Түрлі қаржы пирамидаларынан талайлардың аузы күйіп жатқанынан көпшілік хабардар болғанымен, алаяқтардың арбауына түсіп, айдың-күннің аманында жиған-терген мал-мүлкінен айырылып қалып жатқандардың қатары әлі де сирер емес. Петропавл қаласында зардап шегушілердің бір тобы кімнен араша сұрарын білмей дал болып жүр.
Көл-көсір пайдаға кенелуді көздеп, ақыр аяғында сан соғып қалған бір топ петропавлдық былтырдан бері тұрмыстық техника сатып алу үшін ISTUDIO жеке кәсіпкерлігімен келісімшарт жасасқан. Оның шарты бойынша, әрқайсысы тауар құнының 20-25 пайызын алдын ала кепілді төлем ретінде есепшотқа аударуы тиіс болған. Одан соң тағы төрт адамды ертіп әкелсе немесе ISTUDIO-ның жұмысын әлеуметтік желілерде үздіксіз жарнамаласа, соның есебінен тауар құнының қалған 75 пайызы өтелетін болып және бұл қаржы компаниясының пайдасы болатынына келіскен немесе сол тауардың құнын ақшалай алуға болатыны келісімшартта жазылған. Тіпті, төрт адам тіркемесе де, қаржы құйған адамдарға келісімшарт мерзімі аяқталған соң 3-4 айдың ішінде жалпы кезек бойынша салған ақшалары қайтарылуы тиіс болыпты. Ал тауарларының бағасы күйіп тұрғаны бөлек әңгіме. Мәселен, Екатерина Боронбаеваның алғысы келген ұялы телефоны 1 480 000 теңгеге бағаланыпты. Соны алу үшін ол 185 000 теңгесін Людмила Мажуга деген келіншектің Каспий голд карточкасына аудара салған. «Ешқандай жеке кәсіпкерліктің немесе жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің есепшоты болған жоқ. Жеке адамның қолына ақша ұстаттық. Бұл жерде салық органдары да тексеріс жүргізулері керек», – деп санайды Екатерина Айтановна. Зардап шегушілердің айтуынша, біраз уақыт өткеннен кейін компания құрушылар басқаша сөйлеп шыға келген. Алданған адамдардың көпшілігі не ақшасыз, не тауарсыз қалып, тақырға отырған. Бұл компанияның әрекетінде бір былық бар екенін іші сезген тұтынушылар тарапынан тиісті жерлерге шағымдар түсе бастаған кезде ақша алған адамдар жеке кәсіпкерліктерін жауып, жалдамалы кеңсесінен үдере көшіп кеткен. Олардың орнын сипап қалған зардап шегушілер алдымен Солтүстік Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментіне, облыстық прокуратураға, одан соң облыстық Полиция департаментіне жүгінген.ТЕРГЕУ БАРЫСЫНА КӨҢІЛ ТОЛМАЙДЫ
ISTUDIO жеке кәсіпкерлігі өз тұтынушыларымен келісімшартты 365 күнге, яғни бір жылға жасасқан. Қазір келісімшарттарының мерзімі өтіп кеткен адамдар не істерін білмей дал. Олардың айтуынша, компанияны құрған Людмила Мажуга мен Фаина Ульянова бір-біріне сілтеп, ақшаларын қайтарар емес. Кейбіреулеріне қосымша келісім жасасуды ұсыныпты. Сол бойынша ақшалары қайтарылады-мыс. Бірақ ақыр соңы сиырқұйымшақтанып, сөз бұйдаға айналған. Абайдың «бойы бұлғаң, сөзі жылмаң» дегеніндей, бұлар «жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» деген қағидатты ұстанатынға ұқсайды. «Келісімшарт жасалғанша солардан жақсы адам жоқ. Іші-бауырыңа кіріп, жылмаң қағады. Ал қажетті ақшасын алып алған соң, мүлдем