Бүгінгі қоғамда қыз-келіншектердің биік лауазым иеленіп, жоғары мінбелерден көрініп жатқаны шындық. Былтыр «Nur Otan» партиясының праймеризінде де әйелдердің қарасы аз болмаған. Партиялардың Мәжіліс пен мәслихаттарға арналған тізімдерінде де әйелдер мен жастар үлесі 30 пайыздан кем болмауы керек. Заңда солай көрсетілген.
Ауыл әкімдері сайлауында да әйелдер біршама белсенділік танытты. Бірқатарына елдің таңдауы түсіп, дауыс саны жағынан қарсылас ер азаматтардың арасынан суырылып шығып, жеңіске жетті. Бүгінгі кейіпкеріміз – жақында өткен сайлауға түсіп, өзі тұрып жатқан Аршалы ауданы Волгодоновка ауылының тізгінін ұстаған Тыныштық Қыдырбаева. Елорданың дәл іргесіндегі Волгодоновка ауылдық округіне Волгодон ауылымен қатар Қойгелді және 42 разъезд елді мекені кіреді. 2 мыңнан астам түтін түтетіп жатқан ауылдың негізгі бөлігі елордаға қатынап қызмет етеді. Басым бөлігі тіршілігін мал және егін егумен табады. Дегенмен ауылдағы әлеуметтік мәселелердің көбеюі әйел адамның белін бекем бууына себепші болса керек.Әкімдер келімді-кетімді болған соң сайлауға түскен
Тыныштық Ұзақпайқызы сонау Маңғыстау облысы Бейнеу ауданында дүниеге келсе де, арман қуып елордаға келіп қызмет еткендер қатарынан. Кейін осы өңірде біржола тұрақтап, жолдасы да, өзі де елорданың іргесіндегі Волгодоновкаға қоныс тепкенді жөн санапты. Кейіпкеріміз билікке араласуына негізгі себеп өз ауылына басшылыққа келген әрбір әкімқаралардың осы ауылдан емес, келімді-кетімді адам болғанына іштей налығанынан екенін айтады. «Осы уақытқа дейін Волгодоновка ауылында мектепте оқу және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып жұмыс істедім. Әрине, ауылда мәселе өте көп. Әйел адам болған соң халық сеніп тапсырған лауазымның жүгі ауыр екенін жақсы түсінемін. Дегенмен он жылдан астам осында тұрғанда әкімдердің ауданнан немесе қаладан келіп-кетіп қатынап істейтінін көрдім. Сондықтан елге тұрақтамай жиі ауысып жатты. Соңғы әкім зейнетке шыққан. Ауылдағы өзекті мәселелердің шешімін таппай жатқаны жаныма бататын. Әсіресе, шұрық тесікке айналған жолымыз, төгілмей жатқан қоқыстар, басқа да әлеуметтік күрделі мәселелер толғандырды. Соқырішектей болған бар-жоғы бес-ақ шақырым жолымыз республикалық маңызға ие екен. Бірақ еш нәрсе өзгермеді. Содан не болса да ел ішінен бір адам шығу керек қой деген оймен сайлауға түсуге бел байладым. Әрине, елге аста-төк уәде беруден аулақпын. Дегенмен қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, сеніп тапсырылған ауыр жүкті абыроймен әрі жауапкершілікпен атқарсам деген ниетім бар», – дейді Тыныштық Ұзақпайқызы.Ауылдың тазалығына мән беремін
Ауыл тізгінін қолға алған жаңа әкім алғашқы қадамы тазалықты қолға алудан бастауды жөн санағанын айтады. Осы орайда жергілікті кәсіпкерлердің де қолдау көрсетіп, бетін қайтармай демеушілік көмектерін жасап жатқанын алға тартты. «Әйел болған соң жан-жағыңның, жалпы бәрінің тап-таза болғанын қалайсың ғой. Мен де ауылымның мұнтаздай болып, абаттандырылғанына барынша назар аудармақпын. Сондықтан ауылдың кіреберісінен бастап ағаштар егіліп, қоқыстардың төгілуіне көңіл аударып жатырмын. Ауылдың ортасында ескі бұзылған балабақша ғимараты бар. Шыны керек, кім көрінген әбден қоқыс үйіндісіне айналдырған. Тіпті, көліктерімен әкеліп сол жерге төгіп кететінін де талай көргенмін. Соны сүріп тастап орнына ауыл адамдары мен жастар демалатын гүлзар жасап, ағаштар егіп, орындықтар қойсақ па деймін. Оған жергілікті кәсіпкерлермен де келісіп, қоқысын тазартып қойдық. Орындықтар да әзірленді. Сондай-ақ ауылда қараусыз әрі иесіз қалған стадион мен ескі хоккей корты бар. Нысандар ешкімнің меншігінде болмай шықты. Енді соны әкімдіктің теңгеріміне кіргізіп, құжаттарын жасатып жатырмыз. Ауыл спортқа өте жақын. 7 жыл бойы ауыл аудандық «Ақ бидай» спартакиадасының чемпионы атанған. Сондықтан да осы спорттық нысандарды демеушілердің көмегімен қайта жаңғыруына жол ашуды жоспарыма енгіздім», – дейді Тыныштық Қыдырбаева.Ауылдың атын қазақшаландырсам деймін...
