Коронавирусқа қарсы вакцинаны жоққа шығарып, індет жайлы жалған ақпарат тарататындардың халыққа ықпалы әлі де бәсеңсімей тұр. Осы заманда олардың ойындағысын іске асыруға көмекші болып отырған басты құрал – әлеуметтік желілер. «Өз парақшам – өз еркімге» салып, індеттен адам қырылып жатқан уақытта жұртты теріс жолға тартады да отырады. Енді әлеуметтік желілер де олармен күресудің жолын іздеп әлек.
Facebook жалған ақпармен күреспек
Жуырда Facebook әлеуметтік желісін құрушылар «ресейлік агенттіктер вакцинаға қарсы жалған ақпарат таратты» деп айыптады. Facebook Ресейден жүргізілген дезинформация науқандарына қатысқан жүздеген аккаунтты өшірген. Компания аккаунттар желісінің Үндістанға, Латын Америкасына, АҚШ-қа және басқа да аймақтарға бағытталғанын айтты. Бір сөзбен айтқанда, желі басшылығы Ресейдегі агенттіктер арандату мақсатында коронавирус жайлы жалған қауесеттер шығарып, вакцинаға қарсылар мен вирустың барына сенбейтіндердің санын көбейтуге ықпал еткенін жеткізіп отыр. «Олар халықтың вакцинаға деген сенімін төмендету үшін жалған мәлімдемелер таратуға тырысты» деп мәлімдеді олар. Facebook ресейлік компаниялар мен жалған ақпарат тарату науқандары арасындағы байланысты тапқанын жариялады. Сонымен қатар AdNow деп аталатын ресейлік компанияның құрамына кіретін Fazze маркетингтік агенттігінің жалған ақпаратқа қатысқанын дәлелдеген. Өткен айда ғана BBC-де мамырда ресейлік Fazze агенттігі Pfizer вакцинасы туралы жалған мәлімдемелер тарату үшін ықпалды блогерлерге ақша ұсынғанын хабарлаған болатын. Енді бұл дау одан әрі ушыға бастайтын тәрізді. Қазірдің өзінде Facebook компаниясы коронавирусқа қарсы вакцина туралы жалған ақпаратты таратуға байланысты жаңа ережені енгізіп жатыр. Енді вакцина туралы жалған фактілерден тұратын кез келген ақпарат Facebook және Instagram әлеуметтік желісінен автоматты түрде өшіріледі. Егер «вакцина» сөзімен қатар «уландырғыш», «зиян», «аутизмнің дамуына септігін тигізеді» деген сияқты сөздер кездессе, мәтін толық жойылмақ. Негізі, компания вирус туралы жалған ақпаратпен ақпан айының басынан бері күрес жүргізе бастаған. COVID-19-ға қарсы вакцинаның «адам өлтіре алатын» немесе «денсаулыққа күрделі зиян келтіре алатын», «аутизмнің немесе бедеуліктің дамуына септігін тигізе алатыны», «РНК-ны адамды маймылға дейін өзгерте алатыны» тәрізді мәтіндерден тұратын посттардың Facebook желісінің барлық платформасынан жойылатыны туралы хабарланған. Сондай-ақ «екпе салдырғаннан гөрі вируспен ауырып шыққан әлдеқайда қауіпсіз» және екпе адамдардардың кей топтары үшін қауіпті екені жайлы теріс ақпарат түгелімен жоғалады.Антиваксерлер бізде де көп
Пандемия кезеңі басталған 2020 жылы әлеуметтік желі мен түрлі чатта жаңа «қастандық теориясы» жайлы жиі айтылып кетті. Оның мысалын көптеп келтіруге болады. «Қазақты қынадай қырудың ең оңтайлы жолы – ұшақпен вирус шашу», «билік халықты бактериологиялық қарумен жоймақ» деген ақылға қонымсыз сөздерді тым көп естідік. Мұндай шаласауат жазбаларды үздіксіз тізе беруге болады. Соған ұқсас өзге де хабарламалармен қоса жүктелген фото, видеоларда ұшақтың атмосферадағы әдеттегі конденсациялық, инверсиялық іздері «ауаға шашып жатқан у» ретінде көрсетілді. Осыған сенгендер арасында «көзі ашық, көкірегі ояу» деген азаматтар да бар. Әсіресе, кейбір сахнада жүрген эстрада жұлдыздары мен қоғам қайраткері ретінде танылғандардың ықпалы зор болды. Аралас жекпе-жек шебері Қуат Хамитов көшеде инфекцияны жою мақсатында залалсыздандырушы сұйықтықты шашып жүргендерді «коронавирус шашып жүр» деп есептеді. Оған қатысты видеоүндеу жариялап, басы дауға қалған еді. Соның әсерінен елімізде антиваксерлердің санын сәл де болса көбейтіп алғандаймыз. Қазақта «білгеннің тілін ал» дейтін сөз болатын. Қазір сарапшылар мен ғалымдар коронавирус инфекциясын тоқтатудың жалғыз жолы жаппай вакцина егу екенін қайта-қайта айтып отыр. Бұл күні вакциналау процесі жақсарып келеді. Вирус пен вакцинаға сенбеген көп адам жақыны немесе өзі ауырғанда ғана жағдайды түсініп жатқандай. Бірақ антиваксерлерден түбегейлі құтылмағанымыз анық. Оларды райынан қайтарудың қандай жолы бар? Мамандар бұл тұста антиваксерлер науқастардың халін өз көзімен көргені абзал екенін айтады. Елордадағы Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институтының базасындағы жұқпалы аурулар госпиталінің реанимация меңгерушісі Павел Останин вирус жұқтырғандардың жағдайын жиі айтып жүр. Сөйтсек, санитариялық талаптарды елемеудің залалы біз ойлағаннан да ауыр екен. «Біреу үйінде өмірінің соңына дейін жатады, ал енді бірі «індеттен құтылып кетемін» деп ойлайды. Түптеп келгенде, жағдай қандай болып жатыр. Науқастар 40 сатурациямен ес-түссіз жатады. Біз соңына дейін күресеміз, тырысамыз. Дәл қазір «жаңа» пациенттер де, біраздан бері ауырып жатқан науқастар да бар. Реанимацияда болудың орташа мерзімі – 21 күн. Оң нәтиже беретін максималды уақыт – 50 күн», – дейді дәрігер. Сол сияқты вакцина адамды өлтіреді деп есептейтін антиваксерлер де аурухана төсегінде шарқ ұрып қиналып жатқан көрінеді. Ал ӨЖЖ аппаратында жатқанның бәрінің жағдайы бірдей. Антиваксерлер ауыр күйге түскеннен кейін ғана ақ пен қараның аражігін ажырататын тәрізді. Біреуді қаралар ниетіміз жоқ, әйтсе де елдің басына қиын жағдай түскенде қолдаудың орнына жұртты жалған ақпардың жетегіне ергізу ақтауға тиіс дүние емес.Мадияр ТӨЛЕУ