Ертегі оқитын бала қайда?
Ертегі оқитын бала қайда?
391
оқылды

Бүгінгінің балалары туа сала демесек те, екі-үш жасынан-ақ смарт­фондар мен өзге гаджеттерге үйір келетіні айтпаса да белгілі. Тіпті, қазір жылаған баланың көңілін YouTube-пен аулаймыз. Одан қалса, баланың ойынды да интернетте ойнайтыны бар. Сөйте тұра,  жас ұрпақ кітап оқудан, ертегі тыңдаудан алыстап бара жатыр деп дабыл қағамыз. Ал ойы мен санасын смартфон жаулаған балаға ертегі тыңдатып, кітап оқыта аламыз ба? Осы турасында ертегі жазатын авторлармен пікір алмасып, кітап­тардың жайына тоқталдық.

Тәрбиенің таптырмас құралы

Бұлшық етке жаттығу жа­са­ғандай ми да қимыл-қозғалысқа зәру. Ал миға шабуыл кітаптан басталады. Сондықтан зерт­теу­шілер балаға кішкентай кезінен кітап оқып беру маңызды екенін көр­сеткен. Сол сияқты ертегі тың­дап өс­кен баланың қиялы дамып, естігенін ойға түюді үй­ренеді. Мәселен, Рузанна Жан­болатқызы – дәрігер-ин­фек­ционист. Ол қолы қалт еткенде балаларына ертегі оқып береді әрі өзі де ертегі жазады. Қауырт жұмыс кезінде ертегінің аудио нұс­қасын көмекке шақырады. Оның айтуынша, балаға ертегінің аудио нұс­қасын тыңдату шы­ғармашылық қа­білет пен ин­теллекттің жоғарылауына кө­мектеседі. Көркем сөйлеп, терең­нен ойлауға мүмкіндік береді. Есте сақтау қабілетін арттырып, жаттықтырады. Бастысы, ақ­паратты тыңдау арқылы қа­былдап, мүдірмей баяндауға дағ­ды­ланады. Нақты, анық және екпінмен сөйлеп үйренеді. «Ұлым алты айлық кезінен ертегі тыңдап өсті. 2 жасынан бас­тап өзім айтып берген ертегіні айна-қатесіз қайталайтын бол­ды. Екпіндетіп, рөлге кіріп баян­дағанына таңғалдым. Қазір жасы жетіден асты. Өсе келе тыңдау талғамы өзгеріп, күрделі тарихи әң­гімелерді айтып бе­руімді сұ­райды. Жал­пы, үш балам да ұйықтар алдында ертегі тыңда­ғанды ұнатады. Басында солар үшін ертегіні күндіз дик­тофонға жазып, түнде бірге тың­­­дай­тынбыз. Қазір де солай. Жа­қын достар, туған-туыс қы­зығушы­лық та­ныт­қасын әлеу­меттік желіде па­рақ­­ша ашып, жазған ерте­гілерімді жа­рия­лаймын. Күнделікті бала тәр­биесінде туын­дайтын мәсе­ле­лерді шешу үшін ертегі жа­замын. Қиял-ға­жайып жануар­ларды мысалға алып, ойымды ұл-қызымның түйсігіне жет­кіз­е­мін. Әдетте, балаларым қан­дай кейіп­керді сұраса соған үй­лестіріп жазамын. Көбінесе, олар жан-жануарларды жақ­сы көреді», – дейді Рузанна Жан­бо­латқызы. Иә, әр ертегіні оқи қалсаңыз, түбі бір жақсылыққа, еңбекке үндейді. Байқап қарасақ, ата-анамыз бұрыннан ертегі құрас­тыруға әуес. Үш-төрт ертегіні біріктіріп, ішіне атымызды қосып, қы­зықтыратыны есте болар? Қан­ша заман өзгерді десек те, ер­тегідегі кейіпкердің есімін өз­герту әлі де трендте. Мысалы, балаға арнап «Әсел неге есімін жо­ғалт­ты?» деген арнайы ертегі кітап сатып алуға болады. Ішіндегі ил­люстрациясы да көздің жауын алады. Мұны кейбірі маркетингтік қадам деп түсінеді. Бірақ қазір ата-аналардың сұранысы осын­дай. Ordagen балаларға арналған әлеуметтік жобасының же­текшісі Парасат Танен де аталған ұсы­ныстың көбірек түсетінін айтады.

