NEET жастар: құлықсыз ба, жұмыссыз ба?
NEET жастар:  құлықсыз ба, жұмыссыз ба?
© коллаж: Елдар Қаба
407
оқылды

Елімізде 15-28 жас аралығындағы жастардың 6,7%-ы оқу оқымайды, не жұмыс істе­мей­­ді. Ресми статистика бойынша, 14-29 жас аралығында 3,7 млн жас бар десек, оның ішін­де құлықсыз һәм жұмыссыздары 250 мыңға жетеғабыл. Ал бұл ойланатын, шешім іздейтін цифр. Өйткені Әлемдік еңбек ұйымы дамушы елдерде осындай санаттағы жастар санын азайтуды көздейді.

Мұндай жастар санатына кімдер кіреді?

Иә, NEET жастар санатына экс-ми­нистр Дархан Кәлетаев «оқуға, еңбек­тенуге, ізденуге құлықсыз саяси және азаматтық белсенділігі аса төмен, жауап­кершілікті мойнына алып, белсенді өмір сүруге ниеті жоқ жастардың жалпы жиын­тығы» деп түсініктеме берген. Расымен, мұндай жастардың көбеюі қоғам дамуына кері әсер етеді. Президент NEET жастар статистикасын жылына кем дегенде 1%-ға азайтып, 2021 жылы 6%-ға төмендетуді міндеттеген-ді. Байқағаныңыздай, биыл көрсеткіш 6,7%-ды нұсқап тұр. Сонда жетерінше жұмыс жүріп жатқан жоқ па? Жалпы, оқумен, жұмыспен қамтылма­ған жастардың жеті түрі бар. Бірінші топтағылардың білімі мен тәжірибесі бар, бірақ ынтасы жоқ. Екінші топқа жалғыз­басты аналар мен декретте отырған әйел­дер кіреді. Оған қоса ерте жастан ана атан­ған аруларды да осы топқа жатқы­замыз. Фрилансерлер болса үшінші топқа, ауыл жастары төртінші топқа жатады. Ауыл жастарының білігі мен тәжірибесі жоқ, сондықтан қара жұмысқа тартылады. Денсаулығына байланысты жұмысқа орналаса алмайтын мүмкіндігі шектеулі жандарды да NEET категориясына топ­таймыз. Алтыншы топқа оқуын жалғас­тыруға ниеті бар, алайда мүмкіндігі жоқ мектеп түлектері мен әлеуметтік жағдайы нашар отбасы жастарын кіргіземіз. Ал жетінші топта есірткі мен ішімдікке тәуелді, бұрын түрмеде отырған бейімдеу мен оңалтудан өтіп жатқан жастар жинақталған. Бұл – әлеуметтік, өсім жағынан ұдайы бақылайтын санат. Ұлттық статистика бюросы да NEET жастар жайында 2010 жылдан бері статистика жүргізеді. Сол үшін өткен жылдармен салыстырғанда 6,7% ең төменгі көрсеткіш. Ал елорда әкімдігінің мәліметінше, қалада 15 мыңға жуық құлықсыз жас бар. Мұндай санаттағы жастардың ең жоғары үлесі Қарағанды облысында (9,1%) тіркелген. Одан кейін Ақмола (8,9%), Қызылорда (8,1%), Маң­ғыстау, Ақтөбе мен Түркістан (әрқай­сысында 7,5%-дан ) облыстары тұр.

Ынта жоғалуына не себеп?

Енді жастардың неліктен NEET кате­гориясына кіретініне тоқталайық. Қолда бар мәліметке сүйенсек, ынтасыз жастар­дың 52 мыңы үй шаруасындағылар, басым бөлігі – жас аналар. Денсаулық жағдайына байланысты жұмыс істемейтіндер 33 мың екен. Мұнда жоғарыда аталған топтардың да үлесі бар. Жас аналар категориясын оқи сала, оларға мемлекеттен ай сайын жәр­демақы түседі деген ой сап ете қалады. Бірақ бұл ақша ананың өз-өзін дамытуына, қосымша білім алуына, мемлекеттік бағ­дар­ламаларға қатысуына жете ме? Ке­йін­гісіне келсек, мемлекет бастама кө­терген бағдарламаларда көбіне «декретте отырған әйелдердің құжаты қабылданбайды» деп жазылады. Ал бұл оның қоғамнан ажырауына бірден-бір себеп екені айқын. Одан кейін қоғамда көтеріле бермейтін тақырыптың бірі – ірілі-ұсақты қалалар­дың дамымауы. Иә, Екібастұз, Рудный, Жезқазған, Өскемен, Павлодар және тағы басқа қалалардағы жастар немен әуестенеді деп ойлайсыз? Аталған қалалар мегаполис емес, ондағы әлеуметтік дамудың қай дең­гейде екені жұмбақ. Сондықтан қаладағы жастар мегаполистерге кетуге асығады. Мұндай мүмкіндігі жоқтар депрессияға түседі, есірткіге әуестенеді, діни ағымын өзгертеді. Бәрі болмаса да көпшілігіндегі жағдай – осы. Мұндай деректерді біз жур­налист Динара Мұратқызымен әңгіме барысында білдік. Ол аталған қалаларға барып, әлеуметтік жоба жасағысы келеді. «Сонда ғана әрбірі еліміздегі жастардың хал-ахуалымен жақыннан танысар ед», – дейді ол. Расымен, Жезқазғанда шахтер болуға бәрінің бірдей қолы жетпейді. Рудныйда да дәл сондай жағдай. Екібас­тұзда да жастарды тартарлық жұмыс орын­дары аз. Ал Павлодардың жағдайын Grammy алған Иманбектің өзі талай рет айтып жүр. Осы орайда әлеуметтанушылар мәсе­ленің тереңіне бойлауды ұсынады. Балаға жағдайды балабақша мен мектеп жасынан жасауды ұсынады. Оны білім мен ғылымға, еңбекке баулу осы кезеңнен басталады деседі. Айталық, әр жыл сайын 21 мыңнан астам мектеп түлегі ЖОО-ға түсе алмайды. Мұның өзі депрессия, оның арты құлық­сыз­дыққа әкеледі. Оқуын бітірді-ау де­генде жұмыс таппау да жастарға соққы. Се­бебі оқу бітіргендердің 60%-ы ғана маман­дығы бойынша жұмысқа тұрады. Одан бөлек, жұмысқа тұрған күннің өзінде мардымды жалақы алмағаннан ынтасы жоғалады.

Қандай қолдау бар?

Жастарды қолдау мақсатында бір­сы­пыра бағдарламаның барын білеміз. Со­ның ішінде NEET жастарды қолдау 6 бағыт бойынша жүреді. Кәсіптік бағдарлау, кәсіби оқыту, жұмыспен қамтуды қамта­масыз ету, жастар кәсіпкерлігін дамыту, жастарды әлеуметтендіру мен ұйымдас­тыру-әдістемелік шаралар. Айталық, «Дип­ломмен – ауылға!», «Серпін», «Бар­шаға бірдей тегін техникалық және кәсіп­тік білім беру», «Жас кәсіпкер» бағдар­ламалары осының жемісі. Бірақ аталған бағдарламалардан айтарлықтай нәтиже көріп жүргеніміз жоқ. Себебі «Серпінмен» оқуға түскен студенттің 4 жылдан кейін ауылына қайта оралғанын байқаймыз. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасымен дәрігер мен мұғалім мамандығын бітірген жастардан басқасы елді мекенге келетіні ілуде бір. Одан бөлек, мемлекеттік бағдар­ламалардың жастар арасында кеңінен таралуында да сұрақ белгісі тұр. Өйткені біразы мұндай бағдарламалардың барынан хабарсыз. «Жұмыспен қамту орталығы NEET кате­гориясына жататын жастар жайында арнайы статистика жүргізбейді. Бірақ жұмыс сұрап келген жастардың бетін қақ­паймыз. Қайта барынша көмектесуге ты­рысамыз. Мәселен, «Алғашқы жұмыс ор­ным» бағдарламасы осы категориядағы тұлғаларға арналған. Олар айына 20 АЕК, дәлірек айтсақ 58 мың теңге жалақы алады. Әртүрлі салықты ұстағаннан кейін есепшотына 48 мың теңге түседі. Оған қоса, жұмыс беруші тарапынан да айлық алуы мүмкін. Иә, бағдарлама биыл жүзеге асты. Құжаттарды оффлайн да, онлайн да қабылдаймыз. Әзірге бізге 40-тан астам жас жұмыс сұрап келді. Болашақта ке­лу­шілердің саны артады деп ойлаймын», – дейді Нұр-Сұлтан қаласы жұмыспен қам­ту орталығы бөлім басшысы Арман Мұратұлы. Аталған бағдарлама еліміздің барлық аймағында жүзеге асады. Мәселен, елор­дадағы орталық 30-дан астам жұмыс бе­рушілермен 477 бос жұмыс орындарына келісімшарт жасаған. Әрине, жалақысы жайында естіген жастар бірден «48 мың теңгеге қалай күн көрермін» деп ойлауы мүмкін. Расымен, мұндай ақшаға күнелте алар ма едіңіз? Сондай-ақ әкімдік тарапынан Transformation жобасы іске қосылған екен. Жұ­мыссыз жастарға ақысыз «ағылшын тілі», «жол қозғалысы ережелерін үйрену», «компьютерлік сауаттылық» (SMM) курсында білім береді. Әрі фитнес, гитара ойнау, би үйрену курстарына баруға бо­лады. Ал мұндай дамыту жобасы елордадан басқа ірілі-ұсақты қалаларда бар ма? Се­бебі жұмыссыз жастардың көпшілігі ХЖҚО-ға бару мәселесін соңғы орынға қойып жатады. Әлемдік тәжірибемен де танысып алсақ. NEET жастар көрсеткіші аз елдерге Норвегия, Жапония, Сингапур мен Люксембургті жатқызамыз. Аталған ел­дердің тәжірибесі де тиімді саналады. Мәселен, Жапонияда Sort skills (дұрыс дағдыларды) дамыту бар. Олар жастардың бұл санатын зерттеп, өз-өзін дамыту бағдарламаларын жасайды. Сонымен бірге дамыған елдерде студенттерді жұмыс іс­теуге университет қабырғасынан бейімдеу бар. Тағылымдамадан өтуге барған жерінде жұмысқа алу, қосымша ақы төлеу қарас­тырылған. Байқасаңыз, мұның өзі сту­дентті қанаттандырары хақ. Ал жұмыс істей­тін аналар үшін қысқарған жұмыс кү­німен қоса әртүрлі жеңілдіктер қарас­тырылған. Бастысы, шетел тәжірибесі баланың білім алуына кішкентайынан инвестиция салуды нұсқайды. Оның үздік мектепке дейінгі білім беру орталығына, сапалы білім беретін мектепке баруын қадағалайды екен. Университетке түскенде де үздіксіз дамуын жалғастыруы үшін күш жұмсайды.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