Қоланың құдіретін Қазақстанға келгенде сездім – Нұрислам САНАЕВ
Қоланың құдіретін Қазақстанға келгенде сездім – Нұрислам САНАЕВ
440
оқылды

Еркін күрестен Азия чемпионы және әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Токио-2020 олимпиадасының қола жүлдегері Нұрислам Санаевпен сұхбат.

Нұрислам мырза, Токио-2020 олимпиадасынан аман-сау елге оралуыңызбен! Бүгінде ауыр жүк арқаңыздан түсіп, бір жеңілдеп қалған боларсыз? – Құдайға шүкір, елге, ауыл-аймаққа аман-есен оралдық. Халықтың ыстық ықыласына бөленіп отырған жайымыз бар. Бір қызығы, мен Күншығыс елінде жүлдегер болып, жеңіс тұғырында тұрғанымда ештеңе сезінбедім. Расымен де, бойымда баз бір сезім-түйсік болмады. Неге екенін өзім де білмеймін. Ал елге оралғанымда халықтың ыстық ықыласына қайран қалдым. Сонда өзгеше күй кештім. Қазақ халқына дән ризамын. Халқым мені мақтан еткені сияқты мен де халқыммен мақтанамын. Алғашында олимпиадаға аттанар алдында жұрттың қолдауы мен үлкен жауапкершілігін сезіндім. Қолымнан келгенше күресіп бақтым. Елімнің көк туы желбірегенін қаладым, сол үшін тер төгіп, бар күш-жігерімді сарп еттім. Бірақ, амал нешік, қола медаль бұйырған екен. Бұның өзі де бір жеңіс. Бұл жеңісімді де қазақ халқына және тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арнаймын. – Өзіңіздің туып-өскен жеріңіз және спортқа алғаш келген кезіңіз туралы айтып берсеңіз. – Мен 1991 жылы Ресейдің Тыва республикасында Чадан деген ауылда дүниеге келдім. 4-сыныпта оқып жүргенде еркін күрес секциясына жазылып, Артур Делгер-оол деген бапкерден күрестің қыр-сырын үйрендім. Мектеп бітіргенше күреспен айналысып, сосын Красноряск қаласындағы Бувайсар, Адам Сайтиев секілді атақты палуандар тәлім алған Дмитрий Миндиашвилидің академиясына оқуға түстім. 2012 жылы И.Ярыгин атындағы халықаралық турнирде үшінші орын алып, Ресей құрама командасына қабылдандым. Менің бапкерім екі дүркін әлем чемпионы, Адам Сайтиев, Заур Батаев секілді палуандардың тәлімгері Виктор Алексеев болды. Құрамада бәсекелестік өте жоғары болатын. Менің салмағымда екі дүркін әлем чемпионы Виктор Лебедов пен Еуропа чемпионы Гаджимурад Рашидовтар бар. Ал менде тәжірибе болған жоқ. Сол кезде «30 жасыма дейін әлем чемпионатына қатыссам екен» деп армандайтынмын. 2014 жылы Мәскеу қаласында өткен Еуропа халықтарының кубогы жолындағы бәсекеде спорт жанашыры Еркін Ізбасаров ағаммен таныстым. Мен ол жарысқа көрермен ретінде барған едім. Ол кісі маған: «Қазақстан атынан әлем чемпионаты мен олимпиада ойындарына қатыса аласың ба?» – деді. «Әрине, егер қолдау мен мүмкіндік болса қатысамын», – дедім. Сөйтіп, Еркін ағамның қолдауымен Қазақстанға, оның ішінде Ақтөбеге келіп қалдым. – Қазақстанға келген кезде сізді қалай қарсы алды? – Өте жақсы қабылдады. Қазақстанға келгесін, ең бірінші рет ел біріншілігінде екінші орынға ие болып, ұлттық құрама сапына алындым. Сосын Ташкентте өткен әлем чемпионатында 61 келі салмақта өнер көрсетіп, қола жүлде үшін болған белдесуде ұтылдым. Бір жылдан кейін Лас-Вегаста өткен әлем біріншілігінде өз салмағымда, яғни 57 келіде белдесіп, тағы да қола жүлде үшін таласта жеңіліске ұшырадым. Дегенмен сол жолы Рио олимпиадасына жолдамаға қолым жеткенмен, онда да бағым жана қоймады. 