Баланы  қызықтыра білу – өнер

Жақында Orda ертегілері жа­рық көрді. Кітапта 33 заманауи ертегі жинақталған. Жоба же­текшісінің айтуынша, 600 ерте­гінің ішінен 33-ін іріктеп алу қиынға соққан. Сол үшін олар 33 құндылықты негізге алған. Мә­селен, адами құндылық, ұлттық, таным мен қоршаған орта құнды­лықтары үлкен рөл ойнаған. Ер­тегі жазатын авторларға қоятын шарты да осы құндылықтар тура­сында екен. Аталған ертегілер жи­нағынан «2180» және «Ай­налаңнан үйрен» туындысына көзіміз түсті. Қос ертегі де ата-аналар мен бүл­діршіндер тара­пынан жоғары баға алған. Ал­ғашқы ертегі ғылым-білімге құш­тарлықты арттырып, 2180 жылғы ауыл баласының арманына негізделген. Ал екінші ертегіде «қолымнан келмейді» дегеннің жай сөз екеніне көзіңіз жетеді. «Айналаңнан үйрен» ертегісін бір аптадай ішкі ой қазанымда қайнаттым. Кейіннен бір сағаттың көлемінде жазып шықтым. Қазір балалар фантастикалық ерте­гілерге қызығады. Өз басым «бүл­діршіндер неге қызығады емес, оған не керек?» деген сұрақ ту­расында жұмыс істеймін. «Не керек?» деп сұрақ қойғасын, көз алдыңызда қаңқа пайда болады. Оған деталь қосқанда «неге қы­зығады?» дейтін сауалға жауап іздейсіз. Сонда ертегі өтімдірек болады. Жақында химия, био­ло­гияға байланысты ертегілер жа­рық көреді. Осы тақырыпты зерттеп, жазу үстіндемін. Мысалы, балалар химия мен биологияға қызықпайтыны белгілі. Бірақ оларға ертегі түрінде жеткізіп, өз­дері күткен, елестеткен кейіпкер кейпінде алдына әкелсек, бұл әрі танымға, әрі құндылыққа жұмыс істейді», – дейді жас автор Ыды­рыс Дәулетхан.

Алғашқы 10 секундтың сиқыры

Авторлармен әңгімелес­ке­німізде оқырманды тарту ама­лының әртүрлі екенін байқадық. Мәселен, Мейіржан Жылқы­байдың ертегілері ұзақ толғаныс пен талдаудан кейін дүниеге келеді. Шетел авторларын қаузап, балалар әдебиетін зерттеп жүрген ол әлемдік стандартқа сай дүние жасағысы келеді. Сол үшін қатал сыншы болуға тырысады. Қа­ғидаты қандай дерсіз. Оның ай­туынша, жазған дүниесін араға уақыт салып қайта оқып шығады. Оқығасын, кей нәрсесін түзетіп немесе түгелдей өшіріп тастайды. «Оңтүстік Кореямен бірігіп, «Батыр қоян» кітабын шығар­ғанымда шетелдегі баспа өндірісі мен еліміздегі саланың дамуын салыстырдым. Бізде де әдебиет бар, ауыз толтырып айтарлық шығармалар жетерлік. Бірақ олар неге танымал емес? Осы сұрақтың жауабын табу үшін бірнеше жыл әдебиеттен қол үзіп, зерттеу жүр­гіздім. Түсінгенім, заманауи авторлар шы­ғармасына өнімге қарағандай қарап, әдебиетке бизнес ретінде мән бермейді. Қалағанымызды жазамыз да, бізді оқы­мады деп ренжиміз. Қазір баланың тұ­тынушы ретінде рөлі өзгерген. Мәселен, YouТube-тағы мультфильмнің баланы қызық­тыру үшін 10 секунды бар. Әй­т­песе, ол басқа контентті қосады. Мұның кітапқа да қатысы бар. Эдю­тейнмент дәуірі басталды. Яғни, оқып-үйрену ойын-сауық форматына, өз ке­зегінде ойын-сауық оқып-үйрену форматына көшті. Сол сияқты кітап та оқыр­манды барынша қызықтыру керек. Тек көркем әдеби шығарма жазу жет­кіліксіз. Ай­налада ақ­парат өте көп. Ал ақпаратты жет­кізу үшін эмоция қосу қажет. Сол себепті YouТube-та ви­деоконтент түрлі түске толы», – дейді Мейір­жан Жыл­қыбай. Сондай-ақ автордың ай­туынша, кітап пен авторлар өзара бәсекеге түсетін заман келмеске кеткен. Қазір баланы тартудың, қызықтырудың формасын іздеу керек. Мысалы, LOL қуыр­шақ­тарын өндіретін MGA Entertainment компаниясы марке­тингтік зерттеу жүргізген. Балалардың YouТube-тан жиі тамашалайтын мульт­фильмдерін іріктеп, ішінен өзіне керек бейнені алған. Бейнені құрастырып бол­ғасын, ата-ана­лардың әрекетіне назар аударған. Расымен, ойыншықты сатып алатын ата-ана емес пе? Зерттей келе, ата-аналардың ойыншық сыр­тындағы «балаға пайдалы, ақыл-ойын жетілдіруге кө­мек­теседі» секілді сөздерге мән бе­ретінін түсінген. Сөйтіп, өнім­нің сыртына аталған сөздерді жазған. Міне, бүлдір­шінді кітап оқуға, ертегі тыңдауға тарту үшін осын­дай амал қажет. Сонымен, автор балаларды кітап оқуға тарту үшін 4 басымдық керегін нұсқады. Алдымен, кітап болсын, ертегі болсын ата-анаға ұнауы шарт. Екіншіден, бала­лардың қабылдауы әртүрлі екенін ескерген жөн. Мәселен, бірінде визуал қабілеті жоғары. Демек, ол балаға кітап­тағы иллюстрация маңызды. Екін­шісінде тыңдау қабілеті жақсы дамыған. Оған шығарма соңында QR-код көр­сетіліп, сол арқылы аудио-нұс­қасын тыңдаған жеңілі­рек. Үшін­шіден, кітапта көбірек фантастика элементі болып, бала оқиға же­лісіне өн бойымен енгені әсерлі болмақ. Содан кейін автор ұсын­ған өнімге бет-бейне керек. Ол не автордың өзі, не болмаса оқиға кейіпкері болғаны жөн.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