Қаражат болса, кез келген ата-ана баласын жағдайы жасалған білім ошағына берері сөзсіз. Оның үстіне, «білімді мыңды жығатын» заманда үш тілдің өтімділігі оқ бойы озық тұр. Көп ата-ана балаларының білім көрсеткішіне көңілі толмағандықтан, соңғы тиынын санап болса да, ақылы курсқа, түрлі үйірмеге қатыстырады. Ал ақшасы барлар балаларын су жаңа технологиямен жабдықталып, үш тілде қатар оқытатын ақылы мектептерге береді. Оқу ақысы бірнеше миллион теңге құрайтын ақылы мектептердің айырмашылығы неде?
Сегізінші жыл қатарынан Forbes Kazakhstan еліміздің ең үлкен екі қаласындағы жекеменшік мектептердің рейтингісін ұсынып келеді. Соңғы жылы бұл тізімге Шоқан Уәлиханов атындағы жекеменшік мектеп кірген. Бұл оқу ошағын кәсіпкер Кеңес Рақышев пен Әсел Тасмағамбетова ашқан. Сондай-ақ Еркін Тәтішев құрған High Tech Academy мектебі де екінші жыл қатарынан жекеменшік мектептердің тізімінен түспей келеді. Керісінше, биыл бұл білім ордасы былтырмен салыстырғанда өз позициясын айтарлықтай жақсартыпты. Білім және ғылым министрлігі берген мәліметке сүйенсек, елімізде 7 203 мемлекеттік орта білім беретін мектеп бар. Оның 5 235-і ауылда, 1 968-і қалалық жерде орналасқан. Ал 303 жекеменшік мектептің 257-і қалалық, 46-ы ауылды жерлерде ашылыпты. Соның ішінде Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында 83 мемлекеттік емес мектеп жұмыс істейді. Оның 61-і Алматыда, 22-сі елордада. Ал жаңа біз айтып отырған тізімге кірген 20 білім мекемелеріндегі оқудың орташа құны айына 100 мыңнан басталады. Кейбір мектептерде бір оқушы үшін айына 1,2 млн теңгеге дейін қаражат керек. Оқу ақысы бастауыш, орта және жоғары сыныптар үшін әртүрлі.Әлемдік университеттерден шақырту келеді
Хош, тізімді түгел түгендеп шықпасақ та, рейтингтің көшін бастап тұрған бес мектептің жетістігін саралап көрелік. Мәселен, жылдық табысы ең жоғары саналатын Haileybury Almaty мектебінде оқудың орташа құны айына 1,03 млн теңге. Білім мекемесінде бүгінде 600-ге жуық оқушы бар. Мектептің негізін қалаушы әрі құрылтайшысы – Болат Өтемұратовтың «Асыл Мирас» қайырымдылық қоры, сондай-ақ Сержан Жұмашов, Нұржан Субханбердин, Айдан Кәрібжанов, Марғұлан Сейсембаев, Альфия Қуанышева секілді қалталы адамдардың аты аталады. Білім ошағы Ұлыбританиядағы Haileybury and Imperial College-бен серіктестікте жұмыс істейді екен. Мектеп оқушыларға 11-сыныпты аяқтағаннан кейін IGCSE орта білім туралы халықаралық сертификатын және 13-сыныпты аяқтаған соң a-Level халықаралық сертификатын алуға мүмкіндік береді. Оқу орнында 60 жоғары білікті шетелдік педагог жұмыс істейді. Екі жыл бұрын мектеп бітірген 24 түлектің сегізі Йель, Колумбия, Манчестер, Амстердам университеттері, Лондон Императорлық колледжі, Кембридж университетінің Гонвилл және Кейс колледжі, Глазго университеті сияқты оқу орындарынан шақырту алған. Ал былтыр Haileybury Almaty мектебінің жеті оқушысы беделді халықаралық және республикалық олимпиадалардың жүлдегері атанған. Оқушылардың бірі АҚШ-тағы оқушыларға арналған Сodeday халықаралық хакатонында бірінші орын алған команда құрамына кіреді. Мектеп оқушыларының бірі астрономия және астрофизика бойынша жаһандық онлайн конкурста Қазақстан ұлттық құрамасының атынан қатысқан. «Оқу құны жоғары болуына қарамастан, биыл 9-сыныпқа түсу үшін шектеулі стипендия ұсындық. Бірақ грантқа академиялық жетістіктерінің қомақты тізімі бар оқушылар ғана жіберіледі», – дейді Haileybury Almaty директоры Саймон Миллз.Қытай тілі оқытылады
Алматыдағы TAMOS Education физика-математика мектебінің табысы – 5,43 млрд теңге. Білім алушылар үшін оқудың орташа құны айына – 217 мың теңге. 2 457 оқушы білім алатын бұл мектептің құрылтайшылары – Мұрат Омаров, Дәурен Қаупынбаев, Марғұлан Сейсембаев және Asadel Partners ЖШС. 1998 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан мектеп былтыр Кембридж Халықаралық мектебі (CIS) мәртебесін алды. Мұнда оқитын балалар математика, физика және ағылшын тілдерін тереңдетіп оқиды. TAMOS құрамына кіретін лингвистикалық мектепте бесінші сыныптан бастап қытай тілі оқытылады. Бір жаңалығы, биылдан бастап мекеме қазақ бөлімі үшін жаңа оқу корпусын іске қосқан. Өткен жылы мектептің 12 оқушысы халықаралық және республикалық олимпиаданың жүлдегері атанса, былтыр бітірген 20 түлек әлемнің үздік 100 университетіне оқуға түсті.Білім жүйесі британдық
Үштікте тұрған Haileybury Astana мектебінде оқу үшін айына орташа алғанда 1,04 млн теңге қажет. Бүгінде 505 оқушы білім алатын бұл мектептің де құрылтайшысы Болат Өтемұратовтың «Асыл Мирас» қайырымдылық қоры болғанымен, Тұңғыш Президент – Елбасы Қоры да құрылтайшылар қатарында аталады. Былтыр бітірген 14 түлектің біразы әлемнің озық университеттеріне түскен. Мектеп директоры Джон Коулздың айтуынша, мектептің оқыту жүйесі британдық білім берудің үздік дәстүріне негізделген. Жоғары сыныпта мектеп түлектеріне әлемнің үздік университеттеріне түсуге мүмкіндік мол. Яғни, оқушылар халықаралық бакалавриаттың (IB) дипломдық бағдарламасына дайындалады. «2018 жылы Haileybury Astana халықаралық бакалавриат (IBDP) бағдарламасы бойынша 12-13-сынып оқушыларына арналған IВ студенттік орталығын ашты. Қазір мектеп түлектері қазақстандық, сондай-ақ шетелдердегі мықты университеттерде білім алып жүр. Бүгіннің өзінде Russell Group британдық университеттерінен көптеген ұсыныс алдық. Мектеп түлектерінің барлығы IB дипломын алу үшін тапсырған емтиханда 34 балл жинады. Негізі, әлемдік орташа көрсеткіш бұл диплом үшін 29,8 балл», – дейді Джон Коулз. Сондай-ақ ол дамыған елдердегі озық деген университеттерде мектеп түлектері 100% грантқа түскенін мақтанышпен жеткізді. Сонымен бірге Джон Коулз жыл сайын білім ордасы Халықаралық бакалавриаттың дипломдық бағдарламасы (IBDP) бойынша 12-сыныпқа түсетіндер үшін 10 стипендия бөлінетінін айтты. Жалпы, 2013 жылдан бері 147 түлектің 58-і стипендиат, 108-і оқу бітіргеннен кейін бірден университеттерге түскен. Айтпақшы, білім мекемесінде орыс және қазақтілді спикердің жоқтығына қарағанда, оқыту тілі ағылшын тілінде жүргізілетін болса керек.Оқу тілі – өзге тілде
Елордадағы халықаралық QSI мектебінде оқудың орташа құны айына – 1,28 млн теңге. 312 бала біліммен сусындайтын мектептің негізін қалаушы – Словениядағы Quality Schools International коммерциялық емес жеке білім беру мекемесі. 2005 жылдың қыркүйегінде құрылған QSI халықаралық мектебінде оқу ағылшын тілінде өтеді. Он жыл бұрын бұл мектеп Middle State Association of Colleges and Schools қауымдастығының аккредитациясын алды. Оқу бағдарламасы америкалық AP Capstone Diploma Program жүйесіне негізделген, бұл түлектердің АҚШ пен Канада университеттеріне түсуіне мүмкіндік береді. Ал Алматыдағы халықаралық QSI мектебінің айлық оқу ақысы елордаға қарағанда сәл арзан. Шамамен айына орташа 1,08 млн теңге. Әрине, қалталылар үшін сәл болғанымен, басқалар үшін бақандай бірнеше айдың жалақысы. Бұл жерде қазір 357 оқушы бар. Білім ордасында балалар оқудан бөлек түрлі дебат клубы, драма және ғылыми үйірмелерге қатыса алады.Оқыту жүйесі озық
Қарап отырсақ, бағасы удай білім ордаларында оқығандар «әлемдік» деген сөзді әңгімелеріне жиі арқау етеді. Өйткені қағаз толтырудан қолдары тимейтін мемлекеттік мектеп секілді күнара комиссия күтіп, жиналыс жасап жүйке жұқартпайды. Осы үшін баласын ақылы оқуға беретін қарағандылық Кристина Китебаева екі баласын да жекеменшік мектепте оқытуды жөн деп тапқан. Айтуынша, өзі істейтін жалпы білім беретін өнер мектебінде қажетсіз құжаттар үшін комиссия алдында ақталуға тура келеді. Бұл өз кезегінде ұстаздардың ұнжырғасын түсіреді. «Мемлекеттік мектептерде мұғалімдер журнал толтыру керек, жоспарға сәйкес жұмыс жасауы тиіс. Ол бергі жағы ғана. Мектептің ішкі асханасында не болып жатқанын сол жерде істейтіндер жақсы біледі. Ал ақылы мектептерде ұстазды да, оқушыны да еркіндікте ұстайды. Ең бастысы, әркім өз ойын ашық айтып, тәуелсіз тұлға ретінде қалыптасуға мүмкіндік береді. Ақылы болған соң ғимараттары жаңа, ыңғайлы жиһаз, компьютерлік жабдықтары соңғы үлгіде жасалған. Балаларым жартылай ақылы мектепке барады. Мұғалімдер баланың талпысынына қызығушылық танытады. Өйткені олар ата-аналардың жарналарынан қосымша ақы алады. Біздің мектепке келгісі келетіндер көп. Өйткені айына төлеген соманың ішіне бассейн, тамақ, шахмат, тағы да басқа қосымшалар кіреді», – дейді Кристина Китебаева. Біраз жыл ақылы мектепте ұстаздық еңбек еткен Доған Йылдыз білім сапасы ақылы оқуда емес, мұғалімнің біліктілігіне байланысты деген пікірін білдірді. «Бұрынғымен салыстырғанда қазір білім саласында көп өзгеріс болып жатыр. Мемлекеттік мектептердің ғимаратынан бастап, ішкі мүмкіншіліктеріне дейін жаңартылуда. Дегенмен ақылы мектептердегі білім сапасы көш ілгері кеткенін мойындау керек. Өйткені ол жерлерде балаларды оқыту жүйесі басқа. Екіншіден, жекеменшік мектептерде бала саны аз. Соған орай балаға уақыт бөлу мүмкіншілігі мол. Балалардың қабілетін дамытуға көп көңіл бөледі. Сонымен бірге мұғалімдердің біліктілігін заманға сай арттыруға мүмкіндік болса, жекеменшік мектепте де балаларға озық білім берген болар еді. Біз ақылы мектепте оқыған жоқпыз. Бірақ біздің уақытта білімге құштарлығымызды арттыра алатын ұстаздар болды. Сондықтан мұғалімнің қабілетін арттыруға күш жұмсау керек. Ал ұстаз қабілетсіз болса, құйған қаражат босқа күйіп кетуі мүмкін», – дейді Доған Йылдыз. Қалай десек те, қазір ата-аналардың басым бөлігі балаларын жекеменшік санаттағы мектептерде оқытқысы келеді. Бірақ қаржы қолбайлау. Жаңа оқу жылына мектеп құралдарын сатып алуға жағдайы жетпейтіндер үшін білімін шыңдап, қабілетін арттыру арман болып тұр. Ал қаржысын төлесе қалаған ақылы мектепте оқитындардың халықаралық деңгейде білімін шыңдап, білім грантын ұтып алуға мүмкіндігі мол.Жадыра МҮСІЛІМ