Ең төменгі жалақы көлемі бойынша әлемнің 56 мемлекеті қатысқан рейтингте Қазақстан 37 400 теңге көрсеткішпен соңғы орындардың бірін иеленді. Өйткені айлығы шайлығына жетпейтіндер бар. Осыдан екі жыл бұрын ресми түрде ең төменгі жалақыны Жамбыл облысындағы архив қызметкерлері алған.
Қазақ «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» деуші еді, бірақ бұл мақал бізге емес, өркениеті жоғары басқа елдерге арналған. Бізде жұмыс істеп жүріп те тақыр кедей болуға болады. Ресми статистика бойынша, дәл қазір Қазақстандағы орташа жалақы – 242 542 теңге. Бірақ мұндай жалақыны халықтың қанша пайызы алады, мәселе сонда?! Шындығында, халықтың 80 пайызы үшін «орта жалақы» – қолжетпес арман. Біз Ұлттық статистика бюросының өкілдеріне де, тиісті министрліктерге де «орта жалақыны халықтың қаншасы алатынын неге көрсетпейсіздер?» деген сұрақты талай қойдық. Бірақ ылғи «әлемдік тәжірибе солай» деген жауап аламыз. Бірақ біздің құзырлы органдар өркениетті елдерде байлар мен қара халықтың табысының айырмашылығы 2-3 пайыздан аспайтынын ескермейді. Мәселен, ол айырмашылық Еуропаның көптеген мемлекеттерінде 2-4 есе болса, Литвада – 4,4 есе, РФ-да – 5,1 есе. Ал Қазақстанда 10 есе және одан да жоғары. Яғни, 100 теңге алатын жүз қаратабан мен 100 млн теңге алатын «жарты патшаның» айлық табысын қоса есептегенде орташа табыс 1 млн теңге болады, біздегі орташа айлық осылай есептеледі. Осы мысалдан-ақ Қазақстандағы орташа айлықты есептеу жүйесі әділетсіз екенін көруге болады. Ал расында біздегі қатардағы жұмысшы қауымының табысы түкке тұрмайтынын төмендегі мысалдан көруге болады.Жұрттың тапқаны тамақтан артылмайды
Қазақстанда ең төменгі айлық көлемі – 42 500 теңге, одан алынатын салықтарды есептегенде қолға тиетіні – 37 400 теңге. БҰҰ нормативі бойынша, ең төменгі жалақы сағатына 3$-дан кем болмауы тиіс. Яғни, ең аз айлық жалақы 740$-ға тең болуы керек. Тіпті, шығыс аймақтарында соғыс болып жатқан Украинаның өзінде соңғы 5 жылда ең төмеңгі айлық 4 есе өсіп, бүгінде біздің ақшамен шаққанда 100 000 теңгеден асып отыр. Energyprom.kz рейтингіне қарасақ, Қазақстандағы орташа айлық жалақыға тек ортанқол 5 жұп Nike кроссовкаларын сатып алуға болады. Бұл көрсеткіш бойынша біз әлемдегі 107 елдің ішінде 78-орында тұрмыз. Рейтингте Швейцария бірінші орында. Онда орташа жалақыға 50 жұп, ал АҚШ-та 46 жұп аяқкиім келеді. Бір жылдың ішінде әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түліктің 7-уінің бағасы 20 пайызға, жалпылама алғанда 11 пайызға өсті. Инфляция 7,9 пайызды көрсетті. Бұл ресми статистика, ал шынайы жағдай одан әлдеқайда сорақы екенін өздеріңіз де біліп отырсыздар. Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетовтің айтуынша, егер 2006 жылы отбасылық бюджеттің тек 10 пайызы азық-түлікке жұмсалса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 50 пайыз болған.Жұмысшылар аз жалақының өзіне зәру
Жалақының аздығы жарты қайғы, кейбір жұмысшылар осы аз айлықтың өзін ала алмай жүр. 2020 жылдың қорытындысы бойынша елде кәсіпорындардың жұмысшылары алдындағы қарызы 1 млрд теңгеден асқан. Кейінгі жарты жылда осыған орай жер-жерде ереуілдер де болып өтті. 2020 жылы желтоқсанда Алматыдағы элиталы тұрғын үй кешенін салған жұмысшылар жарты жылдан бері жалақы алмағандықтан ереуілге шықты. Олардың араларында көпбалалы аналар да бар. Ал 2021 жылы 18 қаңтарында Атырау облысының Қарабатан елді мекенінде Gruppo RF Kazakhstan компаниясынан жалақыларын ала алмай жүрген жұмысшылар көтерілді.Кей салаларда еңбекақы көлемі ұлғайды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Nur Otan» партиясының XX съезінде Денсаулық сақтау саласы қызметкерлерін қолдау туралы айтты. «Жаңа жаһандық сын-қатерлерді ескере отырып, білім беруге, ғылымға, денсаулық сақтауға, мәдениет пен спортқа арналған шығыстар ұлғайтылатын болады. Бұл – адами капиталға, еліміздің болашағына арналған стратегиялық инвестиция. Денсаулық сақтауды қаржыландыру көлемі ЖІӨ-нің кемінде 5 пайызына тең. Мүмкін болатын жаңа індеттерге дайын болу керек», – деді Президент. Президенттің айтуынша, дәрігерлердің жалақысы 2023 жылға қарай 2,5 есе өсетін болды. Сонымен қатар балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт үйірмелерінің жаттықтырушылары мен мұғалімдердің жалақысын көтеруді тапсырды. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев экономика дамыса, жұмыс орындары көбейсе, халықтың табысы да өседі дегенді естіртті. Осыған орай шілде айынан бастап мемлекеттік қызметшілердің жалақысын салалық жіктелуге қарай 30-150 пайызға өсті. Әсіресе, ауыл мен аудандарда жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбекақысы көтерілді. «Бүгінде еңбекақы төлеу жүйесінде жалақының көлемі жағынан орталық пен аудандардың арасында теңгерімсіздік бар. Ол орташа есеппен 70 пайыз. Еңбекақы кестесі лауазымдар иерархиясына негізделген. Сол себепті төменгі деңгейде жұмыс істейтіндер аз ақша алады. Ал мемлекеттік органның дәрежесі жоғары болған сайын еңбекақы да көбейеді», – дейді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департамент директоры Жарқын Тілеукенов. Оның сөзіне қарағанда, жаңа жүйеде иерархия көп ескерілмейді. Енді жалақы төлегенде лауазымның мазмұнына, қызметтің күрделілігіне мән беріледі. «Жаңа жүйеде қызметкердің өкілеттілік пен жауапкершілік ауқымы ескеріледі. Сөйтіп, қазіргі басшылық пен қатардағы қызметкерлер арасындағы теңгерімсіздік 70 пайыздан 10 пайызға дейін төмендейді. Жалақы көлемі, әсіресе ауылдар мен аудандарда көп өсіріледі. Ірі қалалардағы еңбекақыға аса көп үстеме қосылмайды», – дейді Ж.Тілеукенов.Дәулет АСАУ