ҚАЗАҚСТАН-КОРЕЯ: серіктестік сенімнен басталады
ҚАЗАҚСТАН-КОРЕЯ:  серіктестік сенімнен басталады
548
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Рес­публикасына мемлекеттік сапар жасады. Жаһандағы дамуы жағынан алдыңғы қатарға кіретін елге сапар барысында Прези­дент көптеген кездесу өткізіп, тарихи-мәдени си­пат­тағы шараларға, іскер топтардың дөң­­гелек үстел отырысына қатысты.

Сапардың әлқиссасына көш­сек, Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапары Сеул қаласындағы Көк үйдегі ресми рәсімнен басталды. Қазақстан Президентін Оңтүстік Корея президенті Мун Чжэ Ин салтанатты түрде қарсы алып, құр­мет көрсетті. Содан соң  Қазақстан Президенті Кореяның ұлттық батыры Хон Бом Доның құрметіне орай өткен рәсімге қатысты.

Шынайы ықыластың белгісі

Мемлекет басшысы салтанат­ты жиындағы сөзінде, «бұл – Қазақстанның корей жұртына деген шынайы ықыласы мен зор құрметінің белгісі» деп атап өтті. – Мұндай іс-шаралардың та­рихи мән-маңызы айрықша. Қа­зақтар да, корейлер де тәуел­сіз­діктің қадір-қасиетін жақсы тү­сінеді. Хон Бом До – Кореяның азат­тығы үшін күрескен бірегей тұл­ға. Нағыз батыр, шынайы отан­сүйгіш. Генерал тағдырдың жазуы­мен өмірінің соңғы жылда­рын қазақ жерінде өткізді. Содан бері қанша жыл өтсе де атажұр­тында батырдың ерлігі ұмытылған жоқ. Оны біздің халқымыз да жақ­сы біледі, – деді Қазақстан Прези­денті. Қасым-Жомарт Тоқаев кезінде корей ұлтының көптеген өкілі Қазақстанға еріксіз қоныс аудар­ғанын, олардың арасында Ге Бон У, Цай Ден Хак, Ким Ман Сам сияқ­ты танымал тұлғалар барын атап өтті. – Жер аударылған корейлерді халқымыз бауырына басып, па­налатты. Олар қазақ елінде өсіп-өніп, нағыз отандастары­мызға айналды. Біздің елде әр этностың өз тамырынан ажырамай, тілі мен ділін сақтауына барлық жағдай жасалған. Корей диаспорасы да осы игілікті көріп отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Рәсім барысында Қазақстан Президенті Мун Чже Инге Корей халқының ұлттық батыры Хон Бом Доның қабірінен алынған топырақты табыстады.

Корея инвестициясы 6 млрд доллардан асады

Одан соң қос ел басшыларының екі­жақты келіссөздері басталды. Тараптар қазақ-корей стратегиялық әріптестігін одан ары дамытудың перспек­тива­ларын жан-жақты талқылады. Сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ерекше көңіл бөлінді. Корея Сонымен қатар мемлекеттер басшы­лары ғаламдық және аймақтық өзекті мәселелерді қарастырып, халықаралық құрылымдардағы өзара ынтымақтастықты талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Корея Қазақстанның Азиядағы ең маңызды стратегиялық әріптесі екенін атап өтті. – Бүгінде Қазақстанның экономика­сына 6 млрд доллардан астам корейлік инвестиция тартылған. Инвестиция тарту ісін бұдан былай да жалғастыра беру керек деп ойлаймын. Қазір Қазақстанда корея­лықтар қаржы салған 550 компания жұмыс істеп жатыр. Олардың арасында Samsung, Hyundai, Lotte, Posko және тағы басқалары бар. Өте жақсы инсти­туционалды база қалыптасқан, үкімет­аралық комиссия мен іскерлік кеңес жұмыс істеп жатыр, – деді Қазақстан Президенті. Мемлекет басшысы кореялық әріптесіне коронавируспен күресте көрсеткен гуманитарлық көмегі үшін алғыс айтып, қазақстандық QazVac вакцинасы туралы ақпаратпен бөлісті. Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Кореяның жоғары технологиялар мен денсаулық сақтау саласын дамыту тәжірибесіне қызығушылық танытты. Корей басшысы аймақтық және халықаралық үдерістерде Қазақстанның аса маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Мун Чжэ Ин екі елді байланыстыратын ерекше қарым-қатынастарды атап өтті. – Корей халқының Қазақстан халқына деген ықылас-пейілі ерекше. Біз үшін Қазақстан Еуразия құрлығының орталығы болып саналады. Біздің халықтарымыздың тарихи байланысы сонау Ұлы Жібек жолы­нан тартып, кейінгі этникалық корейлерді Қазақстанға жер аударумен жалғасты. Біз Қиыр Шығыстан жер аударылып барған корейлерді өзінің ыстық құшағын жайып қарсы алған қазақ халқының кеңпейілдігін ешқашан ұмытпаймыз, алғысымыз шексіз,– деді Оңтүстік Корея президенті. Келіссөздердің қорытындысы бойын­ша мемлекеттер басшыларының қатысуы­мен бірқатар екіжақты құжатқа қол қойыл­ды. Ал екі мемлекет президенттерінің масс-медиаға арналған  брифингінде өзара қарым-қатынасқа жоғары баға берілді. – Қазақстан Кореямен серіктестікті жан-жақты дамытуға баса мән береді. Біз өзара тиімді әріптестікті жоғары баға­лаймыз. Ынтымақтастықты тың қарқын­мен жал­ғастыруға мүдделіміз. Корея – жоғары технологиясы мен инновациялық өнеркәсібі дамыған қуатты мемлекет. Қазақстан – экономикалық өсімі тұрақты, әрі инвестициялық ахуалы қолайлы ел. Қазірдің өзінде «Таңғы шық елі» Азиядағы сауда серіктестеріміздің ішінде екінші орында тұр. Бұған қоса, Ко­рея еліміздегі ең ірі 10 инвестордың қата­рына кіреді, – деді Қазақстан Президенті. Корея-Қазақстан Екіжақты ықпалдастыққа тың серпін беру үшін Корея Республикасының Пусан қаласында Қазақстанның Бас консулдығын ашу туралы шешім қабылданды.

5G жобаларын іске асыруға шақырды

Кездесуден соң Қасым-Жомарт Тоқаев Оңтүстік Кореяға мемлекеттік сапары аясында Сеул қаласындағы «Отан үшін шейіт болғандар» монументіне гүл шоғын қойды. Одан соң  қазақ-корей іскер топтарының  дөңгелек үстел отырысы өтті. Корея мен Қазақстанның ірі компания­лары басшыларының  жиынына қатысқан Қ.Тоқаев  президент Мун Чжэ Инмен өткен мемлекетаралық келіссөздердің негізгі қорытындылары туралы айтып берді. – Қазақстанда кореялық компания­лардың қатысуымен жалпы құны 2,5 миллиард доллардан асатын 24 ірі жоба жүзеге асырылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Сонымен қатар Мемлекет басшысы автомобиль жасау, тұрғын үй құрылысы, металлургия және ауыл шаруашылығы сияқ­ты салаларда жалпы құны 1,5 миллард доллардан асатын келешегі зор үміт күттіретін 16 инвестициялық жобаның іске асырылатыны туралы айтты. – Қайта өңдеу өнеркәсібіндегі жоғары технологиялы өндіріс, сондай-ақ Индус­трия 4.0 технологияларына стратегиялық тұрғыдан мүдделіміз. Оңтүстік Корея экономиканы цифрландыру бойынша әлемдік көшбасшы және 5G желілері саласында үздік болып танылды, – деді Президент. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанда инновациялық технология­ларды дамыту үшін заманауи инфра­құрылым бар екенін атап өтті. – Біз компьютерлік техника, желілік жабдықтар, деректерді өңдеу орталықтары бойынша бірлескен өндірістік жобалар ашуға мүдделіміз. Қазақстан 5G желісін өрістету бағытында жұмыс істеп жатыр. Ірі қалаларда алғашқы сынақтар өткізілді. Корея компанияларын елімізде 5G жобаларын іске асыру үдерісіне қатысуға шақырамын, – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев кореялық кәсіпкерлермен нақты жұмыс істеу үшін Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярдың жетекшілігімен арнайы жұмыс тобын құру туралы шешім қабылдағанын айтты. Президент ірі инвестициялық, институционалдық, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруды және оған жеке мониторинг жүргізуді өз бақылауына алатынын атап өтті.

А.СҰЛТАН