Биылғы қуаңшылық Сыр диқандарына оңай тиген жоқ. Өңірдегі Сырдария өзеніне судың жылдағыдан аз мөлшерде түсуі, әсіресе күріш шаруашылығына қиындық туғызды. Күріш өнімділігінен 7 жыл бойы рекордтық көрсеткішке жеткен диқандар биыл толағай табыс күтпейді. Жаз бойы атыз жағалаған еңбегі мен кеткен шығын өтелсе, соған да қанағат етуге мәжбүр.
Жалпы, биыл Қызылорда облысы бойынша 188 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған. Оның ішінде өңірдің негізгі дақылы күріш егісінің көлемі 83,6 мың гектарды құрапты. Өткен жылмен салыстырғанда 6 мың гектарға күріш көлемі қысқартылып, орнына барлығы 9,8 мың гектар болатын суды аз қажет ететін әртараптандыру бағытындағы майлы және мал азықтық дақылдармен қатар көкөніс, бақшаның егіс көлемдері артқан. Сонымен қатар 53,5 гектар жерге жеміс-жидектер мен жүзімдіктер егілген. Қазір облыстың оңтүстік аудандарында егін жинау жұмыстары басталды. Бекітілген кестеге сәйкес бидай, арпа және сұлы дақылдарын жинау жұмыстары аяқталды, мал азығы, майлы, картоп, көкөніс және бақша дақылдарын жинау жұмыстары жүруде. «Негізгі дақыл күрішке орақ салу жұмыстары тамыз айының үшінші онкүндігінде басталады», – дейді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы мамандары. Сондай-ақ мамандар жасаған болжамға сәйкес, күріштен жиналатын өнім көлемі өткен жылдың деңгейінде болады деп отыр. Егін жинау жұмыстары 15 қазаннан кешіктірмей толық аяқтау жоспарланыпты. Өңірдегі ірі шаруашылықтардың бірі «Абай-Дәулет» ЖШС директорының орынбасары Марат Сәрсенбаев биылғы егін кезінде диқандар едәуір қиындыққа кезіккенін айтады. Қуаңшылық салдарынан өткен жылға қарағанда күріш егісінің көлемін қысқартқан көрінеді. – Биыл су тапшылығына байланысты су насостарын көп қолдандық. Өзіңіз білесіз, қазір барлық тауардың құны қымбаттаған. Сол себепті егістікке кеткен шығынымыз жылдағыдан көп болды. Шаруашылықтар кезектесе су алу арқылы күрішті уақытында суға бастырдық. Алайда күннің жылдағыдан ерекше ыстық болуы да күріштің ауруға шалдығуына сеп болды. Кезектесіп су бастыру кезінде уақытымызды күтіп, арамшөптердің көптеп шығуына әсер етті. Сол себепті Сыр күрішшілері жылдағыдай рекордтық көрсеткішке қол жеткізеді деп айта алмаймын. Алайда егіннің шығуы деңгейіне көңіліміз толады, Су тапшылығына байланысты күріш көлемін қысқарттық. Мамандар келер жылы судың биылдан да аз болатынын айтады. Ол кезде тағы да қысқартуға мәжбүрміз. Суды аз қажет ететін егіске көңіл бөлеміз, – дейді Марат Сәрсенбаев. Ал «Таң»ЛТД» ЖШС директоры Имамзада Шағыртаев жоспарлап ексе, күрішшілер бұл қиындықтан толық шығады дегенді айтады. Ол өз шаруашылығы биыл егіс көлемінен рекордтық көрсеткішке қол жеткізбесе де өткен жылғы табысты қайталауы мүмкін деп болжайды. – Әр шаруашылық дән себерде өз егістік жерінің мүмкіндігіне аса зер салуы тиіс. Судың келу мүмкіндігі мен жердің құнарлылығын зерттеп алып, сол бойынша егіс көлемін жоспарлауы тиіс. Мен осы мүмкіндіктердің барлығын қарастырып, биыл күріш егісінің көлемін 20 пайызға азайттым. Мамандар келер жылы су мәселесі биылғы жылдан да нашар болуы мүмкін деп болжап отыр. Ол уақытта тағы күріш егісінің көлемін қысқартуға мәжбүр боламыз. Алайда біз күріштен мүлдем қол үзіп кетеміз дей алмаймыз. Өйткені біздің техникаларымыз, базамыз, зауыттарымыз осы күрішке арналған, – дейді «Таң»ЛТД» ЖШС директоры Имамзада Шағыртаев. Облыстағы «Ы.Жақаев» атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мамандары биылғы қуаңшылыққа өңір диқандарының дайын болмағанын алға тартады. Су жеткізетін арықтардың тазаланбауы мен егістік жерлердің өз деңгейінде тегістелмеуі егістікке қосымша әсер еткенін айтады. – Шынын айту керек, биылғы қуаңшылыққа диқандар жіті дайындықпен кіріскен жоқ. Су жүретін арықтар қамыстан тазартылмағандықтан, су өткізу мүмкіндігін азайтты. Мол суға үйренген шаруашылықтар егістік жерлердің тегіс болуына да аса зер салмады. Сол себепті кей шаруашылықтар биыл мол өнімге қол жеткізе алмауы мүмкін. Су тапшылығына байланыста су қашыртқылары мен насостарды қолданды. Алайда су қашыртқылары судың булануы мен тұздануына әкеліп соғады. Ал насостар күріштік жерлердің өз деңгейінде ылғалдануына мүмкіндік бермейді, – дейді «Ы.Жақаев» атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының «Қызылорда» білім тарату орталығының жетекшісі Жанұзақ Байманов. Сондай-ақ Жанұзақ Байманов «бүгінде шаруашылықтардың көбінде гидротехник мамандарының болмауы да қиындық туғызды», – дейді. Су шаруашылығы мамандарының болмауынан шаруашылықтар суды дұрыс пайдалана алмады деп есептейді. Сол себепті институт жанындағы орталықтан білім алуға кәсіпкерлер өз мамандарын жіберіп отыруы тиіс екенін айтады. Сонда ғана аз суды оңтайлы пайдалану мүмкіндігі артатын көрінеді.Ерқанат СӘРСЕНБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы