Грант бөлінісі: еңбек нарығында сұраныс қандай?
Грант бөлінісі: еңбек нарығында сұраныс қандай?
668
оқылды

Биыл барлығы 56 мың білім беру гранты бөлінді. Көпшілікке тізімде қандай мамандыққа грант көп бөлінгені қызық. Өйткені бірнеше критерий бойынша педагогика бағытын таң­да­ған­дардың саны артқанын білеміз. Жалпы, грант көп бөлінген мамандықтарға еңбек нары­ғында сұраныс бар ма? Қандай мамандықтың жалақысы көп?

Қай мамандыққа көп грант бөлінді?

Бұрын 51 мың мемлекеттік білім беру гранты бөлінетін. Биыл оған қосымша 5 мың грант қо­сылды. Оның үстіне, әлеуметтік статусы бар талапкерлерге басым­дық берілгені тағы бар. Тарқатып айтсақ, әлеуметтік осал санаттағы көпбалалы немесе толық емес отбасылардан шыққан балалар, ерекше білім беру қажеттілігі бар талапкерге мүмкіндік берілген. Оған қоса, тиісті квота бойынша гранттарды жетім балалар мен этникалық диаспора өкілдері алды. Мысалы, педагогикалық маман­дықтарға 11 мыңға жуық грант берілсе, соның мыңнан астамына жеңілдігі бар санаттағы азаматтар ие болған. Әрине, талапкерлер арасын­дағы бәсекені айтпасқа болмас. Өйткені биыл грант тағайындау конкурсына қатысу үшін 75 мың­нан астам талапкер құжат тапсыр­ған. Үміткерлердің арасында 8 мың­нан астам «Алтын белгі» ие­гері, 800-ден астам халықаралық және республикалық олимпиада­лардың жеңімпазы, сондай-ақ халықаралық спорттық жарыстар­дың 520 жеңімпазы бар. Егер ұпайлар тең болған жағдайда олар­дың басым құқығы есепке алы­натыны бар. Сонымен, грант иегері атан­ғысы келгендердің басым көпшілігі «Білім беру» және «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша құжат тапсырған. Демек, бұл талапкерлер арасындағы жиі таңдалған маман­дықтар ретін нұсқайды. Одан кейін түлектер ақпараттық-коммуни­кация­лық технологиялар, құқық, дизайн, менеджмент білім беру бағытын белгілеген. Жоғарыдағы мамандықтарға көз жүгіртсек, талапкерлердің нарықтың ырқына бағынғанын көруге болады. Айта кетерлігі, педагогика бағыты бо­йынша шекті балл 75-ке көтерілген. Бұл аталған бағыт бойынша бәсе­ке­нің жоғары болғанын көр­сетеді. Тағы бір ескерер жайт, гранттар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне және жұмыс берушілердің сұра­нысқа ие мамандықтар туралы ақ­паратына сай іріктелген. Мәсе­лен, гранттың ең көп бөлігі ин­женер­лік, өңдеу және құрылыс салаларына бөлінді – 17 028 грант. Одан кейін педагогикалық ғылым­дар – 9 573, ақпараттық-коммуни­кация­лық технология – 7 487, жаратылыстану ғылымдары – 4 088, ауыл шаруашылығы ғылым­дары – 1 895, денсаулық сақтау саласын­дағы мамандықтарға – 2 700, өнер және гуманитарлық ғылым­дар – 1 615, бизнес, басқару және құқық – 1 223, әлеуметтік ғылымдар, жур­налистика және ақпарат маман­дық­тарына 960 грант бөлінді. Аталған мамандықтар шеңберінде «Серпін» бағдарламасы бойынша да гранттар қарастырыл­ған.

Еңбек нарығы не дейді?

Мамандықты сұранысқа, еңбек нарығына лайықтап таңдай­тынымыз белгілі. Жоғарыдағы грант бөлінісі еңбек нарығындағы орынды толтыра ала ма? Мысалы, 2020 жылдың үшінші тоқсанында елімізде 176 мың бос жұмыс орны көрсетілген. Өнеркәсіп, құрылыс, көлік саласына қатысты 40 мыңнан астам бос жұмыс орны туралы ақпарат жарияланған. Десе де, Еңбек министрлігі жоғары білімді қажет ететін 35 сұранысқа ие мамандық және техникалық және кәсіптік білімді сұрайтын 65 мамандықтың тізімін жариялады. Ішінде IT-мамандар, 3D модельдеу және толықтырылған нақтылық жөніндегі инженерлер, машинааралық оқыту жүйелері бойынша, жаңартылатын энергия көздері бойынша, өндірістің аддитивті технологиялары бойын­ша инженерлер бар. Сондай-ақ өндірісті автоматтандыру кезеңінде талап етілетін «ақылды» қала құрылысы, пилотсыз авиациялық жүйелер инфрақұрылымының сәулетшілері мен жобалаушылары, графикалық және мультимедиялық дизайнерлер мамандықтары кірген. Байқасаңыз, мамандық атауы күрделі әрі заманауи. Көз алдыңызға толығымен жабдық­талған сенсорлы жүйе мен цифрлар елестеген болар. Себебі алдағы 15 жылда жұмыс орындарының 30%-ын техника мен роботтар алмас­­тырады деген болжам бар. грант Параметрлер негізінде еліміздің индустриялық-инновациялық дамуы, «Цифрлы Қазақстан», көлік инфрақұрылымын дамыту бағдар­ламасы мен «Қарапайым заттар эко­номика­сына» басымдық беріл­ген. Одан бөлек, еңбек нарығында ұсынылған 1 300 мамандыққа, «Атамекен» ҰКП мен оқу орын­дары­ның жұмыс берушілерден алған 700-ге жуық сауалнамасын талдау нәтижесінде мамандықтар тізімі бекіген. Сондықтан да қажет мамандықтар көшін IT технология бастап тұр. Көбіне техникалық мамандықтарға басымдық беріл­гені тағы бар. Әлеуметтанушылардың ай­туын­­ша, талапкерлер арасында әлі де заңгер, қаржыгер, судья бо­луға талпынатындар жетерлік. Бірақ еңбек нарығына үңілсек, заңгер мамандығын бітіргендердің жарты­сынан көбі жұмыссыз жүр. Ал жастардың педагогикалық бағытты таңдауына мемлекет пен минис­трлік стимул беріп отыр. Стипендия әдеттегі студенттікінен жоғары, мектептегі айлық табыс жоғары, қоғамдағы мәртебе биік­теп келеді. Осының өзі талапкердің мамандық таңдауына түрткі болады екен. Демек, мамандыққа қолдан сұра­ныс тудыруға болатынының айқын дәлелі. Одан кейін әлеумет­тану­шы­лар жастардың интернет кеңіс­тігіндегі мамандықтарды меңгеруге ден қойғанын айтады. Мысалы, ин­тернет маркетолог, контент ме­неджер, продюсер, видеограф. Атал­ған мамандықтарға қазір сұра­ныс басым. Егер өз ісіңді жетік біл­сең, табысың да жоғары. Соған сай бұл салада бәсекелестік артып келеді. Белгілі кәсіпкер Ахмет Нұрсила да әлеуметтік желі­дегі маркетингті меңгерген жөн деп отыр. Оның айтуынша, кәсіпкер­лердің 90%-ы интернет арқылы табыс табуға көшкен.

Жалақысы жоғары мамандықтар

«Мамандық таңдау мектебінің» негізін қалаушы Санелай Қуаныш­бекова профорентология сала­сында жүргеніне біраз уақыт бол­ған. Сондықтан талапкерлердің сұ­рауы бойынша жалақы, универ­ситет, мамандық туралы жиі кон­сультация береді. Оның айтуынша, елімізде мұнай-газ саласында табыс жоғары. Бірақ жұмыс табу жағы қиын. Статистика бойынша, бір орынға 6 мұнайшы таласады екен. Мысалы, мұнайшының орташа табысы 197 мың теңге болса, ең жоғары табысы 3 млн тең­геден асады. Мамандық атауына келсек, «Ұңғымаларды бекіту» мамандығы – 1 млн 800 мың, «Бұрғылау бойынша инже­нер» – 854 мың теңге. «Бұрғылау бойынша техник» 787 мың теңге алады. Қазір «Бизнес кеңесші» маман­дығының да дәурені жүріп тұр. Олардың орташа айлық табысы – 140 мың теңге болса, жоғарғысы 1 млн теңгеден асады. Бизнес кеңес­шілер тікелей компания­лармен жұмыс істейді. Нарықты зерттеп, бизнес жоспар құрып, келісім жасайды, персоналды сертификат­тауды мойнына алады. Про­форентологтің айтуынша, бұл ма­мандықпен жұмыс табу әлде­қайда жеңіл. Бір орынға 1-4 маман таласады. Одан кейін елімізде ұшқыш­тардың айлық табысы жоғары. Орташа жалақысы – 991 мың теңге. Борт инженер айына 760 мың теңге, штурман 660 мың, экипаж командирі айына 10 мың доллар алады. Санелай Қуанышбекова елімізде ұшқыштарға сұраныс бар деп отыр. Өйткені компаниялардың көбінде шетелдік мамандар жұмыс істейді. Білім мен білігі сәйкес келсе, талапкерлер шетелдің ма­мандарды нарықтан ысыра алады. Әрине, IT мамандардың да жалақысы жоғары, еңбек нары­ғында сұраныс жыл санап артып келеді. Орташа табыс 118 мың тең­геден басталып, 500 мың теңгеден асып жығылады. Маркетологтердің де айы оңынан туып тұр. Олар біліктілігіне сай 800 мың теңгеге дейін жалақы ала алады. Проф­орентологтің тағы бір айтқаны жастар арасында «Құқықтану», «Қаржыгер», «Экономист», «Ха­лық­аралық қатынастар» маман­дығына сұраныс жоғары. Соған сай грант аз бөлінеді.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