Бала алдындағы ата-аналық парызын «қарыз» деп ұғатындардың саны артыпты. Өкінішке қарай, қазір сүйіп қосылғандар арасында дүбірлетіп той жасатып, көп ұзамай қырықпышақ болып ажырасып кететіндер көп. Некені заңды түрде бұзған соң басқа үйдің түтінін түтетуге асығатындар да баршылық. Алайда бұрынғы некедегі балаларының алдындағы парызын орындауға келгенде құлықсыздық танытатындардың саны артқан. Алимент төлеуге келгенде түрлі сылтау айтатын әкелер ғана емес. Өйткені ұрпақ алдындағы жауапкершіліктен жалтарып жүргендердің 97%-ы әкелер болса, қалғаны аналар екен.
Жауапкершіліктен жалтарғандар көп
«Неке және отбасы туралы» заңның 138-бабы әрбір ата-ананы кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға міндеттейді. Ал осы құжаттың 60-бабында әрбiр баланың отбасында өмiр сүруге және тәрбиеленуге, ата-аналарының қамқорлығында болуға құқығы бар екені тайға таңға басқандай көрсетілген. Оның ішінде баласының мүддесін қамтамасыз етіп, жан-жақты өсiп-жетiлуiне ата-анасы мүмкіндік жасауы тиіс екені айтылады. Бірақ отбасы құндылығын, ұрпақ алдындағы жауапкершілік дегенге жүрдім-бардым қарайтындардың қулығына құрық байлау қиын болып тұр. Жеке сот орындаушылары республикалық палатасының мәліметіне сүйенсек, бүгінде 218 691 адам алимент бойынша берешек. Оның ішінде 212 845 ер адам, 5 846-і әйел. Бұл былтырмен салыстырғанда балалары алдындағы жауапкершіліктен жалтарушылардың саны 5 пайыздан асқанын көрсетеді. Айталық, 30 241 ер адам және 1 648 әйел үш айдан бері балаларына алимент төлемей жүрген көрінеді. Сондай-ақ 77 әке мен 489 ана балаларымен қарым-қатынас жасау тәртібін қаперіне ілмеген. Бұдан бөлек, 17 мыңнан аса іс сот қарауында жатыр. Соңғы жылдары алимент төлеуден қашып жүргендерге жаза да күшейтілді. Бұрын балалары алдындағы борышын орындаудан жалтарғандар әкімшілік жауапкершілікке ғана тартылса, қазір ата-аналық парызға пысқырмайтындар темір торға қамалуы да мүмкін. Қазір алимент төлеуден жалтарушыларға қарсы түрлі рейдтік шаралар да ұйымдастырылып, ол бойынша мүлкі де тәркіленеді. Десе де, кәсібін өзге адамның атына рәсімдеп, кейде жұмыс берушілермен келісіп, айлық жалақысын ең төменгі күнкөріспен бағалатқызады. Адвокат Алмас Сәлпеков алимент төлегісі келмейтіндердің жиі жүгінетінін жасырмайды. Табысы төмен адамдар ғана емес, ауқатты кісілер де алимент төлегілері келмейді екен. Сол үшін сот борышкерлерге баласы алдындағы қарызды мәжбүрлі түрде орындауға міндеттейді.Алиментке алынған көлік
Заңгердің айтуынша, елімізде ажырасқан азаматтардың үштен екісі уақытылы, ал әрбір оныншы борышкер алиментті мүлдем төлемейді. Оның себебі көп. Мәселен, тұрақты жұмысы жоқ адамдар бар. Екіншіден, кірістерін әдейі жасырады. Үшіншіден, балалармен тұрақты сөйлесуге және ақшаны мақсатты пайдалану туралы сенімді ақпарат алуға мүмкіндігі жоқтар бар. Кейбір кездері ортақ баласы мүгедек болып туылғаны үшін ғана ажырасып, алимент төлеуден жалтаратындар өз тарапынан заңгерлік кеңес алуға жүгінетін көрінеді. Кейбір адамдар баласына деп берген қаржының мақсатсыз жұмсалғанына өкпелі. «Әйеліммен заңды түрде ажырасқаныма 5 жыл болды. Сот екі баламды анасының қарауына қалдырды. Қанша тырыссам да балаларды өзіме қалдыру мүмкін болмады. Ай сайын 200 мыңнан аса ақшаны бұрынғы әйелімнің карточкасына аударып жүрдім. Сөйтсем ол берген ақшама астына көлік алып, жылда шетелде демалуға барады. Балаларды кері қайтару үшін сотқа шағымданып едім. Арызым қанағаттандырылмады. Ерегіскенде бұрынғы жұмыстан шығып, айлығы аз жұмысқа кірдім. Қалған ақшаны балаларыммен кездескенде өздеріне қажетті дүниелерді сатып алып беремін», – дейді Мәди Жұмабек.Аналар қалай ақталады?
Өмірде айрандай ұйыған отбасылардың да шаңырағы шайқалатын кездері көп. Оның себебі де сан түрлі. Бірақ ата-анасының ажырасуы балаларға психологиялық әрі материалдық тұрғыда ауыр соққы болып тиеді. Өкінішке қарай, соңғы жылдары өз отбасын тастап, балаларын әкесінің жауапкершілігіне қалдырып кететін аналардың арасында да алимент төлеуден жалтаратындар көбейген. Соңғы дерекке сүйенсек, бір ғана Шығыс Қазақстан облысында 808 әйел алимент бойынша берешек. Сондай-ақ Қарағанды облысында – 738, Қостанай облысында – 689, Ақмола облысында – 450, Алматы облысында – 392, Жамбыл облысында 350 әйел туған баласы алдындағы алиментті төлеуі тиіс. Есте болса, жуырда ғана Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Жетісай аудандық пробация қызметі бөлімінің есебінде тұрған Күмісай есімді әйел қамауға алынды. Ащы суға әуестігінің салдарынан шаңырағын шайқалтып қана қоймай, алты баласының көзін жәутеңдетіп тастап кеткен әйелдің ісі ақтауға тұра ма? Ал Асыл есімді келіншек барар жер, басар тауы қалмаған соң балаларын әкесінің қарауына бергенін айтады. «Өз ата-анамның жағдайы жақсы деп айта алмаймын. Өзімнен үлкен әпкелерім де ажырасып, балаларымен қайтып келді. Соның өзі қарт ата-анамның жүрегіне салмақ салды. Бұрынғы күйеуімнің озбырлығына он жыл шыдап келдім. Бас-көзге қарамай жұдырық ала жүгіретін күндері үйдегі ата-енем де араша түспейтін. Қаршадай үш балам анасының әлсіздігіне мойынсұнып, қорыққандарынан үндері шықпай отыратын. Ол үйден кетпесем, балаларым мәңгі жетім қалатынын білдім. Сөйтіп, ажырасуға арыз беріп, балаларды уақытша әкесіне қалдырдым. Өзіммен бірге алып кеткім келеді. Бірақ оқымаған адамды қандай жерге жұмысқа қабылдасын? Азын-аулақ табысым күнкөрістен артылмайды», – дейді көз жасына ерік берген Асыл. Гүлім болса опасыздығы үшін бұрынғы күйеуінен ажырасып кетіпті. «Сыртымнан басқа біреуден кездесіп жүріпті. Білген күні айқай-шу болып, артынан ажырасып тындық. Мені үйден қуып жіберді. Баратын жерім болмады. Жалдамалы пәтерде екі баламен қаңғырып екі ай жүрдім. Екі баламен жұмысқа тұру мүмкін болмады. Амал жоқ, балаларды әкесімен қалдыруға шешім қабылдадық. Балаларымның әкесі де кешірім сұрап, оралуға көндіре бастады. Өзім бас тарттым. Содан кейін ол сотқа жүгініп, балаларға алимент төлеуге міндеттеді. Айлығымды балаларымнан жасыратын ойым жоқ. Ақша түссе бірден қыздарыма жіберемін. Бірақ маусымдық жұмыс болған кезде айлық түспей қалады. Ондай кезде балаларға алимент төлемек түгілі нанымды әрең тауып жеймін», – дейді алматылық Гүлім. Нұр-Сұлтан қаласы сот орындаушылары өңірлік палатасы бастығының орынбасары Мәдина Жанасаева алимент бойынша берешек әйелдердің жағдайына біржақты баға беруге болмайтынын айтады. Өйткені балаларын тастап кеткен әйелдердің арасында тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшырағандар мен баспанасы жоқ, тұрақты айлығы болмайтын жағдайлар жиі болады екен.Заңнамаға өзгеріс керек
Адвокат Алмас Сәлпеков балаларын жалғыз өзі асырап жүрген әкелерді жиі көретінін жеткізді. «Алиментті өндіре алмай жүрген кісілер де, заңгерлік кеңес сұрап жүгінетін борышкер әкелер де бар. Көбісі беріп жатқан ақшасының баласына жаратылмайтынын, керек болса баланы өзі асырап алуға ниеттері барын айтып келеді. Аналар болса, балаларға әкелері берген ақшасы жетпей жатқанын айтып жыларман күйге түседі. Бірақ өз тәжірибемде алиментін бермей жүрген аналардың үстінен шағым айтып келгендер болған жоқ», – дейді адвокат. Десе де, бала ортақ. Сондықтан ата-ана бала үшін жауапты. Егер жауапкершіліктен жалтаратындар көп болса, заңды қатайту керек. Осылай деген адвокат Алмас Сайлаубекұлы: «Мысалы, Германияда алиментті тікелей борышкерден алмайды. Әр балаға қанша керек, соны мемлекет жәрдемақы түрінде төлеп береді. Бірақ балаға берілген ақшаны мемлекет борышкерден өзі өндіріп алады. Біздің тәжірибеде тұрақты жұмысы бар азаматтардың 1 бала үшін жалақысының 25 пайызы, екі балаға 33 пайызы, үш балаға 50 пайызы бөлінеді. Көп жағдайда алимент төлеушілер табысын жасырады. Оны дәлелдеу өте қиын. Екіншісі, шындығында да борышкерлер тұрақты жұмысқа орналаса алмайды», – дейді. Алимент өндіре алмай жүрген аналардың дені ауыса беретін сот орындаушыларының әрекетінен әбден қажыған. Басында миллиондаған қарызы бар борышкерлер қағаз бойынша тақыр кедей болғанымен, көбісі іс жүзінде керемет коттеджде тұрып, қымбат көлікті тақымдайды. Өйткені сот орындаушылары келсе, барлық мал-мүлігін туған-туысына аударып, есепшотындағы еңбекақысын екі есе кемітіп көрсету үшін есепшілермен ауыз жаласады. Қағаздағы көрсеткішке көбірек сенетін біздің елде алимент бойынша борышкерлердің қазынасын тексеруге рұқсат жоқ. Есігін ашуға ерінетін, қайтара келсе қарғысын жаудыратын борышқорлардың артынан жүгіруден шаршайтын сот орындаушылары алимент өндіріп беруден жиі бас тартады. «Қылмыстық кодекске» сүйенсек, қарызы 6 айдан асып кетсе алимент төлеушілердің үстінен қылмыстық іс қозғалады. Бірақ жұмыссыздықты сылтауратып, жалақы көлемін жасырып, жиған-тергенін туысының атына тіркеп қойып тайраңдап жүргендердің қарасы қалың. Айлықтың аздығы, жұмыстың жоғы бала алдындағы борыштан бас тартуға негіз болмаса керек-ті. Біздікі бала үстіндегі жыртық ата-ананың бетіндегі тыртық екенін түсінер күнге жетсек екен деген тілек қана.Жадыра МҮСІЛІМ