Сыр күріші – ел ырысы
Сыр күріші – ел ырысы

Сыр өңірі – ауыл шаруашылығы саласы бойынша жыл сайын толайым табыстарға қол жеткізіп, ел қазынасының ұлғаюына айтарлықтай үлес қосып жатыр. Қызылорданың күріші ішкі нарықты қамтып қана қоймай, Германия, Нидерланд, Түркия, Иран және Ирак секілді алыс-жақын шетелдерге де экс­портталып келеді.

Бүгінде қазақстандықтардың шамамен тең жарымы елді ме­кендерде тіршілік етеді. Ал Қызыл­орда облысы халқының 60 пайызға жуығы – ауыл тұрғындары. Олар­дың басым бөлігінің күнкөрісі, әлеуметтік-экономикалық жағ­дайы ауыл шаруашылығы өндірі­сіне тікелей байланысты.

Тәуелсіздіктің алғашқы жыл­дары аталған сектор алапат өзге­рісті бастан өткерді. Дегенмен, мем­лекет бұл қиындықтарды жеңіп, ауқымды жаңғыру арқылы қарыштап дамыды. Ширек ғасыр­дан астам уақыт ішінде ауылдың еңсесін тіктеп, өнеркәсіпті өрге сүйреді. Салаға қолдау еселеп ар­тып, ауыл өмірінде серпіліс пайда болды. Оны облыстың аграрлық секторындағы Тәуелсіздік жылда­рындағы көрсеткішінен де анық байқаймыз. Ал қолдау бар жерде қайтарымы да болатыны анық.

Қызылорда облыстық ауыл ша­руашылығы басқармасының мә­ліметіне сүйенсек, облыстың агро­өнеркәсібін мемлекеттік қолдау 2003 жылдан басталды. Сол жылы облыстың ауыл шаруашылығын қолдауға барлығы 142,8 млн теңге жұмсалса, 2020 жылдың өзінде ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау көлемі 14,6 млрд теңгеге артқан. Ауыл шаруашылығы сала­сын дамытуға көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдаудың арқасында соңғы 10 жылда облыстың ЖӨӨ құрылымындағы ауыл шаруа­шылығының үлесі 3,9-дан 4,8%-ға дейін өскен.

«Бұл ретте 2020 жылы ауыл ша­руашылығы өнімін өндіру көлемі 141 млрд теңге болған. Бұл көр­сеткіш 1991 жылы 2,3 млн теңге болған. Жыл сайын облыстың ауыл шаруа­шылығы тауар өндірушілері 500 мың тоннадан астам күріш жи­найды. Қызылордалық ауыл шаруа­­­­­шылығы еңбеккерлері 550 мың тоннадан астам күріш өнімін жинап, орташа өнімділік гектарына 61,8 центнерден келді. Бұл 1991 жыл­­ғы көрсеткіштен бір жарым есе көп. Қызылорданың күріші шет елдерде де сұранысқа ие. Сонымен қатар бақша өнімдері мен дәстүрлі ұлттық сусындар – қымыз бен шұ­бат облыстың танымал брендіне ай­налды. Облыстың ауыл шаруа­шы­лығы құрылымдарының ма­ши­­на-трактор паркі 25%-ға жаңа­р­тылды. Күріш өсіруде жоғары ре­про­дукциялы тұқымдарды 100 пайыз­­ға пайдалануға қол жет­­кіздік, бұл күріш өндірісінің ар­­туы­­на әсер етті», – дейді Қызыл­орда об­лыстық Ауыл шаруашылығы бас­қар­ма­сы­ның басшысы Талғат Дүй­себаев.

Рекордтық көрсеткіш

«Егінді өсіре білу – алғашқы асу ғана, ал ысырапсыз жинап алу – мәре». Дала академигі Ыбырай Жақаевтың аталы сөзін өмірлік қағидаға айналдырған Сыр диқан­дары жылда егінді шашпай-төкпей жинап алып, қамбаны қызылға толтыруға дағдыланған. Ала жаздай атыз жағалайтын олардың тыным­сыз еңбегінің арқасында өткен жы­лы рекордтық көрсеткіш тағы да жаңарып, негізгі дақылдан бұ­рын-соңды болмаған өнім алынды. 91 мың гектар егістіктің әр гек­та­рынан жоғарғы центнерден өнім жиналып, ел қамбасына жарты миллион тоннадан астам күріш құйылды. Осылайша, облыс күріш­шілері әр жылдары рекордтық көрсеткіштен қол үзген жоқ.

Күріш экспортының көлемін ұлғайтып, жаңа нарықтарды игеру бағытындағы жұмыс әлі де жалғаса береді. Аграрлық саладағы экспорт ауқымын арттыру міндеті мал шаруа­­шылығын да айналып өткен жоқ. Халықаралық эпизоотиялық бюроның шешіміне сәйкес, Қы­зылорда облысы 2017 жылы аусыл ауруынан таза аймақ мәр­тебесін алып, буферлік аймақтан шықты. Осының нәтижесінде бақша өнім­дері мен майлы дақыл­дар шетел асып, экспорттау көлемі жыл сайын ұлғайып келеді.

Атқарылып жатқан шаралар нәтижесінде 2017 жылдың қаң­тар-қараша айларында облыс бойынша 89,5 мың тонна ауыл шаруашылығы өнімі экспорт­талған. Бұл 2016 жыл­дың осы ке­зеңімен салыстыр­ғанда 37,4 пайыз­­ға немесе 24,4 мың тон­наға көп. Оның ішінде экспорт­талған күріш көлемі 84,6 мың тон­­наға жетіп, алдыңғы жылдың сәйкес кезеңінен 38,9 пайызға немесе 23,7 мың тон­­наға артты. Одан кейінгі жыл­дары, яғни 2018, 2019 және 2020 жылы да өңір кәсіп­керлері күріш дақы­лын көрші елдерге молынан шы­ғарып, тіпті Қызыл­орданың «Ақ маржаны» Мұхит асып, еуропа нарығына жетті.
Айта кеткен жөн, өңірде күріш, балық, көкөніс және бақша өнім­дерінің экспорты 2004 жылдан бас­­талды. Соңғы 16 жылда ауыл шаруа­шылығы өнімдері экспор­­тының көлемі 2,8 есе өсіп, Ресей, Өзбек­­стан, Украина, Әзербайжан, Иран, Грузия, Қытай, Литва, Поль­ша, Ауғанстан, Моңғолия, Тәжік­стан, Түрік­менстан, Параг­вай, БАӘ, Сауд Ара­биясы, Қырғыз Респуб­­лика­сына экспортталып келеді.

Сыр елі әлемнің 18 мемлекетін жаулады

Былтырдан бастап Сыр елінен алғаш рет Германия мен Нидер­ландқа 910,4 тонна қамыс және Өзбекстанға 136 тонна бидай ұны экспортталды. Бүгінде аймақтан өндірілетін өнімдер жоғарыда айтып өткен әлемнің 18 мемле­кетіне жөнелтіліп жатыр. Атап айт­қанда, күріш, балық өнімдері, бидай қалдығы, бидай ұны, сабан, мақсары майы, қауын және қарбызға сұраныс жылдан-жылға артып келеді.

«2020 жылы өңделген өнім экс­порты – 96,7 пайыз. Сондай-ақ су тапшылығына қарамастан 551,3 тоннадан астам күріш жина­лып, жоғары көрсеткішке қол жеткіздік. Ал биыл 188,2 мың гек­тарға ауыл шаруашылығы дақыл­дарын егу жоспарланып отыр. Алайда күріш­тің көлемі 5,1 мың гектарға азай­тылды. Оның орнына әртарап­тандыру бағыты бойынша дәнді, майлы дақылдар егілді, – деді Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Бахыт Дүйсенұлы. 

Қызылорда қашаннан күріш өсірумен даңқы шыққан аймақ. Әсіресе, Тәуелсіздік жылдарында Сыр диқандары рекордтық көрсет­кішке қол жеткізіп қана қоймай, мемлекеттің қаржылай қолдауына ие болып келеді. Егін көлеміне қарай субсидия үлестіріліп, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңартуға қаржы бөлді. Нәтиже­сінде, еңбек өнімділігі артып, әр өңір жыл сайын толағай табыстарға жетіп, Сыр салысынан тау тұр­ғызды. Бұл әрине, еңбек өнімділігін арттырып, экспорт көлемін есе­леуге жол ашты.
Жалпы, Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы саласын да­мыту – алға қойған басым ба­ғыттардың бірі. Президент ауыл шаруашылығын ел экономи­ка­сының жаңа драйверіне айнал­дыруды тапсырғаны белгілі. Бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыс жүйелі түрде жалғасын табары сөзсіз.
Нұрсұлтан ҚАЗБЕК,
Қызылорда облысы