Қазақты сүйген жүрек
Қазақты сүйген жүрек
366
оқылды

Оның қазасы қазақ журналистикасын ойсыратып кетті. Әйгілі спорт комментаторы, қазақ телевизиясының ардагері, ақпарат саласының үздігі Амангелді Сейітханның  отан­дық журналистикада орны бөлек еді. Көрермені оны жақ­сы көретін. Өзі де  қара сөздің майын тамызатын шебер, ақынжанды азамат еді. Соңғы бірнеше күн бойы бұқара  арда ұлын жоқтап жатыр.

Амангелді Мәулітқанұлы 1969 жы­лы 11 мамырда Шығыс Қазақ­стан облысы Мақаншы ауданында дүниеге келген. 1991-1994 жылдары «Спорт» газетінде жұмыс істеген. 1994 жылы «Қазақстан» телерадио­корпорациясында «Тұғыр» бағдар­ламасын ашып, жүргізуші болды. Телеарнаның спорт бөліміндегі бас редактордың орынбасары қызметін де қатар атқарды. «Құмсағат» бағ­дар­ламасының спорттық ақпарат­тар бойынша продюсері болды. 1997 жылдан «Хабар» арнасына ауысып, осы күнге дейін аталған агенттікте жұмыс істеп келді. Футболдан 1998 жылы Фран­циядағы Әлем чемпионатында қазақ тілінде комментатор болды. 1999 жылы Бангкоктегі Азия ойындарын, 2000 жылы Сиднейдегі Олимпиада ойындарын, 2002 жылы Солт-Лейк-Ситидегі қысқы Олимпиаданы «Хабар» арнасының эфирінде қазақша сөйлетті. Бір жылдары айтыс аламанында да атой салған суырып салма ақын еді. Қалың көрермен іздеп оты­ратын, үлкенге ізетті іні, кішіге арқалы аға бола бірген біртуар тұлға көзінің тірісінде-ақ аты аңызға айналды. Талайды тәнті еткен талантымен де, кәсіби шеберлігімен де, аңқылдаған ақжарқын көңілімен де көрерменін баурап алды. Ол өзі ғана спорт журналистикасын мең­герген жоқ, өзінің осы салада жи­наған құнды тәжірибесін жас­тар­ға да бөлісіп, ізін басқан мамандарға үйретіп кетті. Оның есімі отандық тележурналистика тарихына ғана емес, тұтастай спорт шежіресіне алтын әріппен жазылары анық. ЖанарбекЖанарбек ӘШІМЖАН, Мәжіліс депутаты:

Сәби болмысты, таза жүректі қайраткер еді

– Амангелді Сейітханның дүниеден өтуі – қазақ спорт журналистикасы үшін  ғана емес, ұлттық журналистикамыз үшін де орны толмас ауыр қаза. Ағалы-інілі болып, қоғамдық-саяси әлеуметтік өмірде әріптес болып бірге  келе жатқан ағамыздың  жолын қия басқан жеріміз жоқ. «Аға» деп бүкіл інілері қас-қабағына қарап жүрген аяулы жан еді. Амангелді аға тәуелсіздік дәуі­рін­дегі журналистикасының бас­тауында тұрған азаматтардың бірі деп айтуымызға болады.  Себебі Әлем чемпионаттарынан, Олим­пиада додаларынан  тұңғыш рет қазақ тілінде комментаторлық жасаған азамат.  Студент кезінің өзінде-ақ ай­тыс сахнасында  жасындай жарқылдап, Мұхамеджан Таза­беков, Бекжан Әшірбаев, Мэлс Қосымбаевтармен қатар қанат қағып шықты. Айтыста жүрсе де талай олжа салатын азамат  еді. Кейін кәсіби төл мамандығына, оның ішінде спорт журналис­тика­сына ауысып, кешегі Сейдахмет Бердіқұлов аталарымыздың жолын жалғап, өзінің төл ұстазы Несіп Жүніс­баевтың соңынан еріп, ал­ғашқы қадамын «Спорт» газетінен бастады. Кейін «Хабар» арнасына ауы­сып, жұмыр жердің  қай түкпірінен болсын, тіпті батыс пен шығыстан, әлемдік спорт аламандарынан, та­ри­хи күндерден  жағымды жаңа­лық­тарды жеткізетін Амангелді Сейіт­ханның «Жеңісті күндерде жолығайық» деген дауысын бүкіл жұрт, бүкіл ел еститін. Амангелді Сейітхан, Бейсен Құранбек әр салада – әлеуметтік, ақпараттық хабарларды таратса да, спорт журналистикасының дамуына атсалысқан бірегей тұлғалар. Амангелді ағамен спорт алаңдарында бірге жүрдік. Он жылдан аса бір командада доп тептік. Аман аға бастап шыққан команда жыл сайын өтетін аламан­дарда топ жарды. Әр ойыннан жеңіспен оралатын едік. Сәл ғана қателіктер жіберіп қойсақ, күйіп-пісіп, әбігерленіп кететін. Қақпа­шы­дан бастап, қорғаушыға дейін әрқайсысының орнын тап-тұй­нақ­тай қылып реттеп отыратын Аман ағамыз болатын. Осындай ағадан айырылу – алдыңғы толқын ағалар үшін, кейінгі толқын інілер үшін де ауыр қаза. Амангелді Сейітхан ағада бюрократия деген болған емес. «Ағасынып» кішілерді бөлек­те­ген жоқ. Журналистиканың есігін ашқан жаңа буынның да кеудесінен итерген емес. Үнемі адамды жігерлендіріп отыратын. 2000 жылы Сидней Олимпиада­сынан комментаторлық жасаған сәті де әлі есімізде. Барлық жақсы жаңалықтардың бәрін осы Аман ағамыздың дауысы арқылы естідік. Ермахан мен Бекзаттың чемпион болған сәті, Мұхтархан мен Болат­тың жұлдызды шақтарын эфирде жүрегі жарылардай болып, дауысы дірілдеп жеткізген кезі де есімізден кеткен жоқ. Бұл нағыз елін сүйген, халқын құрметтеген патриоттың ғана қолынан келетін дүние еді. Амангелді Сейітхан сияқты арда аза­матты қазақ елі әлі  талай жыл­дар сағынатын болады. Өйткені ол көзге көрінбей жүріп-ақ мықты мектеп қалыптастырды. Жақсы ұрпақ өсірді. Ағаның қазасын естігенде бүкіл өмір  тоқтап қалғандай күй кештік. Бүкіл әріптестерге, журналистер қауымына, қаламгер қауымға, от­басына қайғырып, көңіл айтамыз. Шын мәнінде, ауыр қаза. Өмірден сәби болмысты, таза жүректі, алақаны да, жүрегі де таза, халқын, жұртын сүйген қайраткер өтті. Өте өкінішті. Бір өмір осылай аяқталды. Ағамыздың жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын! Көрмеген көшесінен жарылқасын! ЕсейЕсей ЖЕҢІСҰЛЫ, «Ақжелкен» журналының редакторы:

Жүрегі үлкен азамат еді

– Алдынан қара көрінсе, адам соны медеу тұтады. Соны ес көреді. Жылдар өтіп, өзі біраз жасқа келсе де, алдындағы ағасына қарайлайды, көптің сөзін сол айтады деп күтеді. Амангелді Сейітхан біздің сондай ағамыз еді. Тұрқы шағын болғаны­мен, жүрегі аттың басындай үлкен азамат еді. Ел намысын көз қара­шығындай қорғап, шыр-пыры шы­ғып жүретін. 2019 жылы «Асыл арнадағы» «Қазақ спортының классикасы» бағ­дар­ламасына шақырып, көкей­дегі біраз сұрақты көлденең тарт­тық. «Хабар» арнасында футболдан Әлем чемпионаты көрсетілерде, тек орыс тілінде жүргізу ықтимал­дығы зор болғаны рас па? Қазақ тілі­нің мүддесін кім қорғады? Бұ­ған дейін ондай кешенді сын жүргізіп көрмеген едіңіз, қалай тәуекел еттіңіз? Бекзаттың қазасын қай­дан естідіңіз, жұртқа қалай естірт­тіңіз? Тағы қаншама сұрақ қо­йылды! Аман ағам жылы жы­миып қойып бір ақтарылды. Жасы 50-ден асса да ел намысы де­генде жанып кететініне таңдану­шы едім. Ештеңеге бейжай қара­ғанын көрген емеспін. Креатив­тілігі, жаңалыққа құмарлығы жас­тар­дың өзін таңдай қақтыратын. YouTube арна да ашты, өзге под­касттар мен арналарға да белсене пікір білдіріп жүрді. Футболды шебер ойнайтын. Журналист інілерін ертіп алып, жарыстың бас жүлдесіне таласатын. Балаша ренжіп, артынша ұмытып кететін еді. Аман ағам мұзжарғыш кеме секілді еді. Алға салып алатынымыз да содан-ды. Ірі жарыстарды алғаш бастап жүргізгендіктен де сынды өте көп естіді. Бірақ ешкіммен бет жыртысқан емес. Інілерін жерлеп, тұқыртқан да емес. Бұл қазаны есту бізге тым ауыр болды. Жайнап, жарқырап жүрген жан ағамызды өлім түгіл, бірауыз нашар сөзге қимайтын едік. Алла иманыңызды саламат етсін, Аман аға!.. РинатРинат КЕРТАЕВ, «Хабар» агенттігі» АҚ басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

Аңыз адам Амангелді Сейітханнан айырылдық

– Амангелді Сейітхан дегенде қазақ спорты қатар айтылады. Әйгілі комментатордың «Жеңісті күндерде жолыққанша» деп, талай жеңіске жол ашқаны әр қазақтың есінде. Сондықтан ана өмірге аттанған Амангелді ағаның де есімі ел есінде мәңгі сақталарына еш шүбә жоқ. Амангелді Сейітхан дегенде аңғал мінез, арда талант иесі ойға оралады. Бар қазаққа бағалы болса да өте қарапайым еді. Үлкен-кіші демей, барлығымен бауырдай сыйласатын. Бұл тұрғыда ағамыз­бен аралас-құралас болған кез келген адам керемет әңгіме айтады. Шын мәнінде, Амангелді Сейіт­хан туралы талай дүниені тар­қатуға болады. Ол енді алдағы уақыттың еншісінде. Осы күннен қазақ спорт журналистикасында Амангелдітану дәуірі басталады… «Хабар» агенттігінің ұжымы мен өз атымнан марқұмның отбасы мен туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамыз. Алла сабыр берсін! Бақұл бол, Аман аға!

Дайындаған Айым БЕКТҰР