді тапқырлардың басын қосты. Нәтижесінде, республикалық лигаларда шамамен 30 команда өнер көрсетеді деп болжап отырмыз. Президенттің биылғы 5 қаңтардағы «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласы аясында «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тағайындау туралы» қаулы қабылданды. Жоба аясында мемлекет тарапынан түрлі саладағы дарынды жастарға гранттар тағайындалады. Осынау игі іс облысымызда да жарасымды жалғасып, бірнеше жоба қолға алынды. Соның бірі – «Жас ғалым» жобасы өңір жастарының ғылыми әлеуетін арттыруға, жас кәсіпкерлердің тұлғалық және кәсіби дамуына септігін тигізеді. Ғылыми жобалардың байқауына Алматы облысындағы ғылыми танымы мен қызығушылығы бар кез келген жас қатыса алады. Ал «Жас талант» өнер байқауы өңірдегі шығармашыл жастарды іріктеп қана қоймай, түрлі мәдени бағыттарға қызығушылығы барларын қолдау арқылы, оң қоғамдық пікір қалыптастыруға үлес қосады. Биылғы пандемия уақытындағы ауыртпалықтарға қарамастан, жұмыла жұмыс істеген ерікті жастарды да айрықша айта кеткен жөн. Олар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көтерген «Қайырымды істер» марафонын барынша қолдап, орындалуына үлес қосып жатыр. Талдықорғандағы Жастарға қызмет көрсету орталығында «Мейірімді Жетісу» облыстық фронт-кеңсесі ресми түрде ашылып, азаматтарды еріктілер қатарына тарту, көмекке мұқтаж жандарға әлеуметтік көмек көрсету мақсатында жұмыстар атқарылып жатыр. Аудан-қалалардағы фронт-кеңселердің қызметкерлері еріктілер қатарын нығайту үшін белсенді үгіт-насихат қызметін жүргізеді. Облысымыздағы еріктілер жұдырықтай жұмылып, демеушілерді тарту арқылы 30 000-нан астам отбасына әртүрлі көмек көрсетті, 100 000-нан астам бетперде таратты, 9 000-ға жуық қайырымдылық акциясын ұйымдастырды. Ортақ іске мүмкіндіктерінше үлес қосқан облысымыздың белсенді 15 еріктісі Президент Қ.Тоқаевтың «Халық алғысы» медалімен марапатталды. Жыл басынан бері еріктілер ұйымының саны көбейіп, 95 бірлікке жетті, 7 мың ерікті тіркелді (2021 жыл басында 36 ұйым, 4012 ерікті). Жастардың бастамаларын қолдауға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс көлемі 2 есеге арттырылып, биыл 76 млн теңге бөлінді. Мемлекет басшысы айқындаған еріктіліктің жеті бағыты және «Қайырымды істер марафоны» аясында облыста 1 216 акция өткізілді. Мұқтаж болған 75 отбасы баспаналы болып, 9 мың отбасына 170 млн теңгеге азық-түлік себеттері таратылды. «Біргеміз: Таза әлем» жобасы аясында 50 мың адамның қатысуымен 134 экологиялық акция ұйымдастырылып, 41,8 мың түп ағаш отырғызылды. «Egov – жаршысы» жобасы аясында 100 ерікті өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштарында тұрғындарға қызмет атқарды. Шілде айының 9-11 күндері Қапшағай қаласындағы «Балдәурен» оқыту-сауықтыру орталығында «Қайырымды істер марафоны» жалпыұлттық жобасы аясында ASYL JUREK ең үздік волонтерлік топтар көшбасшыларының дәстүрлі республикалық слеті ұйымдастырылды. Бұл істердің барлығы жастардың әлеуетін көтеруге, бастамаларын дамытуға және жаңа бағыттарға жол сілтеуге арналады.Елдар САПАРОВ, Алматы облысы Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы