Тәуелсіздік шежіресіндегі бұл жылды әлемдік саясаттағы айымыз оңынан туған кезең деп бағалауға болады. Қазақстан БҰҰ-дан кейінгі екінші саналатын Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) төрағалық тізгінін қолға алды. Жыл соңындағы Астана Саммиті де халықаралық дәрежедегі тың бастама еді. Одан бөлек, ядролық қауіпсіздік, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Кеден одағы сынды тағы да басқа бағыттағы жұмыстар жандана түсті. Ал ел өмірінде Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы іске қосылды.
ЕҚЫҰ-ға төрағалық – тарихи миссия
Сонымен, 2010 жылдың басты саяси оқиғасы – Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткені. Мұндай мәртебеге бұған дейін Орталық Азия аумағы ғана емес, тіпті ТМД елдері арасында да ешкім ие болмаған болар. Осылайша, еліміз Ванкуверден Владивостокқа дейінгі аумақты алып жатқан ұйымға Еуропа төріндегі 56 мемлекеттің атынан төрелік айтып, халықаралық аренадағы орнын кезекті рет нығайтып алды. ЕҚЫҰ-ның беделі мен ауқымы жағынан Біріккен Ұлттар Ұйымынан кейінгі екінші орында тұрғанын ескерсек, бұл тарихи миссияны Қазақстан үлкен абыроймен атқарып шықты. Төрағалық аясындағы табанды жұмыстар «Сенім. Дәстүр. Ашықтық. Төзімділік» атты ұранмен өрбіді. 29 маусым күні елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен ЕҚЫҰ-ның толеранттық және кемсітпеушілік жөніндегі жоғары деңгейдегі конференциясы өтті. Жиын барысында Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан төрағалық етуші ел ретінде ұйымның барлық аумағында толеранттық, этносаралық бейбітшілік және конфессияаралық келісім идеясын алға жылжытуға өз үлесін қосуға шын ниетімен күш салатынын жария етті. «Мәселенің мәні құны өте жоғары адам өміріне байланысты. Егер ЕҚЫҰ-ның халық арасындағы миссиясы осы проблеманы шешудегі қосымша күшке айналатын болса, онда бұл әлемдік оң жағдайға ұйымның қосқан ең маңызды үлесі болары анық», – деді Нұрсұлтан Назарбаев. 17 шілдеде Алматы қаласында ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлерінің бейресми кездесуі өтті. Оған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысты. «Лаңкестік, аштық, кедейшілік, экологиялық апаттар, эпидемиялар, ұлтаралық және дінаралық қақтығыстар – бүгінгі адамзат баласының бас қосып шешер алдыңғы қатардағы түйткілді мәселесі. Бұлармен күрес жүргізу ЕҚЫҰ сияқты қызмет аясы көпқырлы және беделді институттардың бар күш-жігерін жұмсауын қажет етеді. Сондықтан бүгінгі жиынды өткізу – тұтастай алғанда адамзат үшін маңызды» – деді Елбасы өз сөзінде. Бір атай кетерлігі, ЕҚЫҰ-ның Төрағасы ретінде Қазақстан 2010 жылдың сәуірінде Қырғызстанда болған саяси жағдайды реттеу ісіне айрықша үлес қосты. Қазақстанның қабылдаған шараларының арқасында айыр қалпақты ағайынның елінде азаматтық соғысқа жол берілмеді, нәтижесінде ол елде құқықтық алаңда жұмыс істейтін билік жүйесі қалыптасты. Осылайша, еліміз қауіп-қатерлерге толы ХХІ ғасырдағы жаһандық деңгейдегі қауіпсіздік пен ынтымақтастықты қамтамасыз ету ісіне сүбелі үлес қосты.Астана Саммиті – ұрымтал сәт
1 желтоқсан күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік сарайында ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитінің отырысын ашты. Жалпы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының соңғы саммиті 1999 жылы Стамбұлда өткен болатын. Содан бергі 11 жылда жаһандық қауіпсіздікке қатер төндірген ахуал күшейе түсіп, ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің басшыларын бір үстелдің басында қосу қажеттілігі әлдеқашан туған еді. Осы ұрымтал сәтті Қазақстан өте шебер пайдаланып, төрағалық тұсында оны тиімді жүзеге асыра білді. Осылайша, жыл қорытындысындай болған Астана Саммиті ел тарихы үшін ғана емес, әлемдік қауымдастық үшін де елеулі оқиға болды. Халықаралық жиынға жер шарындағы барлық құрлықтан, яғни Еуропа мен Азиядан, Солтүстік Америка мен Австралиядан 75 елдің делегациясы қатысты. Олар – 5 мыңнан астам шетелдік қонақ пен 1,5 мыңнан астам қазақстандық және халықаралық БАҚ өкілдері. ЕҚЫҰ аясында әмбені алаңдатқан өңірлік қақтығыстардың қатері сөз болды. Саммитке қатысқан жоғары деңгейдегі тұлғалар «мемлекеттер өзара түсінісіп, қатерлермен бірлесе күресуі керегіне» барынша назар аударды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Астана Саммитінің ашылуы салтанатында «Байырғы қазақ жерінде, Еуразияның жүрегі, Қазақстанның елордасы – Астана қаласында мыңжылдықтар бойы адамзат тарихын жасаған ұлы халықтардың диалогы басталғанын» ерекше ілтипатпен атап өтті. Бұл басқосудың ең басты нәтижесі Астана декларациясының қабылдануы еді. Декларацияда ЕҚЫҰ-ның барлық нормалары, қағидалары мен міндеттемелері қайта пысықталып, оның ауқымы мен аумағы да кеңейтіліп, қайта бекітілді. «Декларация – еуразиялық және еуроатлантикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің біртұтас және бөлінбес кеңістігіндегі жаңа кезеңнің бастауы болуы мүмкін. Астана Саммитінің табысы бұл бүкіл ЕҚЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің табысы болып табылады», – деп атап көрсетті Елбасы Саммиттегі қорытынды сөзінде.Ядролық қауіпсіздіктің жаңа тынысы
7 сәуір күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесті. Ақордада болған кездесу барысында Бас хатшы Елбасына ядролық қарудан өз еркімен бас тартып, оны Қазақстан аумағынан шығартқаны үшін тағы да алғысын білдірді. «Біз Сізге Қазақстанның ядролық қаруды жасау және таратпау бағытында жасаған әрекеттерін жоғары бағалайтыныңыз үшін алғысымызды білдіреміз. Біздің ядролық қаруды таратпау ісіне қосқан үлесімізді былтыр желтоқсан айында АҚШ пен Ресей лидерлері де бірлесе жасаған мәлімдемелерінде атап өтті. Ядролық қарудан қатты зардап шеккен және одан өз еркімен бас тартқан ел ретінде Қазақстан басқа мемлекеттерді де одан бас тартуға үнемі шақырып отырады», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Ал 11 сәуір күні АҚШ-қа сапарында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Америка Құрама Штаттарының президенті Барак Обамамен «Блэр Хаус» ресми резиденциясында кездесті. Кездесу барысында ол АҚШ президентінің Ядролық қауіпсіздік жөніндегі ғаламдық саммитті шақыру, Ресеймен Стратегиялық шабуылдық қару-жарақ (АҚШ) туралы жаңа шартқа қол қою, АҚШ-тың жаңа ядролық стратегиясын қабылдау сияқты ядролық қарусыз әлем қалыптастырудағы үлкен қадамдарға себеп болған халықаралық қауіпсіздік саласындағы бастамаларын және жетістіктерін айрықша атап өтті. Кездесуден кейін президенттердің бірлескен мәлімдемесі жарияланды. Онда екі ел басшысы да ядролық қарусыз тіршілікті таңдайтыны айтылған. «АҚШ Қазақстан Президентіне ядролық қарусыздану және қауіпті қаруды таратпауға қосқан үлесін ерекше атап өтті», – деп атап көрсетілген мәлімдемеде. Сондай-ақ АҚШ президенті Барак Обама хақықаралық ядролық отын банкін орналастыру туралы ұсынысы үшін қазақстандық әріптесіне алғыс білдіріп, Қазақстанның МАГАТЭ директорлар кеңесінің мүшелігіне кіруге деген талпынысын қуаттады.ШЫҰ: хартия аясын нығайту
Осы жылы 11 маусымда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ташкентте өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшыларының кезекті саммитіне қатысып, сөз сөйледі. «Шанхай ұйымын құрудағы басты мақсаттардың бірі – 2002 жылы 7 маусымда қол қойылған ұйымның хартиясына сәйкес, өзара сенім мен достықты, тату көршілік жағдайды нығайту, саяси, сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, мәдени, білім беру, энергетикалық, көліктік, экологиялық және басқа да салалардағы тиімді ынтымақтастықты дамыту көзделген. Бүгінде саммиттің негізгі міндеті өңірдегі бейбітшілікті, тұрақтылықты, қауіпсіздікті ұстап тұру, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту. Әлемдегі энергоресурстардың тапшылығы ШЫҰ-ның энергетикалық қоғамдастықты құруына түрткі болуы тиіс. Бұл қоғамдастықтың аясында энергоресурстарды өндірушілердің, тасымалдаушылардың және тұтынушылардың стратегиялық мүдделерін үйлестіретін боламыз. Трансқұрлықтық автокөлік инфрақұрылымын белсенді дамытып отырған Қазақстан ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы Халықаралық автомобиль тасымалдары мен оның қосымша бөлшектері үшін қолайлы жағдай жасау туралы келісімді келісуді шапшаңдатуды ұсынады», – деді Елбасы ұйым жұмысын жандандыра түсу аясында.Кеден Одағы Декларациясы
2010 жылдың 1 қаңтарынан бастап Кеден Одағы іске кіріскен болатын. Беларусь, Қазақстан, Ресей елдерінің арасында жаңа экономикалық кеңістік пайда болды. Сарапшылар бұл құрылымды «ТМД аясында қалыптасқан экономикалық бірлестіктер мен интеграциялық үрдістердің ең дамыған түрі» деп атады. 170 миллион адамдық нарықты қамтитын жаңа кеңістіктің жыл соңында жаңаша сипат алатыны жарияланды. 9 желтоқсан күні Мәскеу қаласында өткен Кеден одағының Жоғарғы органының отырысында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Беларусь президенті Александр Лукашенко, Ресей президенті Дмитрий Медведев үш мемлекет арасында Бірыңғай экономикалық кеңістік құру жөніндегі декларацияға қол қойды.Үдемелі даму табалдырығында
2010 жылы қолға алынған басты жобалардың бірі – «2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы». Оның аясында республикалық және өңірлік деңгейдегі индустриаландыру карталары әзірленіп, ол екі кезең бойынша жүзеге аса бастады. Соның алғашқы кезеңі + 2010 жылдың бірінші жартыжылдығында жалпы құны 380 миллиард теңгеден асатын 72 ірі өндіріс нысаны пайдалануға берілді. Ал жыл соңына таман жалпы құны – 450 миллиард теңгеден асатын 80 ірі инвестициялық жоба іске қосылды. Осылайша, бір ғана жыл ішінде республикамызда жалпы құны – 800 миллиард теңге болатын 152 ірі индустриалды-инновациялық өндіріс орындары іске қосылды. Қазақстан Үкіметі тарапынан жүйелі жүргізілген жұмыстардың арқасында 2010 жылды табысты аяқтады. Жыл қорытындысына сәйкес, ел экономикасының қозғаушы күшіне айналған барлық негізгі салаларда өсім байқалып, қысқамерзімді экономикалық индикатор 2009 жылмен салыстырғанда 107,2 пайыз болды.Нұрлан ҚОСАЙ