Қызылорда облысының Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы жеке кәсіпкерден объектіні кедергісіз қабылдап, оған тиесілі қаржыны уақытылы аударып беру үшін 1 млн теңге көлемінде пара алу дерегімен күдікке ілінді. Әзірге сот санкциясымен күдіктіге қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Бұл туралы Қызылорда облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің баспасөз қызметі хабарлаған.
Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды
Бұдан бөлек, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Telegram желісіндегі ресми арнасы жуырда Шымкент қаласы Мәдениет басқармасының лауазымды тұлғалары аса ірі көлемде пара беруге әрекет жасады деген күдікпен ұсталғанын жариялаған еді. Бірақ нақты кім екені, басқарманың қызметкері ме, әлде оған қарасты мекеме басшылары мен лауазымды тұлғалары ма, ол жағын ашып айтпаған. Ресми дереккөзде: «Шымкент қаласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі агенттікпен бірге Шымкент қаласының Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының лауазымды тұл-ғаларын әшкереледі. Олар мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларына бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша қылмыстық істі тоқтатқаны үшін 80 млн теңге сомасында аса ірі мөлшерде пара беруге әрекет жасады деп күдіктелді» деп жазылған. Бүгінде аталған тұлғалар ұсталып, Шымкент қаласы ПД уақытша ұстау изоляторына қамалған. Іс бойынша тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» дегендей, ақпарат анық болмаса, бұлай жарияламас еді. Алайда бұл ақпарат тараған соң қалалық Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы ресми мәлімдеме жасап, лауазымды тұлғалардың барлығы жұмыс орнында екенін жеткізген. Бұған қатысты түрлі болжам айтылып жатыр. Тіпті, бірі Наурыз мейрамы үшін жұмсалған 565 миллион теңгенің ізін жасыруға бағытталған іс болуы мүмкін екенін айтады. Дегенмен мәселенің ақ-қарасы тергеу аяқталған соң белгілі бола жатар. Біздің айтқымыз келгені бұл емес. Жалпы, соңғы жылдары мәдениет саласында жемқорлықтың көбейгені. Естеріңізде болса, осыдан бір жыл бұрын Нұр-Сұлтан қаласындағы Максим Горький атындағы мемлекеттік драма театрының жөндеу жұмыстарына бөлінген 574 млн теңгенің 400 миллионы ұрланғаны туралы ақпарат тараған. Ақпаратты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері де растаған. Бір жылдан соң бұл оқиғаға қатысты Алматы ауданының №2 аудандық соты сот үкімін жариялады. Театр директоры Қасеновке өз орынбасары Сәттібаевпен бірге «4 эпизод бойынша алдын ала сөз байласу арқылы ақша жымқырды және жымқыруға оқталды» деген айып тағылды. Сондай-ақ сотталушылардың қатарында «АДС САПА» ЖШС техникалық қадағалау сарапшысы Ербатыров, «СТ-Инжиниринг» ЖШС директоры Кенжетаев та болды. Бұл қылмысты «Ади-Жан» ЖШС директоры Дастанов пен «Астана-Көкше» ЖШС директоры Байсалбеков ұйымдастырған. Сот Қасенов, Дастанов, Ербатыровтың театрды күрделі жөндеуге бөлінген 370,5 миллион теңге көлеміндегі ақшаны жымқырғанын анықтаған еді.Өнерге керегі тазалық емес пе?
Белгілі өнертанушы, дәстүрлі әнші Ерлан Төлеутай: «Қызылордадағы, Шымкенттегі жемқорлыққа байланысты даулардың түбі аталған облыстардың әкімдіктерінің кабинеттерінде жатыр. Оның себебі облыстық, қалалық мәдениет басқармалары облыс яки қалалық әкімдіктерге қарайды. Сондықтан мұның сырын осы өңірлерді жайлаған жаппай жемқорлықтан іздеген дұрыс», – дейді. Өнер саласына керегі де тазалық емес пе? Ар тазалығы мен жан тазалығына үндейтін, әлемдік әдебиет жауһарларын насихаттау арқылы гуманизмге шақыратын өнер саласының өкілдері, мәдениеттің басы-қасында жүрген жандардың жемқорлықпен ұсталуы өзгеге қалай үлгі болмақ? Кез келген саладағы жемқорлық – қауіпті дерт. Ал мәдениет саласында жүргендердің жемқорлыққа баруы тіптен қауіпті екенін ұмытпайық. Осындайда мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасыновтың: «Мен үш нәрседен тазамын. Біріншіден, сонша жыл ел басқарып отырып біреуге нақақтан-нақақ жала жауып, қиянатқа барған емеспін, біреуден бір сом да пара алған емеспін – қолым таза! Екіншіден, 1937-1938 жылдардағы қаралы күндерде боздақтарды атып жатқанда бір қағазға қол қойған емеспін – арым таза! Үшіншіден, адамдарды атаға, руға, жүзге бөлген емеспін – жүзім таза!» деген сөзі еріксіз еске түседі. Мәдениет саласын басқаратын әр маман Оңдасынов секілді мықтылардан үлгі алса керек-ті!Айым БЕКТҰР