Нұр-Сұлтан қаласында спорт мамандықтарына түсетін талапкерлерге әкім гранттары беріледі. Ондай шара алғаш рет қолға алынып отыр, — деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Ерғалиевтің айтуынша, бүгінде ел намысын қорғап жүрген мықты спортшылар мектеп жасынан бастап жаттығу залынан шықпайды. Ал ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде қажетті ұпай санын жинай алмай, мемлекеттік грантқа ілінбейді. Сондықтан тек балл жеткен мамандыққа құжат тапсыруға мәжбүр болады.
"Мемлекет басшысы жастардың спорттық әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр, тиісінше жан-жақты қолдау көрсетілуде. Осыған байланысты Нұр-Сұлтан қаласының спортшыларына қала әкімінің 50 грантын беру туралы шешім қабылданды. Ал жоғары оқу орындарын аяқтаған соң, мамандар жаттықтырушы, нұсқаушылар ретінде қалалық спорт ұйымдарына жұмысқа қабылданады", — дейді Ерғалиев.
Мемлекеттік білім беру тапсырысы Еуразия ұлттық университетінде жүзеге асырылады. Себебі осы жоғары оқу орнында "Дене шынықтыру және спорт" мамандығы бар. Қала әкімінің грантына өтініштерді қабылдау тамыз айының 20-на дейін жалғасады. Талапкер келесі құжаттарды тапсыруға тиіс:
төлқұжат (нотариалды расталған көшірмесі);
спорттық дәрежесі 1 разряд, СШҮ, СШ (нотариалды расталған көшірмесі);
республикалық және халықаралық жарыстардың дипломдары мен мадақтама қағаздары (нотариалды расталған көшірмесі);
ҰБТ сертификаты;
шығармашылық емтихандар хаттамасының шешімі.
ЕҰУ-дың қабылдау бөлімі Қажымұқан Мұңайтпасов көшесі, 13 мекенжайы бойынша орналасқан. Құжаттарды қабылдау аяқталғаннан кейін конкурстық комиссия әкім грантының иегерлерін анықтайды.