Жалғыз мәдениет үйін бұзып тынды

Жалғыз мәдениет үйін бұзып тынды

Бурабай ауданының орталығы Щучинск қаласында орталық мәдениет үйінің айналасында үлкен дау туындады. Тарихы тереңге кеткен ғимарат осыдан екі-үш күн бұрын тас-талқан етіп бұзылып, шаңырағы ортасына түскен. Өткен ғасырдың ерекше сәулетімен, халықтың жүрегінде биік колонналарымен есте қалған ғимараттың бұзылғанына жергілікті халық қатты наразылығын білдірді. Әлеуметтік желілер тұрғындардың билікке қарсы айтқан жазбаларына толды. 

Щучинск қаласындағы 206 орынға шақталған аудандық мәдениет үйі 1959 жылы салынған. 60 жылдан астам уақыт қызмет еткен мәдениет үйі талай жастың жастық шағының куәсі. Ерекше архитектуралық колонналары бар мәдениет ошағы қаланың сәулетті орындарының бірі болған. Жер­гілікті халық оны бұзылмай сақ­талса, әлі де талай жыл бойы мыз­ғымай тұратынына сенімді бо­лыпты. «Өткен жылдары ғимаратқа бюджеттен қаражат бөлініп, жөн­деу жұмыстары жүргізілді. Арада бір жыл өтпей тас-талқан етіп бұ­зып тастады. Бұл үшін біреу жаза арқалады ма? Бұл бюджеттің ақ­шасы ғой! Бұзатыны бар не үшін жөндеу жұмысын жүргізді? Уақы­тында жақсы жөндеу жұмыстарын жүргізсе мұндай болмас еді ғой. Тек­ке кеткен ақша...», – дейді Щу­чинск қаласының тұрғыны Ольга Сарайкова. Тұрғындардың көпшілігі «ескі ғимараттың орнына жаңасы са­лынады» деген биліктің айтқан уә­десіне сенгісі келмейді. Әрі оның сапалы салынатынына кү­мәнмен қарайтындарын жасырмады. «Бұл ғимарат біздің жастық шағымыздың үнсіз куәсі... 1959 жы­лы тұрғызылған. Не үшін қуа­нуымыз керек? Қорап сияқты плас­тиктен салынған жаңа ғима­ратта қандай сапа бар? Мәдениет үйіміздің бұзылуы жауапкер­ші­ліктің жоғы шаруашылыққа жөндеп ие болмауынан болды. Меніңше, жаңа спорт кешенін са­лады да қояды. Ешқандай жаңа мәдениет үйі болмайды. Ал барлық қалаларда мәдениет үйлері бар. Енді жаңасын жуық арада сала қоятынына қатты күмәнданамын. Әрине, жаңадан бір ғимарат са­лы­натыны анық. Бірақ қашан? Егер 30 жыл ішінде қаладағы 2 мәдениет үйін сақтап қала алмаса жаңадан салынғанынан не шығады? Мүм­кін біздің ұрпағымыз жаңа мәде­ниет үйін көретін шығар. Өте өкі­нішті», – дейді Светлана Ме­ле­шенко есімді Щучинск тұрғыны. Біз ғимараттың не үшін бұ­зылғанын анықтау үшін аудандық мәдениет үйінің басшысымен тіл­дестік. Бөлім басшысы тұрғында­рының уәжімен келіспейтінін білдірді. Оның айтуынша, ғима­рат­тың өткен жылдары төбесі бұ­зылып, одан кейін зертханалық жұмыстар жүргізген сарапшылар мәдениет үйін бұзу туралы шешім шығарған. «Өткен жылдың 21 мамырында мәдениет үйінің екінші қабатын­дағы қабатаралық төбесі құлауы себепті ғимаратта барлық жұмыс тоқтатылған. Техникалық тексеріс жүргізу үшін үш бірдей сарапшы­лық ұйым тартылды. «Техстрой Лия» ЖШС сарапшылық ұйы­мы­ның қорытындысы бойынша, мә­дениет үйінде адамдардың бо­луы өміріне қауіп төндіреді. Бұдан кейін тексеріс жүргізген «Гарант Building», «Астана Құрылыс Сер­вис» компаниялары да ғимараттың одан әрі қолдануға жарамайтынын және күрделі жөндеудің эконо­микалық жағынан тиімсіздігін мә­лімдеді. Осы құжаттар негізінде құрылған аудандық ведомство­аралық комиссия мәдениет үйі ғимаратын есептен шығару туралы оң шешім қабылдады. Бәрі заңға сәйкес жүріп жатыр», – дейді Бурабай аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Дәмеш Қарсыбаева. Мәдениет бөлімі басшысының айтуынша, өткен жылдарда жүргі­зілген жөндеу жұмыстары тек сы­лап-сырлау, косметикалық жөндеу түрінде болған. Енді бұзылған ғи­мараттың орнына жаңадан мәде­ниет үйі салынбақ. «Мәдениет үйі ғимаратын бұ­зуға қаржы бөлу үшін жобалық-сметалық құжаттама жасалған. Оған 56 миллион теңгеге бюджеттік өтінім жасалды. Қазір жаңа мәде­ниет үйінің құрылысы үшін жо­балық құжаттамасын жасауға қаржы бөлу үшін бюджеттік өтінім әзірленіп жатыр. Жаңа ғимаратта 400 орындық көрермен залы бар.  Ескі ғимараттың алдындағы архи­тектуралық фасадын сақтап қал­мақпыз. Жаңа мәдениет үйі за­манауи құрылыс нормалары мен талаптарына сәйкес келуі тиіс. Ғимаратта фойе залы, хореогра­фиялық зал мен киім шешетін орын, конференция залы, кіші ассамблея мен «Рухани жаңғыру» залдары, дыбыс жазу студиясы, ұжымдардың репетициялық бөл­мелері, гримерлік, әкімшілік, шаруашылық және техникалық бөлмелер мен лифті болады. Сон­дай-ақ толық көлемде бейне­ба­қылау камералары, техникалық және жиһаз жабдықтарымен толықтай қамтылмақ. Ғимараттың эскизін дайындау кезінде ха­лық­тың пікірі ескерілетін болады», – дейді Дәмеш Қарсыбаева. Ведомствоның мәліметінше, биыл жобалық құжаттары жаса­лып, құрылыс жұмыстары келер жылы басталуы тиіс.

P.S. Сонымен, әзірге бурабай­лықтардың өткен күндерін еске салатын мәдениет үйінің орнына жаңа ғимараттың қашан нақты салынатыны әзірге белгісіз. Ал 50 мыңға жуық тұрғыны бар қаланың мәдениет үйсіз қалуы өте өкінішті екені айтпаса да түсінікті...

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы