Мағзұм Мырзағалиев Ресей Федерациясы табиғи ресурстар және экология министрімен кездесті
Мағзұм Мырзағалиев Ресей Федерациясы табиғи ресурстар және экология министрімен кездесті
©abai.kz
162
оқылды

Нұр-Сұлтан қаласында ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев РФ табиғи ресурстар және экология министрі А.А. Козловпен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Орал және Ертіс трансшекаралық өзендері бассейндерінің экожүйелерін сақтау және қалпына келтіру жөніндегі Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының бағдарламаларын іске асыру барысын талқылады.

Олардың ірі өзендер бассейндерінде (Орал, Ертіс және т.б.) зерттеулер жүргізу бойынша бірыңғай Жол картасында көзделген 17 іс-шараның оншақтысы өткізілді. Ал оның 4-еуі жыл соңына дейін аяқталады. Қалған іс-шаралар 2022 жылы басталады.

Жұмыс кестесіне сәйкес бірінші жартыжылдықта гидрологиялық деректерді жинау және алмасу бойынша іс-шаралар орындалды. Тараптар осы бағыттағы жұмысты жалғастыруға келісті. Тараптар Павлодар облысының (Былқылдақ жинақтаушы су қоймасы аймағында) және Омбы облысының (Ольховка ауылында) аумағындағы Ертіс өзенінің және жерасты суларының сапасына бірлескен мониторинг ұйымдастыруды жоспарлады. Сонымен қатар Ресей тарапы Ертіс өзенінің трансшекаралық су ресурстарын бөлу туралы құжат әзірлеуді ұсынды. Қазақстандық тарап қазіргі уақытта Жоғарғы Ертіс су қоймалары каскадынан су ағызу экономиканың барлық салаларының мүдделері ескерілген «Оба және Ертіс өзендерінің су ресурстарын кешенді пайдалану және қорғау» схемаларының ережесіне сәйкес келетінін атап өтті. Сондай-ақ тараптар мемлекет басшыларының қатысуымен (2021 жыл, Көкшетау қаласы) өтетін  «Экология және жасыл даму саласындағы ынтымақтастық» тақырыбында Ресей мен Қазақстан арасындағы XVII аймақаралық ынтымақтастық форумына дайындық мәселелерін талқылады.