Ана махаббатын алиментке алмастырған

Ана махаббатын алиментке алмастырған

Бала алдындағы ата-ана­лық па­рызын «қарыз» деп ұғатындардың саны артып­ты. Өкінішке қарай, қа­зір сүйіп қосылғандар арасында дүбір­летіп той жасатып, көп ұзамай қы­рық­пышақ болып ажырасып кететін­дер көп. Некені заңды түрде бұз­ған соң басқа үйдің түтінін тү­тету­ге асы­­­­­ғатындар да баршы­лық. Алайда бұ­рынғы неке­дегі балала­ры­ның ал­дын­дағы парызын орын­дауға кел­­­генде құлықсыздық та­ны­та­­тындар­дың саны арт­қан. Али­мент төлеуге келген­де түрлі сылтау айтатын әке­лер ғана емес. Өйткені ұрпақ ал­дын­дағы жауапкер­ші­лік­тен жалтарып жүрген­дердің 97%-ы әкелер болса, қалға­ны аналар екен.

Жауапкершіліктен жалтарғандар көп

«Неке және отбасы туралы» заңның 138-бабы әрбір ата-ананы кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға міндеттейді. Ал осы құжаттың 60-бабында әрбiр ба­ланың отбасында өмiр сүруге және тәрбиеленуге, ата-анала­ры­ның қамқорлығында болуға құ­қығы бар екені тайға таңға бас­қандай көрсетілген. Оның ішінде баласының мүддесін қамтамасыз етіп, жан-жақты өсiп-жетiлуiне ата-анасы мүмкіндік жасауы тиіс екені айтылады. Бірақ отбасы құн­дылығын, ұрпақ алдындағы жауапкершілік дегенге жүрдім-бардым қарайтындардың қулы­ғына құрық байлау қиын болып тұр. Жеке сот орындаушылары рес­публикалық палатасының мә­ліметіне сүйенсек, бүгінде 218 691 адам алимент бойынша берешек. Оның ішінде 212 845 ер адам, 5 846-і әйел. Бұл былтырмен са­лыс­тырғанда балалары алдындағы жауапкершіліктен жалтару­шы­лардың саны 5 пайыздан асқанын көрсетеді. Айталық, 30 241 ер адам және 1 648 әйел үш айдан бері балаларына алимент төлемей жүрген көрінеді. Сондай-ақ 77 әке мен 489 ана балаларымен қарым-қатынас жасау тәртібін қаперіне ілмеген. Бұдан бөлек, 17 мыңнан аса іс сот қарауында жатыр. Соңғы жылдары алимент тө­леуден қашып жүргендерге жаза да күшейтілді. Бұрын балалары алдындағы борышын орындаудан жалтарғандар әкімшілік жауап­кершілікке ғана тартылса, қазір ата-аналық парызға пысқыр­май­тындар темір торға қамалуы да мүмкін. Қазір алимент төлеуден жалтарушыларға қарсы түрлі рейдтік шаралар да ұйымдас­тырылып, ол бойынша мүлкі де тәркіленеді. Десе де, кәсібін өзге адамның атына рәсімдеп, кейде жұмыс берушілермен келісіп, айлық жалақысын ең төменгі күнкөріспен бағалатқызады. Адвокат Алмас Сәлпеков алимент төлегісі келмейтіндердің жиі жүгінетінін жасырмайды. Табысы төмен адамдар ғана емес, ауқатты кісілер де алимент төлегілері кел­мейді екен. Сол үшін сот бо­рыш­керлерге баласы алдындағы қа­рызды мәжбүрлі түрде орындауға міндеттейді.

Алиментке алынған көлік

Заңгердің айтуынша, елімізде ажырасқан азаматтардың үштен екісі уақытылы, ал әрбір оныншы борышкер алиментті мүлдем тө­лемейді. Оның себебі көп. Мәсе­лен, тұрақты жұмысы жоқ адамдар бар. Екіншіден, кірістерін әдейі жасырады. Үшіншіден, балалар­мен тұрақты сөйлесуге және ақ­шаны мақсатты пайдалану туралы сенімді ақпарат алуға мүмкіндігі жоқтар бар. Кейбір кездері ортақ баласы мүгедек болып туылғаны үшін ғана ажырасып, алимент төлеуден жалтаратындар өз тара­пынан заңгерлік кеңес алуға жү­гінетін көрінеді. Кейбір адамдар баласына деп берген қаржының мақсатсыз жұмсалғанына өкпелі. «Әйеліммен заңды түрде ажырас­қаныма 5 жыл болды. Сот екі ба­ламды анасының қарауына қал­дырды. Қанша тырыссам да бала­ларды өзіме қалдыру мүмкін бол­мады. Ай сайын 200 мыңнан аса ақшаны бұрынғы әйелімнің карточкасына аударып жүрдім. Сөйтсем ол берген ақшама астына көлік алып, жылда шетелде дема­луға барады. Балаларды кері қай­тару үшін сотқа шағымданып едім. Арызым қанағаттан­ды­рыл­ма­ды. Ерегіскенде бұрынғы жұ­мыс­тан шығып, айлығы аз жұ­мыс­­қа кірдім. Қалған ақшаны ба­ла­ла­рыммен кездескенде өзде­ріне қа­жетті дүниелерді сатып алып бе­ремін», – дейді Мәди Жұмабек.

Аналар қалай ақталады?

Өмірде айрандай ұйыған от­басылардың да шаңырағы шайқа­латын кездері көп. Оның себебі де сан түрлі. Бірақ ата-анасының ажырасуы балаларға психо­ло­гиялық әрі материалдық тұрғыда ауыр соққы болып тиеді. Өкінішке қарай, соңғы жылдары өз отбасын тастап, балаларын әкесінің жа­уап­кершілігіне қалдырып кететін аналардың арасында да алимент төлеуден жалтаратындар көбей­ген. Соңғы дерекке сүйенсек, бір ғана Шығыс Қазақстан облы­сында 808 әйел алимент бойынша берешек. Сондай-ақ Қарағанды облысында – 738, Қостанай об­лысында – 689, Ақмола облы­сын­да – 450, Алматы облысында – 392, Жамбыл облысында 350 әйел туған баласы алдындағы али­ментті төлеуі тиіс. Есте болса, жуырда ғана Түркістан облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Жетісай аудандық про­бация қызметі бөлімінің есебінде тұрған Күмісай есімді әйел қа­мауға алынды. Ащы суға әуес­тігінің салдарынан шаңырағын шайқалтып қана қоймай, алты баласының көзін жәутеңдетіп тастап кеткен әйелдің ісі ақтауға тұра ма? Ал Асыл есімді келіншек ба­рар жер, басар тауы қалмаған соң балаларын әкесінің қарауына бергенін айтады. «Өз ата-анамның жағдайы жақсы деп айта алмай­мын. Өзімнен үлкен әпкелерім де ажырасып, балаларымен қайтып келді. Соның өзі қарт ата-анам­ның жүрегіне салмақ салды. Бұ­рынғы күйеуімнің озбырлығына он жыл шыдап келдім. Бас-көзге қарамай жұдырық ала жүгіретін күндері үйдегі ата-енем де араша түспейтін. Қаршадай үш балам анасының әлсіздігіне мойын­сұнып, қорыққандарынан үндері шықпай отыратын. Ол үйден кет­песем, балаларым мәңгі жетім қалатынын білдім. Сөйтіп, ажы­расуға арыз беріп, балаларды уақытша әкесіне қалдырдым. Өзіммен бірге алып кеткім келеді. Бірақ оқымаған адамды қандай жерге жұмысқа қабылдасын? Азын-аулақ табысым күнкөрістен артылмайды», – дейді көз жасына ерік берген Асыл. Гүлім болса опасыздығы үшін бұрынғы күйеуінен ажырасып ке­тіпті. «Сыртымнан басқа бі­реуден кездесіп жүріпті. Білген күні айқай-шу болып, артынан ажырасып тындық. Мені үйден қуып жіберді. Баратын жерім болмады. Жалдамалы пәтерде екі баламен қаңғырып екі ай жүрдім. Екі баламен жұмысқа тұру мүмкін болмады. Амал жоқ, балаларды әкесімен қалдыруға шешім қа­былдадық. Балаларымның әкесі де кешірім сұрап, оралуға көндіре бастады. Өзім бас тарттым. Содан кейін ол сотқа жүгініп, балаларға алимент төлеуге міндеттеді. Ай­лығымды балаларымнан жасы­ра­тын ойым жоқ. Ақша түссе бірден қыздарыма жіберемін. Бірақ мау­сымдық жұмыс болған кезде ай­лық түспей қалады. Ондай кезде балаларға алимент төлемек түгілі нанымды әрең тауып жеймін», – дейді алматылық Гүлім. Нұр-Сұлтан қаласы сот орын­дау­шы­лары өңірлік палатасы бас­ты­ғының орынбасары Мәдина Жа­насаева алимент бойынша бе­решек әйелдердің жағдайына бір­жақты баға беруге болмайты­нын айтады. Өйткені балаларын тастап кеткен әйелдердің ара­сын­да тұрмыстық зорлық-зомбы­лық­қа ұшырағандар мен баспанасы жоқ, тұрақты айлығы болмайтын жағдайлар жиі болады екен.

Заңнамаға өзгеріс керек

Адвокат Алмас Сәлпеков ба­лаларын жалғыз өзі асырап жүр­ген әкелерді жиі көретінін жет­кізді. «Алиментті өндіре алмай жүрген кісілер де, заңгерлік кеңес сұрап жүгінетін борышкер әкелер де бар. Көбісі беріп жатқан ақ­шасының баласына жаратылмай­тынын, керек болса баланы өзі асы­рап алуға ниеттері барын ай­тып келеді. Аналар болса, бала­ларға әкелері берген ақшасы жет­пей жатқанын айтып жылар­ман күйге түседі. Бірақ өз тәжі­рибемде алиментін бермей жүрген аналардың үстінен шағым айтып келгендер болған жоқ», – дейді адвокат. Десе де, бала ортақ. Сондықтан ата-ана бала үшін жауапты. Егер жауапкершіліктен жалтаратындар көп болса, заңды қатайту керек. Осылай деген адво­кат Алмас Сайлаубекұлы: «Мысалы, Германияда алиментті тікелей борышкерден алмайды. Әр балаға қанша керек, соны мем­лекет жәрдемақы түрінде тө­леп береді. Бірақ балаға берілген ақшаны мемлекет борышкерден өзі өндіріп алады. Біздің тәжіри­беде тұрақты жұмысы бар аза­мат­тардың 1 бала үшін жалақысының 25 пайызы, екі балаға 33 пайызы, үш балаға 50 пайызы бөлінеді. Көп жағдайда алимент төлеушілер табысын жасырады. Оны дәлелдеу өте қиын. Екіншісі, шындығында да борышкерлер тұрақты жұмысқа орналаса алмайды», – дейді. Алимент өндіре алмай жүрген аналардың дені ауыса беретін сот орындаушыларының әрекетінен әбден қажыған. Басында мил­лион­даған қарызы бар борыш­керлер қағаз бойынша тақыр ке­дей болғанымен, көбісі іс жүзінде керемет коттеджде тұрып, қымбат көлікті тақымдайды. Өйткені сот орындаушылары келсе, барлық мал-мүлігін туған-туысына ауда­рып, есепшотындағы еңбек­ақы­сын екі есе кемітіп көрсету үшін есепшілермен ауыз жаласады. Қағаздағы көрсеткішке кө­бірек сенетін біздің елде алимент бойынша борышкерлердің қа­зынасын тексеруге рұқсат жоқ. Есігін ашуға ерінетін, қайтара келсе қарғысын жаудыратын бо­рышқорлардың артынан жү­гі­руден шаршайтын сот орындау­шылары алимент өндіріп беруден жиі бас тартады. «Қылмыстық кодекске» сүйенсек, қарызы 6 ай­дан асып кетсе алимент төлеу­шілердің үстінен қылмыстық іс қозғалады. Бірақ жұмыссыздықты сылтауратып, жалақы көлемін жасырып, жиған-тергенін туы­сының атына тіркеп қойып тай­раңдап жүргендердің қарасы қалың. Айлықтың аздығы, жұмыстың жоғы бала алдындағы борыштан бас тартуға негіз болмаса керек-ті. Біздікі бала үстіндегі жыртық ата-ананың бетіндегі тыртық екенін түсінер күнге жетсек екен деген тілек қана.

Жадыра МҮСІЛІМ