Бала кезінде әкесі оны күреске жібергісі келмеген, ал Фатима алғашқы спорттық қадамын көркем гимнастикадан бастаған.
«Әкесі дзюдоға жібермеген»: 17 жасында Олимпиада чемпионы атанған Фатима Сұпығалиева туралы не білеміз?
303
оқылды

17 жасында жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы атанған қазақстандық дзюдошы Фатима Сұпығалиева ел спортының жаңа үмітіне айналды. Бір жылдың ішінде Азия ойындарында, әлем чемпионатында және Олимпиадада топ жарған жас спортшының дзюдоға келу тарихы да қызық. Бала кезінде әкесі оны күреске жібергісі келмеген, ал Фатима алғашқы спорттық қадамын көркем гимнастикадан бастаған.

Aikyn.kz сайты жас чемпионның өмірі мен спорттағы жетістіктеріне шолу жасады.

Әкесінің жолын қуған чемпион

Фатима Сұпығалиева 2009 жылы Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданының Подстепное ауылында дүниеге келген. Ол төрт баланың үлкені. Әкесі Алтынбек Сұпығалиев – дзюдодан Қазақстанның спорт шебері, самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Спорттық мансабын аяқтағаннан кейін жаттықтырушылықпен айналысқан. Сондықтан Фатима кішкентайынан спортшылардың ортасында өсіп, әкесінің шәкірттерімен бірге жаттығуға барып жүрген.

Бір қызығы, әкесі бастапқыда қызының дзюдомен айналысқанын қаламаған. Ол Фатиманы көркем гимнастикаға берген. Бірақ қыздың көңілі күреске ауып, әкесінің жаттығуларын қызыға тамашалайтын болған. Ақыры тоғыз жасында дзюдоға келіп, алғашқы әдіс-тәсілдерді үйрене бастайды. Уақыт өте келе қызының бұл спортқа шын ықыласы барын байқаған әкесі оның жаттығуына ерекше көңіл бөледі. Дегенмен Фатимаға ешқандай жеңілдік жасамаған. Керісінше, өзге шәкірттерінен де қатаң талап қойып, тәртіпке баулыған. Бүгінде әкесі оның алғашқы жаттықтырушысы ғана емес, спорттағы ең жақын ақылшысы әрі қолдаушысы.

Жапониядағы екі айлық сынақ

Фатима 13 жасынан бастап Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы сапында өнер көрсете бастады. Осы кезеңде оның өмірінде халықаралық жарыстар мен шетелдегі оқу-жаттығу жиындары көбейді. Жас спортшы үшін алғашқы сапарлар оңай болмаған. Әсіресе дзюдоның отаны саналатын Жапониядағы жаттығулар есінде қалыпты. Бейтаныс ортаға, жергілікті тағамдарға және күн тәртібіне үйрену қиынға соққан. Оның үстіне үйін, ата-анасын сағынған.

Кейін әкесі қызының өз бетінше өмір сүруге дағдылануы үшін оны Жапонияға екі айға жалғыз жібереді. Бұл сапар Фатима үшін үлкен сынақ болған. Ол жаттығу кезінде өзіне жауапкершілік алуды, қателіктерін талдауды және қиындыққа мойымауды үйренген. Жапониядағы дайындық оның спорттық шеберлігін шыңдап қана қоймай, мінезінің қалыптасуына да әсер еткен.

Жас дзюдошы жапон спортшыларының күресу мәнеріне ерекше қызығады. Әсіресе әлем чемпионы Джоширо Маруяманың әдіс-тәсілдерін жоғары бағалайды. Оның белдесулерін көріп, өзіне қажет тұстарын үйренуге тырысады.

Бір жылда үш ірі жарыстың жеңімпазы атанды

Фатиманың халықаралық жарыстардағы жетістіктері 2025 жылы айқын көріне бастады. Сол жылдың қазан айында Бахрейн астанасы Манамада өткен жасөспірімдер арасындағы Азия ойындарында 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль жеңіп алды. Финалда қырғызстандық Милена Боруболотовадан басым түсіп, Қазақстан құрамасының қоржынына алтын жүлде салды.

Араға бір жыл толмай жатып, 2026 жылғы тамызда Эквадордың Гуаякиль қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында тағы да топ жарды. Әлем чемпионы атанған жас спортшының жеңісі туған өңірінде де ерекше аталып өтті. Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев оған Орал қаласынан жаңа пәтердің кілтін табыстады.

Ал 2 қарашада Фатима спорттық мансабындағы тағы бір маңызды белесті бағындырды. Сенегал астанасы Дакарда өткен IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасында ол барлық қарсыласын мерзімінен бұрын жеңіп, чемпион атанды. Ширек финалда Коста-Рика өкілі Химена Моралес Гамбоаны, жартылай финалда словакиялық Вивьен Вадовицованы иппон әдісімен ұтты. Финалда португалиялық София Гаспармен кездесіп, небәрі 2 минут 33 секундта жеңіске жетті. Осылайша, 17 жастағы қазақстандық дзюдошы бір жылдың ішінде Азия ойындарының, әлем чемпионатының және жасөспірімдер Олимпиадасының алтын медалін иеленді.

Ән айтып, сурет салғанды ұнатады

Фатиманың өмірі тек татамидегі жаттығулар мен жарыстардан тұрмайды. Бос уақытында кітап оқып, ән айтқанды және сурет салғанды ұнатады. Дегенмен спорт оның күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. Жаттығу, дұрыс тамақтану, демалыс пен жарысқа дайындық – бәрі белгілі бір тәртіпке бағынады.

Жас спортшы жетістікке жету үшін ең алдымен өзіңді жеңе білу маңызды деп есептейді. Әкесі де оның бойына осы қасиетті сіңіруге тырысқан. Алтынбек Сұпығалиев қызының спорттағы әрбір жеңісінің артында үздіксіз еңбек, төзімділік пен тәртіп тұрғанын айтады. Ол Фатимаға тек жаттықтырушы ретінде емес, әке ретінде де қолдау көрсетіп келеді.

Бүгінде Теректі ауданының шағын ауылынан шыққан қыз әлемдік дзюдо додаларында Қазақстанның намысын қорғап жүр. Жасөспірімдер арасындағы ең беделді жарыстарда жеңіске жеткен Фатиманың ендігі мақсаты – ересектер арасындағы әлем чемпионаты мен Олимпиада ойындарында топ жару. Ал оның спорттағы басты армандарының бірі – өзіне сенім артқан әкесінің үмітін ақтау.