Аралдағы қуаңшылық: көмек жетпеген ауылдар бар
Аралдағы қуаңшылық:  көмек жетпеген ауылдар бар

Биылғы қуаңшылық еліміздің екі облысына айрықша қиындық келтірді. Сырдария өзеніндегі судың жыл­да­ғы­дан ерекше аз болуы, әсіресе қызылордалық шаруалардың тірлігін шатқаяқтатты. Арал ауданында бірнеше көл тартылып, су іздеген мал балшыққа батып өлді. Одан қалғаны жауын-шашын аз түсуінен оты азай­ған жайылымдарда қырыл­ды.

Аталған жайтқа байланысты Қызылорда облысы әкімдігі қуаңшылықтан 574 бас мал қырылды деп ресми ақпарат бергенімен, шаруалар шығынның бұдан әлде қайда көп екенін айтады. Бір ауылдағы әрбір үйден 5-6 бас түлік арам өлді деген олар шығын жөнді есепке алынбады дейді. Сонымен қатар Арал ауданына төтенше жағдай кеш жариялануы да жағдайды ушықтырып жіберген. Өңірдегі еріктілер мен өзге де қайырымды жандар қуаңшылық жайлаған елге барынша қолдау көрсетіп жатыр. Бүгінге дейін Арал ауданына басқа аудандардан 9 490 тонна шөп және 376,8 тонна жем жеткізілген. Шымкент, Жамбыл, Ақтөбе облысы Ырғыз ауданынан, Қызылорда облысының Сырдария, Жалағаш, Қармақшы, Қазалы аудандарынан қайырымдылық көмек келген. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы қолдау көрсетіп, әлеуметтік жағдайы төмен 2 369 отбасыға 859,8 тонна шөп тегін үлестіріліпті. Бірақ шаруалар халықтың бұл көмегі қиындықтан уақытша ғана құтқарды дегенді де айтып отыр. Министрлік тарапынан жеткілікті көңіл бөлінбесе, келер жылы тігерге тұяқ қалмауы да мүмкін деп ашынады. – Биылғы қуаңшылықтың кесірінен 50 бастай жылқы мен ірі қара шығын болды. Мемлекеттен өтемі жайында сұрап көріп едік, «сақтандырылмаған малға өтемақы төлен­бейді» деген жауап алдық. Қазір әкімшіліктің бар көмегі өткенде әр үйге 15 данадан престелген шөп үлестірді.  Басқалай әзірге көмек көрмедік. Төтеше жағдай жарияланған соң жем береді екен деген қауесет естідік. Жергілікті билік бұл ақпарды әзірге нақты­лаған жоқ. Енді біздің бар уайымымыз Қуаң­шылық келер жылы да жалғаса ма?» деген болжам болып тұр. Ал Үкімет бұл туралы жақ ашпайды. «Қуаң­шылық алдағы жылы да жалғасады десе мал санын азайтып, шамамыз келер мал ұстар едік, – дейді «Әбдікерімов» шаруа қожалығының жетекшісі Азамат Ысқақов. Қожалық иесі Азамат Ысқақов өткен жылы «Еңбек» бағдарламасы арқылы 4 миллион несие алып, 15 бас асылтұқымды мал сатып алған. Бірақ қазіргі қиын жағдайда оны төлеуді уақытша тоқтата тұру да тиімсіз деп отыр. «Төлеу уақытын кейін шегергенмен үстіндегі пайызы өсе беретін болған соң, барымды салып берешекті өтеп жатырмын», – дейді. Ал аудан орталығынан 300 шақырым шалғай жатқан Беларан ауылдық округінің тұрғындары қуаңшылыққа байланысты мемлекет ешқандай қолдау көрсетпегенін айтады. Сол ауылдағы «Ақ жол» шаруа қожалығының өкілі  Жарқынбек Ақжол 20 бас жылқы мен 15 бас сиыры шығын болды деп отыр. Ветеринария мамандары мал шығынын тіркегенмен, ешқандай көмек жетпеген. қуаңшылық шөп – Біздің ауылда алпыс отбасы тұрады. Олардың әрқайсысынан биыл 5-6 малдан шығын болды. Аудан орталығына жақын ауылдарға көмек барып жатыр екен дегенді естідік, алайда бізге қол ұшын созар ешкім жоқ. Сексеуіл кентінен еріктілер мен қайырымды жандар жіберген шөпті ауылға жеткізу үшін ауыл әкімдігі арқайсымыздан 12 мың теңгеден ақша жинады. Оған әр үй 12 дана престелген шөп алдық. Жергілікті биліктің бар көрсеткен көмегі осы, – дейді Жарқынбек Ақжол. Сондай-ақ аралдық шаруалар төтенше жағдай жарияланғаннан бері етке деген сұраныстың күрт азайып кеткенін айтады. Өзге облыстардан келіп, мал алып кететін кәсіпкерлер қазір Аралға ат ізін салмайтын болыпты. Өйткені ел аузында «Арал ауданын­дағы төрт түліктің бәрі арық әрі ауру» деген қауесет жүр дейді олар. Сол себепті мемлекет ет сатып алушы кәсіп­керлерді шақырып, оларға осы ауданнан ет өнімін сатып алғаны үшін субсидия төлесе деген ұсыныстарын білдіріп жатыр. Өйткені шаруалардың мал азығын алатын қаржысы таусылып, жем­шөптері түгесілген. Қуаңшылық Арал ауданына ғана емес өңірдегі өзге аудандарда да кесірін тигізген көрінеді. Әкімдік бұл жайында жақ ашпағанымен, облыс орталығына жақын орналасқан «Адилия» шаруа қожалығы басшысы Рүстем Құдайбергенов мұны растап отыр. Оның айтуынша, қуаңшылық­тың салдарынан биыл 217 бас қойы шығын болған. Қой шаруашылығын бастау үшін Аграрлық несие корпорациясынан 32 млн теңге несие алып, мың бас қой алған шаруа­шылық иесі қарызын қалай өтерін білмейді. Оның да бар үміті мемлекеттен көрсетілетін көмекте. Кей шаруалар шығын болған малға өтем­ақы алмақ түгілі, өткен жылдың субсидия­сына да зар болып отырмыз дейді. Қызылорда облысының Ауыл шаруашылығы басқармасы 2020 жылы мал азығы үшін берілетін өтемақыны бір жылға кешіктірген. Ауыл­шаруашылық басқармасы тамыз айында былтырғы субсидиясын үлестіреміз деп уәде берді. Ал биылғы субсидия қаңтар айында төленеді дегенге шаруалар сенбейді. Сондай-ақ ол қаржы жемшөптің қымбат­тайтын шағында емес, қазіргі қиын жағдайда берілсе қиындықтан шығуға сеп болар еді дейді. «Өңірде тауар өндірушілерден мал азы­ғын алуға жұмсаған шығындарын ішінара арзандату бағытын субсидиялауға  респуб­ликалық бюджет резервінен 1,7 млрд теңге қаражат қарастырылыпты. Сонымен қатар төтенше жағдайға байланысты шаруаларға көмек көрсету мақсатында Арал ауданына облыс әкімінің резервінен 250 млн теңге, оның ішінде 49,5 млн теңге көлік шығын­дарын жабуға, 200,5 млн теңге мал суаттарын, жайылымдарды, шабындықтарды суландыру және Арал ауданындағы Қамыстыбас пен Ақшатау көлдері жүйелерін суландыру мәселелерін шешуге бөлінген. Меценат Болат Өтемұратовтың қайырымдылық қоры  арқылы  213 млн теңге қаржы бөлініп, Арал ауданындағы аз қамтылған 1 322 отбасына 900 тонна жемшөп алып беруге және жайылым­дықтарды суландыруға қажетті жаб­дық­тар, су тасымалдаушы автокөлік, су­сор­ғылар сатып алуға және гидро­техникалық құрылыстарды жөндеу мен бір ұңғыма құрылысын салу жоспарланып жатыр» делінген облыстық Ауыл шаруа­шылығы басқармасының берген мәліметінде. Бірақ мал шығынын азайтып көрсеткен жергілікті билік бұл қаржымен мәселені толық шеше алады дегенге сену қиын.

Ерқанат СӘРСЕНБАЙ, Қызылорда облысы