Жалақының аздығына наразы
Жалақының аздығына наразы
299
оқылды

Кейінгі кезде жұмысшылар жиі ереуілге шығып жүр. Талаптары орынды: жалақыны жоғарылатуды, тұрмысты түзеуді, қалыпты әрі қауіпсіз еңбек жағдайын жасауды сұрайды. Сонымен бірге әлем­ді пандемия мен дағда­рыс қысқан, ішкі-сыртқы на­рық­та баға құлдыраған заманда жұмыс берушілердің де әлеу­ет-мүмкіндіктері шектеулі, адымдары тұсаулы. Дегенмен әртүрлі кәсіп иелерінің наразылық білдіріп, көшеге шығуы тыйылар емес. Бұл ненің белгісі? Алмағайып шақ­ты пайдаланып, доқ көрсету ме, әлде ахуалы нашарлаған жұмыс­шылардың төзімі таусылды ма? Бәл­кім, елдегі қым­батшылық жұрт­шылықты ығыр еткен болар.

Мұнайшыны неге мұң басты?

Сарапшылардың айтуынша, ереуіл өткізу – демократиялық елдерде қабыл­данған үйреншікті құбылыс. Әйтсе де, басшылыққа қарсы шығу – еріккеннің ермегі емес, басты бәйгеге тігу. Оның ақы­ры қандай нәтиже әкелетіні бей­мәлім. «Ақырып теңдік сұра­ған», өз құқығын қорғаған ереуіл­шілердің бір тобы ақы­рында діт­теген мақсатына жетсе, тағы бір тобы жұмыссыз қалады. Биыл 8 ақпанда Ақтөбе облы­сындағы «Жаңажол» кен орнында қарсылық шарасын өткізген мұ­най-сервистік компанияның кей­бір жұмысшысы осы жағдайды кеш­ті, отбасын асырап отырған жалғыз табыс көзінен айырылды. Олар жұ­мыс­тың адам төзбес ауыр­лығына ша­ғым­данды: жүк көлік­терінен, вагондардан зілбатпан жүктерді таситын олар белі қайы­сып, кейде аяқтары жүруден қала­тын кездер болған. Соған қарсы шы­ғып, 15 күндік ауысым үшін төленетін жалақыны 55 мыңнан 100 мың теңгеге дейін көтеруді та­лап етті. Әйтпесе, еңбекақы азық-түлікке де жетпей қалатын көрі­неді. Жұмыс берушінің реакциясы қалай болды? Мұнайшыларға қызмет көрсететін «Биккор» клин­инг компаниясы әлгі іс-шараға қатысқан оннан астам жұмысшы­сын қызметінен қуды. Бірақ компания директоры Гүлшара Итбаева ақпарат құралдарына түсініктемесінде экс-жұмыс­шы­ларының бұл сөзін жоққа шы­ғарды. Олардан керісінше ауысым­ды аяқтап барып кетуді өтінгенін, алайда олар өз еркімен жұмыстан шыққанын алға тартты. Сондай-ақ қалған жұмысшылардың жалақы­сын көтеруге уәде етті. Жалпы, биыл мұнайлы өңір­ле­рімізде бірнеше мұнай және мұ­най-сервистік компания жұмыс­шылары наразылығын ашық біл­діріп, журналистерді жинады. Соның ішінде Қытайдың «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясына қарасты «KMK Мұнай» және «АМК Мұнай» кәсіпорындарының жүздеген жұмысшысы өз басшы­лары жалақыны көтеруге келіскен соң, ереуілін тоқтатты. «Сағыз Петролеум» компа­ниясының 200-дей мұнайшысы да жалақының азды­ғына риза емесін жария түрде білдірген. Олар мұ­найшылар көп жалақы алады деген ұғымның қазір шындыққа жанас­пайтынын, өздері 90-160 мың тең­ге ғана алатынын жеткізді. Ком­пания жалақы көтеру мәселесін қарастырып жатқанын хабарлаған.

Ереуілді өркениетті өткізуге болады

Нұр-Сұлтан қаласында кран­шылар ереуілдеген болатын. Олар­дың жалақысы мұнайшыларға қарағанда тәуір деседі: жарты мил­лионға дейін айлық алатыны ха­барланды. Ал олар оны азсынады, инфляцияны ескере отырып, 800 мың теңгеге дейін көтеруді талап етті. Өзге талаптары арасында кран­шылар үшін зейнетақы жасын ерлерге – 60 жас, әйелдерге 58 жас­қа дейін төмендету, штатқа алып, ресми түрде еңбек келісімшартына отырып, барлық әлеуметтік төлем­дер­ді төлеу, арнайы киіммен жаб­дықтау, еңбек шарттарын жақсарту, жұмыстың қауіптілігіне қарай 1,5 еселік коэффициент бойынша үс­темеақы төлеу болды. Ереуілшілер тікелей Елбасыға жүгініп, араша сұрап, үндеу жолдады. Бұл наразылық шарасы өзге ереуіл­дерден ерекшеленді. Бірін­шіден, олар көшені не жолды жауып, өзге адамдарға кедергі кел­тір­меді, өз акцияларын «Жерұйық» паркінде өткізді. Екіншіден, жұ­мысты тастап кетпей, жұмыс кү­ні­нің аяғында, жұмыстан соң жи­налған. Үшіншіден, оған бір емес, бірден бірнеше құрылыс ком­па­ния­сының жұмысшылары қатыс­ты. Сондықтан сарапшылар бұл істі тып-тыныш қана үйлестірген, әртүрлі ұжымдарды аралап, нара­зылыққа қаты­сатын краншыларды таба алған, нақты ұсынысты әзір­леп, бірлесе жариялауға қол жет­кіз­ген ұйымдастырушылар болуы мүмкін деген байлам айтты. Төр­тіншіден, билікті босқа айыптамау, істі саяси­ландырмау, сонымен бірге Елбасыны арқа тұту арқа­сында краншылар жеңіске жетті. Олардың талаптары орындалып, жалақы­лары өсірілген. Бесіншіден, краншы­лардың талаптары сауатты құрылды: олар оны техникалық жай-жапсармен нақты­лап, техни­калық қауіпсіздік талаптарымен, заң нормаларымен бекітті. Тағы бір назар аударар жайт, ереуілшілер өз ісіне кәсіп­одақтарды араластыр­мады. Олардың істі шешу орнына созбалаңға салып жібере­тінін тү­сінсе керек. Елордалық краншылар өркениетті ереуіл өткізудің өзіндік үлгісін көрсетті. Осыдан кейін кран басқару­шылары­ның ереуілдері Алматыда, Түркістанда, Ақтөбеде, Көк­шетауда жалғасты. Астана­дан айыр­машылығы сол, өзге қалалар­да ереуілшілер наразылығы ретінде жұмыс­тарын уақытша тоқтатқан. Оның нендей нәтиже бергені белгісіз.

Дәрігер неге қорғансыз?

Екі жылдан бері жаһандық ін­детпен күрестің алдыңғы шебінде жүр­ген меди­цина қызметкерлері өз жағдайының ауыр­лығына на­заланып, наразылық білдіруге мәжбүр болды. Мысалы, Алма­тыда жедел жәрдем қызметкерлері ко­видтік үстемеақы төлеуді талап етті. Жалпы, КВИ-мен күресу­шілерге төленетін үстемеақыға қа­тысты көптеген кемшілік, келіс­пеу­шілік, қайшылық болды. Енді дәрігерлер, дұрысы, қорғаныш костюм­дегілер сол үстемеақыдан да айырылғалы тұр. ДСМ-ның дерегінше, «СҚ-Фар­мация» бірыңғай дистрибью­торының заңсыз істері кесірінен дәрігерлерге арнайы қорғаныш костюмі жетіспей, салдарынан 2 мыңнан астам медқызметкер КВИ жұқтырған. Жалпы алғанда, был­тырдан бері 10 мыңдай медицина қызметкері коронавируспен ауырды деген дерек бар. Бұл кәсіп иелеріне қатысты түйіні тарқамаған түйткілдер қор­далануда. Бірақ медицина өкілдері оларды еш ереуілсіз, министр­лікпен ынтымақтасу және кәсіп­одаққа бірігу арқылы шешуді ұсынуда. «Ұлттық денсаулық сақ­тау палатасы» жеке кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар бірлес­тігінің басшысы, медицина ғылымда­рының докторы Ербол Бекмұхамбетов ДСМ жанынан Денсаулық сақтау саласы­ның еңбек ресурстарын дамыту және жетілдіру жөніндегі жеке консуль­тативтік-кеңесші орган құру бастамасын көтерді. «Қазір мұндай функция Сапа жөніндегі біріккен комиссияның (ОКК) ережесінде қарастырылған. Алайда медициналық көмек сапасын жетілдіру мен дәрілік қамтамасыз ету мәселесінің ауқы­мы онсыз да орасан. Ендеше ме­дицинаның кадрлық әлеуетін дамыту, медицина қызметкерлерін әлеуметтік және құқықтық қорғау мәселе­лерімен жеке кеңес айна­лыс­қаны жөн. Сондай-ақ бұл мә­селелер меморгандардың, жұмыс берушілердің, кәсіподақтардың күш біріктіруін қажет етеді. Ка­рантин және пандемия медици­налық ұйымдар­дағы жабулы қазан күйінде болған көп­теген өткір проблеманы әшкереледі. Біліктілігі жоғары мамандар тапшылығы өршіді. Ынталандыру болмаған соң, меди­циналық қызметкерлер әлдебір ұйымнан ғана емес, тіпті денсаулық сақтау жүйесі­нен ке­туде. Әсіресе, өңірлер дәрігер таба алмай жатыр», – дейді Ербол Жасұланұлы.

Ереуіл түйткілдерін тезірек шешу маңызды

Оның мәліметінше, медицина өкіл­дерінің мүдделерін қорғау мақсатында биыл 12 наурызда Үкімет, жұмыс беру­шілердің рес­публикалық бірлестіктері және кәсіподақтардың республикалық бірлестіктері арасында «Бас келісім» бекітілген. Соның негі­зінде әлеуметтік-экономикалық міндеттемелердің жаңа топтамасы ұсынылыпты. Дәрігерлер болса, сол бойы қорғансыз қалуда. Кейбір медициналық ұйым жалақы беруді кешіктіріп жатыр. Дәрігерлерге шабуыл жасау оқиғалары жиіледі. «Осыған байланысты меншік түріне қарамастан, барлық меди­циналық нысан кәсіподақтардың бірімен келісім бекітсе дұрыс болар еді. Бүгінде медицина қызмет­керлерінің 3 кәсіподағы жұмыс іс­тейді: «Қазақстанның денсаулық сақтау қыз­меткерлерінің салалық кәсіподағы», Senim және QazMed, – деді Е.Бекмұхам­бетов. Әйткенмен, кәсіподақтардың өзі пәрмен-тегеурін көрсетіп, дәрі­герлердің мүддесін қорғауда әбжіл қимыл, жанкешті тірлік танытқаны жөн болса керек. Сонда оларға сенген медициналық қызметкерлер өздері-ақ мүшелікке кіруге асығар еді. Ол болмаған соң, кәсіподаққа күштеп кіргізу және ай сайын жар­на төлеттіру қажыған ақ халатты­ларды тек ашындырары сөзсіз. Әлеуметтанушы Марат Сера­лин кейінгі екі жылда бейберекет, стихиялы наразылық шаралары­ның өскені тіркел­генін айтады. «Күйзелісті 90-жылдары жа­лақының уақытылы төленбеуі – барлық ереуілдің 80%-ына себеп­кер болатын. Содан бері елде заң жетілдірілді, жалақыны кешіктіру­ге заңнама жүзінде тыйым салын­ды. Бүгін­де ереуілдердің бәрінде дерлік қатысушы­лар жалақы көтеруді талап етеді. Әрине, на­рық­тық экономикада әр компания жала­қының сомасын, кімге қанша төлей­тінін өзі белгілейді. Мемлекет жеке сек­тор­ды күштеп, жоғары жалақы төлеттіре алмайды. Тек ең төменгі жалақы мөл­шерінен тү­сіріп жібермесе болғаны. Әйтсе де, мемлекет шаруам жоқ деп шет қал­мағаны жөн. Бұл ереуілдер ха­лықтың ке­дей­шіліктен шарша­ғанын көрсетеді», – дейді әлеу­меттанушы. Оның пайымдауынша, Үкімет олқы­лықты түзеуге ықпал етіп, мұндай акция­лардың соңы елге және ел экономикасына үлкен зиян келтірер ауқымды оқиғаларға ұласып кетуінің алдын алғаны абзал.

Елдос СЕНБАЙ