Павлодар облысында жолдың нашар болғаны үшін ауыл әкімдері жазаланды
Павлодар облысында жолдың нашар болғаны үшін ауыл әкімдері жазаланды
©https://tolqyn.kz
225
оқылды

Облыстың Полиция департаменті жол апатының алдын алу, жолдарда жарақат алу және өлім-жітімді азайту үшін жалпыға ортақ жолдарға тексеру жүргізген. Соның нәтижесінде 140 лауазымды және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

"Павлодар облысының автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 5 441,1 шақырым. Жыл басынан бері автожолдарға 890 зерттеу жүргізілді, 2 027 ақау анықталды. 140 лауазымды және заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 21 ауыл және ауылдық округ әкімі жазаланды", – деді әкімшілік Полиция басқармасының бастығы Нұржан Таңатаров.

Полицияның хабарлауынша, 18 әкім әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңның 630, 631 және 632-баптары ("жол, жерасты коммуникацияларды қарау құдықтарын күтіп-ұстау жөніндегі талаптарды орындамау") бойынша, тағы 3 әкім әкімшілік құқықбұзушылық туралы заңның 420-бабы ("жабайы сораны жоюға шара қолданбау") бойынша жауапкершілікке тартылды. Оларға жалпы сомасы 4 миллион теңгеден астам айыппұл салынды.