Жаңа әкім ауылдың тіршілігіне ғана емес, тіл мәселесіне де бейжай қарай алмайтынын аңғартты. Әсіресе, ауылының әлі күнге «Волга» және «Дон» өзендерінен қоныс аударған адамдар үшін «Волгодон» атанғанына іштей налитынын жасырмады. «Әрине, ауылда өзге ұлт өкілдері де көп тұрады. Осыған дейін де бұл жағдай бірнеше рет көтерілген. Жұмабек Тәшенов есімін берейік деп ол да жоғары жақтан кейін қайтарылған. Негізі, тарихи мәнге ие қазақ тілінде қолайлы келетін атты таппай біраз қиналдық. Біресе мораторий жарияланып, біресе басқа да себептермен ауылдың аты қазақшаланбай тұр. Ел бұрынғы «еліміз тоқ болсын» деген атауды ұсынып жатыр. Елде бұрын да осындай атау болыпты. Ескі де болса ауылдағы стадионда «Елтоқ» стадионы деп жазылып тұр. Осындай деректермен ауылдың атын қазақшаласақ па деймін», – дейді Тыныштық Ұзақпайқызы. Алдағы болашағына нық сеніммен қараған нәзік жанды әкім отағасының қашанда қолдау білдіретінін айтты. Саяси додада да жолдасының демеу болғанын атап өтті. «Мен үшін отбасым үш балам мен жұбайым, қолдаушым әрі тірегім. Жұбайым мектепте денешынықтыру пәнінің мұғалімі. Әрине, жалақысы ұстаздардың жалақысынан әлдеқайда төмен екенін білгеннен кейін сайлаудан бас тартсам ба деп те ойладым. Күйеуім «Әйелім бастық болып кетті!» деп үрікпейді. Керісінше, бастаған ісіме қолдау білдіріп, елдің дамуына үлес қосқың келеді ғой. Әлі-ақ бәрі дұрыс болады. Елдің батасын алып, құрметіне бөленесің деп сайлауға түсуіме түрткі болды. Сөйтіп, халықтың қалауымен әділ түрде өткен сайлауда жеңіске жеттім», – дейді Тыныштық Қыдырбаева. Ауыл әкімі биыл тұңғыш рет халықтың дауыс беруімен өткен әкімдер сайлауы бұрынғыдан гөрі әділ өтті деген пікірде. Оған өз көзімен де куә болған. «Әкімді халық сайлаған бұл саяси дода ауыл тұрғындары үшін тың әрі жағымды жаңалық болды. Халық «өздері тағайындай салады» деген стереотипті ойдан арылып, өз болашағы үшін белсенді дауыс берді. Тіпті, дауыс беру кезінде «әділ өтті ме, тексереміз!» деп көлігін сайлау учаскесінің алдына қойып, видео тіркегішін қосып кеткендер де болды. Сайлауға 5 адам түскен. Екі адамның құжаттары дұрыс болмай өтпей қалды. Үш адамның басқалары қаладан, ауданда әкімшілік қызметте істейтіндер болды. Бірақ халық «өз ауылымыздың ауасын жұтып, осы елде тұрады ғой» деп маған дауыстарын берді деп ойлаймын. Сондықтан да жауапкершілік жүгін арқалап, абыроймен елдің туын жықпай алға қадам бастырсам деймін. Сайлаудан кейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен де кездесудің сәті түсті. Аршалы ауданынан алты адам бардық. Соның ішінде Аршалы ауданында жалғыз әйел әкім болғандықтан, кездесуге мен де ілініппін», – дейді Тыныштық Ұзақпайқызы. Ел сенімін ақтауға ұмтылған әкімге біз де сәттілік тіледік.Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы