Өткен түнде Конференция лигасының үшінші іріктеу кезеңінде украиналық «Колос» командасын жеңген «Шахтер» қазақстандық клубтар арасында бірінші болып жаңа турнирдің плей-офф сатысына жолдама алды. Осыдан 8 жыл бұрын қарағандылық клуб Қазақстан атынан алғаш рет Еуропа лигасының топтық кезеңінде сынға түскен. «Кеншілер» бұл жолы да биыл ғана тұсауы кесілген турнирде байырғы жүрісінен жаңылмай келеді. Алда бір кезең бар.
Өкініштісі, «Шахтердің» ерлігін «Астана» мен «Тобыл» қайталай алмады. Әу баста, төрт командамыздың төртеуі түгел дерлік еурокубоктық іріктеу ойындарының үшінші кезеңіне жолдама алды деп қуанғанбыз. Ол қуанышымыз ұзаққа созылмады. Ішкі біріншілікте чемпион болуға басты үміткер саналған екі үздік командамыз аталған турнирде үздік ойынын көрсете алмай, жарысты ерте аяқтады. Ал екі турнирде де қарсыластарына жол берген алматылық «Қайрат» соңғы мүмкіндігін Конференция лигасында пайдаланып көрмек.Қолда тұрған жеңіс еді...
Конференция лигасында сынға түскен елордалық «Астана» командасының өзге командаларға қарағанда еуромаусымда тәжірибесі мол болатын. Дегенмен оларға бұл артықшылығы да көмектеспеді. Тихонов футболшылары финляндиялық КуПС командасын жеңіп тұрып жеңілді. Қос команда арасындағы алғашқы кездесу Финляндия жерінде 1:1 есебімен аяқталған. Сондықтан барлығы «Астана Аренадағы» шешуші ойынды асыға күтті. Тартысқа толы матч барысында екі ұжым футболшылары да ашық футбол өрнегін көрсетті. Бірінші таймда «Астана» сапынан Тигран Барсегян мен Абат Айымбетов гол соғып, елордалық команданы есепте алға шығарған. Ойынның екінші бөлігінде КуПС жиі шабуылдап, белсенділік танытты. Қонақтар сапынан Ранжел 53-минутта есеп айырмасын қысқартты. Ал 61, 74-минуттарда Ранжел тағы да екі гол салып, таразы басын теңестірді. Араға үш минут салып финляндиялық клуб сапынан Янис Икаунекс жеңісті голды соқты. Осылайша, «Астана» қарсыласынан 3:4 есебімен жеңіліп, жарыс жолынан шығып қалды.«Жилина» «Тобылды» тобықтан қақты
Словакия жерінде өткен қарымта кездесуде «Жилина» жастары «Тобыл» футболшыларын ойсырата жеңді. Алаң иелері қостанайлық клубқа жауапсыз 5 доп соқты. 14-минутта Давид Дюриш, 41-минутта Матуш Руснак, 64-минутта Ваган Бичахчян, 81-минутта Тибор Слебодник мергендігімен көзге түсті. Ал 91-минутта дубль жасаған Ваган Бичахчян жауапты ойынның нүктесін қойды. Осылайша, олар екі матч қорытындысы бойынша 6:0 есебімен келесі кезеңге қиындықсыз өтті. Ал «Тобыл» әдеттегіше еурокубоктағы жорығын орта жолдан аяқтады. Енді «Жилина» плей-офф сатысында «Яблонец» командасымен кездеседі.«Қайрат» тоғыз ойыншымен тоңқалаң асты
«Қайрат» Еуропа лигасының үшінші іріктеу кезеңінде «Алашкерттен» 3:2 есебімен жеңіліп қалды. Еревандағы «Вазген Саргсян» атындағы стадионда өткен ойында алматылықтарға сәттілік жолдас болмады. Төреші де «Қайрат» футболшыларын қатаң жазалап, бір емес екі қызыл қағаз көрсетті. Кездесудің 43-минутында алаң иелері сапынан Эмбало есеп ашты. Бірақ бұл қуаныш көпке созылмады. Бірінші таймға қосылған қосымша уақытта Айбол Әбікен таразы басын теңестірді. 50-минутта Эмбало дубль авторы атанды. Ал жауапты голды 61-минутта қосалқы құрамнан шыққан Артур Шушеначев соқты. Бір минут өткеннен кейін Денис Поляков, ал 92-минутта Айбол Әбікен тікелей қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Мұны пайдаланған алаң иелері офертаймның 104-минутында жеңісті голды соғып, келесі кезеңге жолдама алды. Ал «Қайрат» еурокубоктағы жорығын Конференция лигасында жалғастырады. Сонымен, еурокубоктық ойындарда екі командамыз қалды. Конференция лигасының плей-офф кезеңінде «Шахтер» израильдік «Маккаби Тель-Авивпен», ал «Қайрат» люксембургтік «Фола» командасымен кездеседі. Қарағандылық «Шахтер» бірінші ойынын 19 тамызда Нұр-Сұлтан қаласында өткізеді, ал жауапты матч 26 тамызда Израильде өтеді. Алматылық «Қайрат» алғашқы ойынын 19 тамыз күні сырт алаңда ойнайды. Топтық кезең мәселесі 26 тамыз күні Алматыда өтетін жауапты ойында шешіледі.Абылайхан ЖҰМАШ