Елімізде 80 мыңға жуық адам жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алады. Бұл жайында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Министрліктің хабарлауынша, 1 тамыздағы жағдай бойынша мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алушылардың саны 77,9 мың адамға жетті. Биыл 52 мың адамға төлем алғаш рет тағайындалды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жұмыссыз қалған азаматтар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айырылуы бойынша әлеуметтік төлем алады. Төлем жоғалған кірістің 40%-іне дейінгі мөлшерде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры қаражатынан төленеді. Ол үшін жұмыссыз қалған азамат:- eGov.kz порталында авторизациялану; "Жұмысқа орналастыру және жұмыспен қамту" бөлімінде "Жұмыс іздеуші адамдарды тіркеу" қызметін таңдау;
- онлайн-қызметке тапсырыс беріп, барлық жолдарды толтыру және оған электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қойып, өтінімді жіберу қажет;
- бір күн ішінде тұрғылықты жеріңіздегі халықты жұмыспен қамту орталығы бос жұмыс орындарын ұсынады;
- егер жұмыс табылмаса, 3 жұмыс күні ішінде жұмыссыз мәртебесі беріледі. Ол қашықтан жүзеге асырылады (қажет болған жағдайда сізге халыққа қызмет көрсету орталығы қызметкері қосымша ақпарат жинау үшін хабарласады).