басқаша сөйлеп шыға келеді. Айтқан сөзін қайтарып алып, ондай сөз болған жоқ деп ат-тонын ала қашады», – дейді Екатерина. Оның айтуынша, адамдарды хабардар етпестен жеке кәсіпкерлер келісімнің шарттарын да өзгертіп жіберіпті. Зардап шегушілердің айтуынша, бұл ұйым о баста Ресейдің Түмен қаласында ашылған. Одан соң Людмила Мажуга деген петропавлдық пен Фаина Ульянова деген омбылық келіншек бірлесіп, Петропавлда да дәл осындай жұмыс бастаған. Бұл компания сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Талдықорған, Көкшетау, Қарағанды қалаларында да өз қызметін өркендетіп отырған көрінеді. Бірақ ISTUDIO-ға тықыр таянғандықтан болуы керек, олар «ребрендинг» жасап, қазір iRetail деп қайта тіркелген көрінеді. ISTUDIO-ның жұмысы әшкере болып, оған адамдар бармайтын болған соң олар атауын өзгертіп, халықты алдауын жалғастырып жатыр. Олар біздің сенімімізге кіріп, өзгенің қаржысы есебінен байып жатыр. Келісімшарттың мерзімі аяқталмастан жеке кәсіпкерлікті жабуға қандай хақысы бар? Олардың әрекеттерінен алаяқтық белгілері байқалады. Бірақ байқауымызша, тергеуші істі жабуға мүдделі сияқты. О бастан тергеуді оқта-текте жүргізіп, мерзімін созып жіберді. Істің қаралуына қанағаттанып отырған жоқпыз», – дейді зардап шеккендер. Олардың айтуынша, кейбіреуін ғана екінші тараппен көзбе-көз кездестірген, ISTUDIO жеке кәсіпкерлігінің қаржылық есептілігіне қатысты құжаттары тәркіленбеген, салық төлеген-төлемегені де тексерілмеген. Сондықтан жәбір көргендер істі тәжірибелі басқа тергеушіге тапсыруды, барлық жедел тергеу шараларын өткізуді, басқа бөлімшелердің қызметкерлерін тарта отырып жедел тергеу тобын құруды және істі өз бақылауына алуды сұрап, облыстық Полиция департаменті бастығы Марат Төлебаевтың атына хат жолдап отыр. Олар сондай-ақ бұл құрылымды қаржы пирамидасы деп тануды сұрайды.«АЙТТЫ – КӨНДІМ, АЛДЫ – БЕРДІМ»
Фаина Ульяноваға қойған сұрақтарымыз жауапсыз қалды. Людмила Мажуга болса, ешкімді алдамағанын айтады. «Менімен жасасқан келісімшарттардың ешқайсысының мерзімі өткен жоқ. Себебі мен өз қызметімді былтыр қыркүйек айында ғана бастадым. Төрт адамды ертіп әкелу қиын екенін түсініп, жұмысты жеңілдеткім келді. 2-3 адам шақыруды ұсындым. Бірақ ISTUDIO франшиза болғандықтан, мен оның шарттарын өзгерте алмадым. Сондықтан олардың құрамынан шығып, жеке iRetail компаниясын құрдым. Компания тегін жұмыс істей алмайтыны, ақшаның бір бөлігі компанияда қалатынын түсіндірдім. Егер соңынан адамдарды ертпейтін болса, менімен келісімшарт жасасудың қажеті жоқ. Тілек білдіргендер соңымнан ерді, оларды мен мәжбүрлеген жоқпын, тек ұсыныс жасадым», – дейді ол. «Айтты – көндім, алды – бердім, енді өкіндім, өзіме аз» деп отырған, барар жер, басар тауы қалмаған жәбірленушілер әлеуметтік желілер арқылы облыстағы беделді блогерлерге де жүгініпті. Солардың бірі, фитнес-жаттықтырушы Алена Янина әріптесі Юлия Подскербкинамен бірлесіп, халықты сақтандыру мақсатында бірнеше пост жариялағанын айтады. «Бала күтімі бойынша демалыста отырған жас келіншектер де, зейнеттегі қариялар да бізден көмек сұрады. Сондықтан Юлия екеуміз басқаларға сабақ болсын деп, халықты құлақтандырдық. Бірақ одан соң бірлесіп халықты алдап жүрген қос құрбы қыз жүйкемізді жұқартты. Қазір бұл іске мен куәгер ретінде тартылып отырмын», – деді Алена Янина. Тағы бір топ петропавлдық Finiko деп аталатын компанияға алданып, зар илеп отыр. Олардың айтқанына сеніп, айдағанына көніп, банктен 2 миллион теңге несие алған зейнеткердің енді еңірегенде етегі жасқа толып отыр. Ол осы компания арқылы қызына көлік әпермекші болған екен. Мұнда салынған қаржы миллиондап құмға сіңген. О баста инвестициялық делінген компания шын мәнісінде оның жалған көшірмесі болып шыққан. Атын атағысы келмеген жәбірленушінің айтуынша, компания күніне 1-1,2 пайыз кіріс төлеуге уәде еткен. Бұл орташа нарықтық мөлшерлемеден 40 есе артық. Сонымен қатар кейбіреулерге ипотекаларын немесе басқа да несиелерін «өтеп бермекші» болған. Ол үшін қарызының 35 пайызын компанияға салу керек. Ал автокөлік не пәтер сатып алғысы келгендер мүлік құнының 35 пайызы көлемінде жарна төлесе, 3-4 айдың айдың ішінде компания мүлікті сатып әперуге сөз берген. Бұдан басқа да «батпан құйрықтары» жетерлік: ай сайынғы табыс, кешбэк, бес адам шақырғаны үшін сыйақы және т.с.с. Жуырда Finiko-ның негізін қалаушылардың бірі Қазан қаласында ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Ашық дереккөздерінен белгілі болғандай, Ресейде шығын көлемі – 80 миллион рубль. Мұнда да ешқандай есепшот жоқ болып шықты. Ақшаны қолма-қол немесе Qiwi-әмиян арқылы қабылдаған. Қаржыгерлердің айтуынша, бұл – қаржы пирамидасының ең айшықты белгісі. «Олардың банктерде есепшоттары жоқ. Қолма-қол ақшамен, немесе интернет төлем жүйелері арқылы жұмыс істейді. Сондай-ақ әуелі көп қаржы салуды талап етсе, адам сенгісіз пайдаға кенелетініңізге сөз берсе, таныстарыңызды тартуға шақырса, әлем-жәлем жарнама жасаса, мұндай компаниялардан бірден бойыңызды аулақ ұстағаныңыз дұрыс. Бұлар әдетте өз жобаларын «ноу-хау» деп әспеттейді, бір ғана құрылтайшы бар деп қызықтырмақ болады», – деп түсіндірді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Петропавл қаласындағы Өңірлік өкілдері басқармасының бастығы Алма Дәуренбекова. Қаржы пирамидаларының жұмысы және оларды жарнамалау үшін әкімшілік те, қылмыстық та жауапкершілік қарастырылған. Бірақ мұның бәрі қаншама күш-жігер мен уақыт шығындауды, жүйке жұқартуды қажет етеді. Жалпы, аяқ астында жатқан ас та төк табыс жоқ екенін әркімнің-ақ түсінетін кезі келді. Бүгінде халықтың көзі ашық, көкірегі ояу. Интернетпен етене таныс. Тіпті, болмаса Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтынан компаниялардың қайсысы заңды, қайсысы заңсыз жұмыс істеп отырғанан тексеруге болады. Сондықтан «айдалада жатқан батпан құйрық» жоқ екенін есте ұстаған абзал.Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы