Ақылы мектептің артықшылығы неде?
Ақылы мектептің артықшылығы неде?
744
оқылды

Қаражат болса, кез келген ата-ана баласын жағ­дайы жасалған білім ошағына берері сөзсіз. Оның үстіне, «білімді мыңды жығатын» заманда үш тілдің өтімділігі оқ бойы озық тұр. Көп ата-ана балаларының білім көрсеткішіне көңілі толмаған­дықтан, соңғы тиынын санап болса да, ақылы курсқа, түрлі үйірмеге қа­тыстырады. Ал ақшасы барлар балаларын су жаңа технологиямен жабдықталып, үш тілде қатар оқытатын ақылы мектептерге береді. Оқу ақысы бірнеше мил­лион теңге құрайтын ақылы мектептердің айырма­шылығы неде?

Сегізінші жыл қатарынан Forbes Kazakhstan еліміздің ең үлкен екі қаласындағы жекеменшік мектептердің рейтингісін ұсынып келеді. Соңғы жылы бұл тізімге Шоқан Уәлиханов атындағы же­кеменшік мектеп кірген. Бұл оқу ошағын кәсіпкер Кеңес Рақышев пен Әсел Тасмағамбетова ашқан. Сондай-ақ Еркін Тәтішев құрған High Tech Academy мектебі де екінші жыл қатарынан жекеменшік мектептердің тізімінен түспей келеді. Керісінше, биыл бұл білім ордасы былтырмен салыстырғанда өз позициясын айтарлықтай жақ­сартыпты. Білім және ғылым министрлігі берген мәліметке сүйенсек, елі­мізде 7 203 мемлекеттік орта білім беретін мектеп бар. Оның 5 235-і ауылда, 1 968-і қалалық жерде ор­на­ласқан. Ал 303 жекеменшік мек­тептің 257-і қалалық, 46-ы ауыл­ды жерлерде ашылыпты. Со­ның ішінде Алматы мен Нұр-Сұл­тан қаласында 83 мемлекеттік емес мектеп жұмыс істейді. Оның 61-і Алматыда, 22-сі елордада. Ал жаңа біз айтып отырған тізімге кірген 20 білім мекемелеріндегі оқудың орташа құны айына 100 мыңнан басталады. Кейбір мектептерде бір оқушы үшін айына 1,2 млн теңгеге дейін қаражат керек. Оқу ақысы бастауыш, орта және жоғары сыныптар үшін әртүрлі.

Әлемдік университеттерден шақырту келеді

Хош, тізімді түгел түгендеп шық­пасақ та, рейтингтің көшін бас­тап тұрған бес мектептің же­тістігін саралап көрелік. Мәселен, жылдық табысы ең жоғары сана­латын Haileybury Almaty мекте­бінде оқудың орташа құны айына 1,03 млн теңге. Білім мекемесінде бүгінде 600-ге жуық оқушы бар. Мектептің негізін қалаушы әрі құрылтайшысы – Болат Өтемұра­товтың «Асыл Мирас» қайырым­дылық қоры, сондай-ақ Сержан Жұмашов, Нұржан Субханбердин, Айдан Кәрібжанов, Марғұлан Сейсембаев, Альфия Қуанышева секілді қалталы адамдардың аты аталады. Білім ошағы Ұлыбри­та­ниядағы Haileybury and Imperial College-бен серіктестікте жұмыс істейді екен. Мектеп оқушыларға 11-сыныпты аяқтағаннан кейін IGCSE орта білім туралы халық­аралық сертификатын және 13-сы­ныпты аяқтаған соң a-Level ха­лықаралық сертификатын алуға мүмкіндік береді. Оқу орнында 60 жоғары білікті шетелдік педагог жұмыс істейді. Екі жыл бұрын мектеп бітірген 24 түлектің сегізі Йель, Колумбия, Манчестер, Амстердам универ­ситеттері, Лондон Императорлық колледжі, Кембридж универ­си­тетінің Гонвилл және Кейс кол­леджі, Глазго университеті сияқты оқу орындарынан шақырту алған. Ал былтыр Haileybury Almaty мектебінің жеті оқушысы беделді халықаралық және республикалық олимпиадалардың жүлдегері атан­ған. Оқушылардың бірі АҚШ-тағы оқушыларға арналған Сodeday халықаралық хакатонында бірінші орын алған команда құрамына кіреді. Мектеп оқушыларының бірі астрономия және астрофизика бойынша жаһандық онлайн кон­курста Қазақстан ұлттық құрама­сының атынан қатысқан. «Оқу құны жоғары болуына қарамастан, биыл 9-сыныпқа түсу үшін шек­теулі стипендия ұсындық. Бірақ грантқа академиялық жетістікте­рінің қомақты тізімі бар оқушылар ғана жіберіледі», – дейді Haileybury Almaty директоры Саймон Миллз.

Қытай тілі оқытылады

Алматыдағы TAMOS Education физика-математика мектебінің та­бысы – 5,43 млрд теңге. Білім алушылар үшін оқудың орташа құны айына – 217 мың теңге. 2 457 оқушы білім алатын бұл мектептің құрылтайшылары – Мұрат Ома­ров, Дәурен Қаупынбаев, Мар­ғұлан Сейсембаев және Asadel Partners ЖШС. 1998 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан мектеп былтыр Кембридж Халықаралық мектебі (CIS) мәртебесін алды. Мұн­да оқитын балалар матема­ти­ка, физика және ағылшын тілдерін тереңдетіп оқиды. TAMOS құра­мы­на кіретін лингвистикалық мек­тепте бесінші сыныптан бастап қытай тілі оқытылады. Бір жаңа­лығы, биылдан бастап мекеме қа­зақ бөлімі үшін жаңа оқу корпусын іске қосқан. Өткен жылы мектептің 12 оқушысы халықаралық және республикалық олимпиаданың жүлдегері атанса, былтыр бітірген 20 түлек әлемнің үздік 100 уни­верситетіне оқуға түсті.

Білім жүйесі британдық

Үштікте тұрған Haileybury Astana мектебінде оқу үшін айына орташа алғанда 1,04 млн теңге қажет. Бүгінде 505 оқушы білім алатын бұл мектептің де құрыл­тайшысы Болат Өтемұратовтың «Асыл Мирас» қайырымдылық қоры болғанымен, Тұңғыш Пре­зидент – Елбасы Қоры да құрыл­тайшылар қатарында аталады. Былтыр бітірген 14 түлектің біразы әлемнің озық университеттеріне түскен. Мектеп директоры Джон Коулздың айтуынша, мектептің оқыту жүйесі британдық білім берудің үздік дәстүріне негізделген. Жоғары сыныпта мектеп түлек­теріне әлемнің үздік универси­теттеріне түсуге мүмкіндік мол. Яғни, оқушылар халықаралық бакалавриаттың (IB) дипломдық бағдарламасына дайындалады. «2018 жылы Haileybury Astana халықаралық бакалавриат (IBDP) бағдарламасы бойынша 12-13-сы­нып оқушыларына арналған IВ студенттік орталығын ашты. Қазір мектеп түлектері қазақстандық, сондай-ақ шетелдердегі мықты университеттерде білім алып жүр. Бүгіннің өзінде Russell Group бри­тандық университеттерінен көп­теген ұсыныс алдық. Мектеп тү­лек­терінің барлығы IB дипломын алу үшін тапсырған емтиханда 34 балл жинады. Негізі, әлемдік орта­ша көрсеткіш бұл диплом үшін 29,8 балл», – дейді Джон Коулз. Сондай-ақ ол дамыған елдердегі озық деген университеттерде мек­теп түлектері 100% грантқа түс­ке­нін мақтанышпен жеткізді. Соны­мен бірге Джон Коулз жыл сайын білім ордасы Халықаралық бака­лавриаттың дипломдық бағдарла­масы (IBDP) бойынша 12-сыныпқа түсетіндер үшін 10 стипендия бөлінетінін айтты. Жалпы, 2013 жылдан бері 147 түлектің 58-і сти­пендиат, 108-і оқу бітіргеннен ке­йін бірден университеттерге түс­кен. Айтпақшы, білім мекемесінде орыс және қазақтілді спикердің жоқтығына қарағанда, оқыту тілі ағылшын тілінде жүргізілетін болса керек.

Оқу тілі – өзге тілде

Елордадағы халықаралық QSI мектебінде оқудың орташа құны айына – 1,28 млн теңге. 312 бала біліммен сусындайтын мектептің негізін қалаушы – Словениядағы Quality Schools International ком­мерциялық емес жеке білім беру мекемесі. 2005 жылдың қыркүйе­гінде құрылған QSI халықаралық мектебінде оқу ағылшын тілінде өтеді. Он жыл бұрын бұл мектеп Middle State Association of Colleges and Schools қауымдастығының аккредитациясын алды. Оқу бағ­дарламасы америкалық AP Capstone Diploma Program жүйесіне негізделген, бұл түлектердің АҚШ пен Канада университеттеріне тү­суіне мүмкіндік береді. Ал Алма­тыдағы халықаралық QSI мекте­бінің айлық оқу ақысы елордаға қарағанда сәл арзан. Шамамен айына орташа 1,08 млн теңге. Әрине, қалталылар үшін сәл бол­ғанымен, басқалар үшін бақандай бірнеше айдың жалақысы. Бұл жерде қазір 357 оқушы бар. Білім ордасында балалар оқудан бөлек түрлі дебат клубы, драма және ғылыми үйірмелерге қатыса алады.

Оқыту жүйесі озық

Қарап отырсақ, бағасы удай білім ордаларында оқығандар «әлемдік» деген сөзді әңгімелеріне жиі арқау етеді. Өйткені қағаз тол­тырудан қолдары тимейтін мемле­кеттік мектеп секілді күнара ко­миссия күтіп, жиналыс жасап жүй­ке жұқартпайды. Осы үшін ба­ласын ақылы оқуға беретін қара­ғандылық Кристина Китебаева екі баласын да жекеменшік мектепте оқытуды жөн деп тапқан. Айтуын­ша, өзі істейтін жалпы білім бе­ретін өнер мектебінде қажетсіз құжаттар үшін комиссия алдында ақталуға тура келеді. Бұл өз кезе­гінде ұстаздардың ұнжырғасын түсіреді. «Мемлекеттік мектеп­тер­де мұғалімдер журнал толтыру ке­рек, жоспарға сәйкес жұмыс жа­сауы тиіс. Ол бергі жағы ғана. Мек­тептің ішкі асханасында не болып жатқанын сол жерде істей­тіндер жақсы біледі. Ал ақылы мек­тептерде ұстазды да, оқушыны да еркіндікте ұстайды. Ең бастысы, әркім өз ойын ашық айтып, тәуел­сіз тұлға ретінде қалыптасуға мүмкіндік береді. Ақылы болған соң ғимараттары жаңа, ыңғайлы жиһаз, компьютерлік жабдықтары соңғы үлгіде жасалған. Балаларым жартылай ақылы мектепке барады. Мұғалімдер баланың талпысынына қызығушылық танытады. Өйткені олар ата-аналардың жарналарынан қосымша ақы алады. Біздің мектепке келгісі келетіндер көп. Өйткені айына төлеген соманың ішіне бассейн, тамақ, шахмат, тағы да басқа қосымшалар кіреді», – дейді Кристина Китебаева. Біраз жыл ақылы мектепте ұс­таз­дық еңбек еткен Доған Йылдыз білім сапасы ақылы оқуда емес, мұғалімнің біліктілігіне байланыс­ты деген пікірін білдірді. «Бұрын­ғымен салыстырғанда қазір білім саласында көп өзгеріс болып жа­тыр. Мемлекеттік мектептердің ғи­маратынан бастап, ішкі мүмкін­шіліктеріне дейін жаңартылуда. Дегенмен ақылы мектептердегі білім сапасы көш ілгері кеткенін мойындау керек. Өйткені ол жер­лерде балаларды оқыту жүйесі бас­қа. Екіншіден, жекеменшік мек­тептерде бала саны аз. Соған орай балаға уақыт бөлу мүмкін­шілігі мол. Балалардың қабілетін дамытуға көп көңіл бөледі. Соны­мен бірге мұғалімдердің біліктілігін заманға сай арттыруға мүмкіндік болса, жекеменшік мектепте де балаларға озық білім берген болар еді. Біз ақылы мектепте оқыған жоқ­пыз. Бірақ біздің уақытта бі­лімге құштарлығымызды арттыра алатын ұстаздар болды. Сондықтан мұғалімнің қабілетін арттыруға күш жұмсау керек. Ал ұстаз қабі­летсіз болса, құйған қаражат босқа күйіп кетуі мүмкін», – дейді Доған Йылдыз. Қалай десек те, қазір ата-ана­лардың басым бөлігі балаларын жекеменшік санаттағы мектеп­терде оқытқысы келеді. Бірақ қар­жы қолбайлау. Жаңа оқу жылына мектеп құралдарын сатып алуға жағдайы жетпейтіндер үшін білі­мін шыңдап, қабілетін арттыру ар­ман болып тұр. Ал қаржысын тө­лесе қалаған ақылы мектепте оқи­тындардың халықаралық дең­гейде білімін шыңдап, білім гран­тын ұтып алуға мүмкіндігі мол.

Жадыра МҮСІЛІМ