2017 жылы Азия чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізсем, 2018 жылы Азия чемпионы атандым. Алдағы уақытта кезекті Париж-2024  олимпиадасына бару ойыңызда бар ма? – Иә, ол олимпиадаға да үш жыл уақыт қалды. Мен ешқандай шаршап-шалдығу, берілуді сезінбеймін. Париж олимпиадасына дейін бұдан да ширап, шыныға түсемін. Кезінде Рио-2016 олимпиадасында, өкінішке қарай, жеңіліс тапқанмын, ал биыл қола жүлдені иелендім. Осылайша тәжірибе жинап, сабақ алып келемін. Ендігі үміт – жеңіс төрінен табылу. Сол үшін үздіксіз еңбек ету қажет деп білемін. Биылғы олимпиадада қолда тұрған алтынның сусып кеткені өкінішті болған шығар? – Мен бұл олимпиадаға өте жоғары деңгейдегі дайындықпен барған едім. Өкінішке қарай, бұйырғаны қола жүлде болды. Арманым Қазақ елінің Әнұранын шырқату болып еді. Дегенмен, бұйырса, алдағы уақытта сол арманыма жету үшін қолдан келгенін аянып қалмаймын. – ҚазҰУ-дың түлегі ретінде студент кездеріңіз туралы айтып берсеңіз. – Мен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да екінші жоғары, «Құқықтану» мамандығы бойынша білім алдым. Университеттегі жаттықтырушыларыма да аса зор алғысымды айтамын. Олар менің шыңдала түсуім үшін көптен-көп септігін тигізген өз ісінің хас шеберлері. Менің жеңісімді бағалап, қолдау көрсетіп жатқан барша ҚазҰУ ұжымына, Басқарма төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевқа алғысымды білдіремін. Бұл жеңіс – тек еліміздің ғана емес, университетіміздің де абырой-беделі. Мен ҚазҰУ-да білім алғаным үшін қуаныштымын. Осы университеттің түлегі екенімді мақтан тұтамын. Себебі ҚазҰУ Қазақстанда ғана емес, әлемдегі бірден-бір университеттердің қатарында. Бұл қарашаңырақтың жатақханасында отбасыммен тұрдым, суын ішіп, нанын жедім, сонда жаттықтым, оқыдым. Спортпен айналысып, білім алуым үшін барлық жағдай жасады. Сол үшін де жылы естеліктерімен есімде қалған университет мен үшін қымбат. Нұрислам САНАЕВ Кешегі Токио-2020 олимпиадасынан нендей ой түйдіңіз? – Әр жыл сайын физикалық тұрғыдан ғана емес, рухани жағынан да өсе түсесің. Әр жыл, әрбір кезең өміріңдегі жеңіске апарар бір-бір баспалдақ екенін түсінесің. Екі жоғары білімім бар. Беделді университеттердің түлегімін. Халық үміт артып жатқан соң, өзіңде үлкен жауапкершілік тұрғанын білесің. Етек-жеңіңді жинап, бұдан да тәжірибелі бола түсуге тырысасың. Жеткіншек шағымда еркін күресті терең түсіне де бермей, әйтеуір, қара күшке салып, үйренген тұстарымды қолданып қана жүрдім. Бүгінде кәсіби маман ретінде әр адымың мен әр әрекетіңді бағамдап басасың. Себебі әрбір жасалған артық әрекет жеңілісіңе алып келуі мүмкін. Ал сені исі қазақ жанұшыра қолдап тұрғанда, тіптен қате қимыл жасамауға тырысасың. Осылайша әрбір сәтсіздік бір-бір сабақ болып жатыр. – Токио олимпиадасында көрсеткен өнеріңізге қанағаттанасыз ба? – Бір әттең-айым – үшінші болып қалғаным. Алаңға шығарда өзімді еркін сезіндім. Алайда бір-екі қателігім алтын, күміс алуыма кедергі болды. «Әр істің бір қайыры бар» деп айтады ғой. Сол үшін де өкінбеймін әрі қанағат етемін. Неге десеңіз, әлемнің түкпір-түкпірінен небір таланттар келіп, қоржыны бос қайтқандар да болды. Ал Тәңірдің қалауымен қола медаль иелендім. Осы жүлдені алу үшін қаншама жыл тер төгіп, ыстық-суықты, қайғы-мұңды бастан кештік. Осылай қалаған межеге де жеттік. Сол үшін Жаратқанға шүкірлік айтамын. – Спорт сіздің өміріңізден қаншалықты орын алады? – Еркін күреспен айналысып жүргеніме, міне, 20 жыл болды. Алғашында 10 жасымда бастаған болатынмын. Содан бері өмірімде басты негізге спортты қойдым. Арманым олимпиада чемпионы атану болды. Жеңіске жету үшін көптеген істерден, қалау-тілектерден бас тартуға тура келді. Әрине, мәңгілік жас болып қала бермейсің. Бір күні біз де шау тартып қартаямыз. Сондайда өмірдегі ең маңызды құндылық, ол – адамгершілік болмақ. Кім болсаң да, қандай болсаң да – адам болып қалу. Мен күресті қойғаннан кейін Қазақстанда қалып, өзімнің бар білгенімді жастарға үйретіп, бапкер болсам деген ниетім бар. – Алтын уақытыңызды бөліп сұхбат бергеніңіз үшін рақмет. Алға қойған мақсаттарыңызға жетіп, жеңістің ең биік тұғырына  көтерілуіңізге тілектеспіз.

Сұхбаттасқан Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