Осы жылды «Балалар әдебиеті жылы» деп жариялағандағы мақсат – кейінгі толқынның кітап оқуға құлшынысын арттырып, рухани азықтан сусындау мәдениетін қалыптастыру. Кейінгі кезде балалар мен жасөспірімдер кітап бетін ашпайды, көркем әдебиетке селсоқ деген пікірді жиі еститін болдық. Ертең ел тұтқасын ұстар азаматтар шынымен кітап оқудан қалып бара ма? Солтүстік Қазақстандағы жағдайға үңіліп көрдік.
Балалар әдебиеті жыларман халге жеткен кезде балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдауға назар аударыла бастағанына тәубе дейміз, әрине. Алайда «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген тәмсілге сүйенсек, жас ұрпақтың кітапқа немқұрайдылығының себебін отбасындағы тәрбиенің түп-тамырынан іздеген жөн сияқты. Осы жылдың көздеп отырғаны да сол – отбасылық кітап оқу дәстүрін жандандырып, қолдау көрсету. «Тәрбие тал бесіктен басталады». Ата-анасының кітапқа көз жүгірткенін көрген бала да білім нәрінен кітап арқылы сусындамай қоймайды деген пікірдің жаны бар. Мәселен, әкесі де, анасы да, әжесі де мұғалім Әлішер Ағыбай Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» мен Лев Толстойдың «Война и мир»-ін 5-сыныпта жүрген кезінде оқып шыққанын айтады. Әлі де көркем әдебиетке құмарлығы азаймаған: әсіресе Исай Калашниковтың «Жестокий век» романын қайталап оқи бергенді жақсы көреді екен. Одан басқа да кітапсүйер жастар баршылық. Солтүстік Қазақстан облысындағы Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары гуманитарлық колледждің директоры Ерлік Жанділдиннің айтуынша, қазіргі студенттер арасында кітап оқитын да, оқымайтын да балалар бар. «Қазақ әдебиетіне жаны құмар Аружан Әбен, Тәуекел Мүсілім, Ермек Жумин, Екатерина Восипенок деген студенттеріміз айына бес кітаптан оқиды. Біздің студенттер – болашақ мұғалімдер. Сондықтан оларға міндетті түрде кітап оқу керек. Көркем әдебиеттен сусындап өскен осындай студенттеріміз ертең мектепке барғанда өз оқушыларының бойына да кітапқа деген сүйіспеншілікті дарыта алады», – дейді Ерлік Борисұлы.ОҚУШЫЛАР ОҚУҒА ҚҰЛЫҚСЫЗ
Алайда мұғалімдердің көпшілігі оқушылардың кітап оқуға құлықсыз екенін айтып, көңілдерін кірбің шалып жатыр. Петропавл қаласындағы Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Роза Елеусізова: «Балалар түгел кітап оқиды деп айта алмаймын. Әсіресе, үлкен шығармаларды оқи алмайды. Тіпті, сыныпта талдайтын шығармаларды үйде оқып келуге тапсырма бергеннің өзінде 5-6 беттің жартысын оқып келсе, соның өзі жетістік деп есептеймін. Оқиды-ау деген балалардың өзіне бағыт-бағдар беріп, үнемі қызықтырып отыру қажет. Шығарманың тіліне назар аударамын, балалар осыны түсінеді-ау деген шығармаларды ғана оқуға ұсынамын», – дейді. Оның айтуынша, кейбір оқушыларды тарихи тұлғалар мен оқиғалар туралы шығармалар қызықтыратын көрінеді. Бірақ мұғалім ондай балалардың саны саусақпен санарлық екенін, көбірек болса екен деген тілегін жасырмады. «Қазір балалар телефонға тәуелді, кітап оқуға қызығушылығы жоқ. Бұл ретте ата-аналарға артылар жүк зіл-батпан. Меніңше, олар баланы жасынан кітап оқуға баулуы тиіс. Өздері кітап бетін ашпаса, кімге ренжиді? Бұл, ең алдымен ұрпағымыздың бойына рухани уыз сіңіру үшін қажет», – дейді қазақ тілі мұғалім Дәмелі Уәлиева. Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар кітапханасының директоры Ғалия Жұмағұлова теріскейде балаларды кітапқа қызықтыру үшін түрлі шаралар ұйымдастыратынын айтады. «Балалардың кітап оқуға сүйіспеншілігін арттыру үшін түрлі шаралар өткізіп тұрамыз: «Отбасылық оқу», «Мектеп десанты», «Кітап оқитын автобус» сияқты шаралар, көрмелер, конференциялар, байқаулар, ертеңгіліктер, экскурсиялар, дауыстап оқу циклдарын ұйымдастырамыз. Ата-аналар мен кішкентай оқырмандар арасында қандай мазмұндағы кітаптар, қай жанр ұнайтыны, қағаз нұсқасы мен электронды кітаптың қайсысы ыңғайлы екені төңірегінде әлеуметтік сауалнамалар жүргіземіз. Балаларды фантастика, ертегілер, энциклопедиялық әдебиет қызықтырады. Бір әттеген-айы, кітап қорымыз аса бай емес. Әсіресе осы заманғы, салалық әдебиет жетіспейді. Сондай-ақ қазақстандық қаламгерлердің кітаптары тапшы. Мектеп бағдарламасына енгізілген Б.Соқпақбаев, М.Әлімбаев, Е.Елубаевтың және т.б. авторлардың кітаптары мүлдем тапшы. Әрі ғимаратымыз кітапханаға сай емес. Оқу залдары іркес-тіркес орналасқан, бөлімдер біріктірілген, кітап сақтайтын орын аздығы қиындық туғызып отыр», – деді Ғалия Ғалымқызы. Облыстық Білім басқармасының басшысы Гүлмира Кәрімова мектеп кітапханаларында да балалардың кітапқа махаббатын ояту үшін түрлі шаралар өткізіліп жатқанынан хабардар етті. «Облысымызда 410 мектеп кітапханасы жұмыс істейді, олардың кітап қоры – 5 миллион дана. Биыл мектептердің 80 кітапханасын жаңартуға 120,8 миллион теңге бөлінген. 2021 жылы 200 мың дана көлемінде көркем әдебиет сатып алуға 250,4 миллион теңге жоспарланған. Былтыр 72,6 миллион теңге бөлініп, 38,8 мың дана көркем әдебиет сатып алынды», – деді Гүлмира Райынбекқызы. Солтүстік Қазақстан облысындағы мектептерде 425 кітапханашы жұмыс істейді. Биыл тағы 75 кітапханашыны оқыту жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа 1,9 млн теңге бөлінген екен. Бірақ кітапханашылардың еңбекақысының аздығы Үкімет деңгейінде әлі де шешімін таба алмай келе жатқан күрмеуі қиын мәселе күйінде қалып отыр.ДӘСТҮРЛІ КІТАПХАНАНЫҢ БАЛАМАСЫ
Жастарға кітап оқытудың бір амалы болса керек, соңғы кезде аудио, электронды кітаптар, инновациялық сөйлейтін қаламдар, QR коды арқылы кітап жүктеп алу деген сияқты түрлі қосымшалар шыға бастады. 2019 жылдан бастап осындай жаңа технологияларды там-тұмдап енгізе бастаған Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары гуманитарлық колледждің директоры Ерлік Жанділдиннің пікірінше, бұл – кітапты насихаттауда таптырмас құрал. Инновациялық сөйлейтін қаламды оқу орнына әлеуметтік серіктестері тарту етіпті. «Қазір екі жинақ бар. Біріншісіне – 4 , екіншісіне 13 кітап енгізілген. Барлығы да қазақша. Қазақтың шұрайлы тілін, бай дәстүрін меңгеруге септігін тигізеді. Бесік жырлары, даналық сөздер, өлеңдер мен жырлар бар. Қаламды тақаған кезде оқи жөнеледі. Бұл – біріншіден, көзі нашар көретін балаларға өте ыңғайлы. Екіншіден, балалардың қолының ұсақ моторикасы дамиды. Үшіншіден, сал ауруына ұшыраған балаларды дамытуға жақсы. Жалпы, осы инновациялық қалам арқылы бала көзбен де көріп, құлақпен де естіп, зейін қояды, логикасын дамытады әрі сөздік қорын байытып, ой-өрісін кеңейтеді», – дейді директор. Мұндай кітаптар графикалық нұсқасына қарағанда қымбаттырақ әрі қосымша шығындарды талап етеді. Сонымен қатар дәстүрлі кітап оқуға кері әсерін тигізуі мүмкін сияқты болып көрінді. Бірақ директор бұл ойымызды жоққа шығарды. Кітаптарды QR коды арқылы жүктеп алып оқуға арналған қабырға жасап қойған Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған облыстық мектеп-гимназия директоры Ержанат Бәкіров те осындай пікірде. «Бұл стендті «Ақылды кітапхана» деп атадық. Қолында iPAD-ы, электрондық оқулығы бар оқушылар бос уақытында оқуы үшін және оларға қолжетімді болуы үшін жасадық. Бірақ олар дәстүрлі кітапханаға да барады», – деді Ержанат Рымғалиұлы. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапхана директоры Бейбіткүл Әбілмәжінова да кейбір кітаптар цифрландырылғанын айтты. «Электронды кітапханамызда қазір 40 мыңдай кітап бар. Оның бәрі оқырмандар үшін тегін. Мұнда негізінен өлкетану тақырыбындағы кітаптар мен шығармалар енгізілген. Электронды кітапхананың бір қиын жері – авторлық құқық сақталуы тиіс», – деді Бейбіткүл Мағжанқызы. Заман талабы болса керек, мұғалімдер де, кітапханашылар да электронды кітаптардың дәстүрлі кітапханаға еш зияны жоқ деп есептейді. Дегенмен бәрі бір кітаптың орны бөлек, кітап қашанда кітап болып қала бермек. Ал балаларға арналған кітаптардың сапасы мүлдем бөлек әңгіме. Кітаптардың безендірілуі, дизайны, суреті, мұқабасы, қарпі – бәрі-бәрі көңіл бөлуді, жетілдіруді қажет ететінін қаламгерлер мен мамандар айтып жүр. Осының барлығы балаларды кітапқа қызықтыру үшін де қажет. Қазіргі бала мен бұрынғы баланың арасындағы айырмашылық, әрине көп. Дегенмен бұрын оларды кітап оқуға қызықтыру үшін осыншама шара өткізілмеуші еді. Енді осы науқаннан бір нәтиже шығып, жақсы өзгеріс болса игі.Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы