Демократиялы, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқығы мен бостандығы. Конституциямыздың алғашқы бабында айтылған бұл сөздің мән-мағынасы зор. Егемендік алғалы бері халықтың тыныштығы мен бостандығын сақтап, құқығын қорғау күн тәртібінен бір түскен емес. Өйткені азаматтардың құқығы қорғалған, тәртіпке бағынған қоғамда әділдік орын алары сөзсіз.
Ауқымды реформаның алғашқы жемісі
Биылғы жыл ІІМ жүйесінде Құқықбұзушылықтың алдын алу және «жұртқа жақын полиция» қағидатын қамтамасыз ету жылы» деп жарияланды. Осылайша, құқық қорғау саласында ауқымды реформа, полицейлердің жалақысын көтеру және қылмысты азайту бойынша түбегейлі өзгеріс басталды. Үш жыл бұрын қабылданған 2019-2021 жылдарға арналған полицияны реформалаудың Жол картасы штаттық құрылымды оңтайландыруға бағытталды. Жаңғырту аясында жалақыны көтеру, тәртіп сақшыларының әлеуметтік пакетін жақсарту, жоғары оқу орындарында қызметке іріктеуді және кадрлар даярлауды өзгерту жоспарланған. Алғашқы кезеңде полиция қызметкерлерінің саны 11%-ға қысқарды. Бұл шамамен алғанда 10 мың адам. Жол-патрульдік полицияны патрульдік қызметке ауыстырып, қызметкерлерді мектептерге, көшелерге, қоғамдық орындарға жіберді. Еліміздің алты облысында туристік полиция құрылды. Сондай-ақ ІІМ 106 қосымша басқару буындары мен 1 483 басшылық лауазымдарды қысқартты. Жалпы ауданы 13 мың шаршы метр болатын үй-жайларды босатып, 630 автокөлік кері қайтарылды. Осы арқылы ведомство 16 млрд теңгені үнемдеген. ІІМ Кадр саясаты департаментінің бастығы Ораз Жолдасовтың айтуынша, реформа барысында 2 жыл ішінде полицияның жеке құрамының штаттық саны 13,5 мың адамға қысқарды. «Биыл мамандандырылған күзет қызметінің бөлімшесінде 3 мың адам қысқартуға ұшырады. Қазір Қазақстандағы 100 мың тұрғынға шаққанда полиция қызметкерлерінің саны 369 адамды құрайды. Бұған дейін 100 мың адамға шаққанда 471 қызметкер болған. Сондықтан біз штат санын едәуір қысқарттық. Бірақ тиімділік төмендеген жоқ. Қылмыстың ашылуы мен қоғамдық тәртіпті қорғауды қамтамасыз етудің көрсеткіші жақсы» деп сендірді департамент бастығы. Сондай-ақ ол саптық бөлімшелердің сержанттық лауазымдарын офицерлік лауазымдарға ауыстырылғанына тоқталды. «Сержанттар құрамы, негізінен орта-арнайы біліммен терілген болатын. Іс жүзінде көбінің жоғары білімі болған жоқ. Олар күндіз-түні көшелерде қызмет етеді. Сол үшін оларға жоғары білікті кәсіби дайындық қажет. Қазіргі жағдайда олардың білімі орта-арнайы. Реформаның негізгі бағыттарының бірі – білім берудің кәсіби деңгейін арттыру», – дейді Ораз Жолдасов.Оқу орындарында оң өзгеріс
Министрлікке қарасты бірқатар оқу орталығы таратылды. Өйткені оқу орталықтарында қазіргі заман талаптарына сай материалдық-техникалық база мен жоғары білікті педагогикалық мамандардың жеткіліксіздігі себеп болды. Ұйымдастырушылық-штаттық іс-шаралар өткізілгеннен кейін академиялардың штаттық санының 10%-ы қысқарып, бюджеттік шығындар азайды. Бұл ведомстволық оқу орындарының тиімділігін арттыруға негіз болды. Енді бакалавриат бағдарламасы бойынша Қарағанды академиясынан басқа күндізгі оқыту нысанының қысқартылуына байланысты оқу және казармалық ғимараттар босады. Оқу жүктемесі төмендеп, бұл білікті оқытушыларға ІІО лауазымдарына кандидаттарды қысқа мерзім аралығында сапалы дайындауды жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Бүгінде Алматы, Қарағанды және Қостанай, Ақтөбе заң институты, Шымкент оқу орталығы ғана қалды. Оның ішінде Қарағанды академиясы жоғары тергеу мектебіне қайта бейімделді. Осылайша, Қазақстанда алғаш рет тергеушілердің жеке мектебі пайда болды. «Құқық қорғау органдарының бірде-бір жоғары оқу орны тергеушілерді дайындамайды. Сол Ресейде үш жоғары тергеу мектебі бар. Тергеушілер барлық құқық қорғау органдарында: сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте, прокуратурада, ҰҚК, ІІМ-де сұранысқа ие. Сондықтан біз мамандандырылған жоғары оқу орнын құра бастадық. Ал бакалавриатты тек Қарағанды академиясында қалдырдық», – дейді ІІМ Кадр саясаты департаментінің бастығы. Академияда медиасауаттылық, шешендік өнер және халықпен тиімді коммуникация сияқты жаңа пәндер пайда болды. Бұдан бөлек, кез келген шақта адамдармен қарым-қатынас жасауды үйрену мен құқық қорғау қызметкері ретінде өзін-өзі ұстау мақсатында полиция стандарты дайындалды. Ол бойынша полицияның кәсіби және жеке қасиеттеріне қойылатын талаптарды, сондай-ақ әртүрлі жағдайда сақталуы керек мінез-құлық нормалары белгіленді.Жемқорлыққа қарсы күрес
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мақсатында ІІМ 30 стационарлық бекеттің алтауын ғана қалдырды. Бұл автокөлік иелерінің осындай посттарда еш себепсіз оларды тоқтатып, ақшаны қорқытып алатыны туралы шағымдардың көптеп түсуінен туындаған шара. Дегенмен бекеттердің жойылуы қылмыстық жағдайдың нашарлауына әкелген жоқ. Керісінше, жемқорлық қылмыстардың саны 10%-ға төмендеді. Сонымен қатар мамандандырылған ХҚКО-ларда тіркеу-емтихан бөлімдері жабылды. Бұл функцияларды енді «Азаматтарға арналған үкімет» жүзеге асырады. Бұл да полиция қызметкерлерінің 12-17%-ы заңсыз нөмірлер мен жүргізуші куәліктерін бергені үшін пара алатыны туралы шағымнан соң таратылды. Бұдан басқа, жаяу патрульдермен автокөліктерді тоқтатуға тыйым салынды. Енді көлікті тек автопатруль тоқтата алады. Бұдан бөлек, ІІМ-де спорттық және мәдени-бұқаралық іс-шараларда қауіпсіздікті қамтамасыз етуге полицейлерді жаппай тарту практикасын қысқарту қолға алынды. Енді бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырушылар жеке күзет құрылымдарының қызметкерлерін, еріктілерді тартады. Сондай-ақ ІІМ қызметтерінің тізімінен мекенжай анықтамасын беру алынып тасталды. Енді бұл мәліметтерді тікелей «электронды үкімет» порталынан алуға болады. Көлікті тіркеу қызметі де жеңілдетілді. Биылдан бастап «Police 102» мобильді қосымшасы іске қосылған болатын. Бұл жеке арна бойынша оқиға куәгерлері тікелей полицияға хабарласуға мүмкіндік алды. SOS батырмасын басу арқылы олар құқықбұзушылық туралы полицейлерге дереу хабар береді. Қосымшаның көмегімен қызметкерлердің әрекетіне шағым жасауға да болады. Ал оператор адамның орналасқан жері мен өңірін анықтап, дереу оқиға орнына жақын экипажды жібереді. Азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл бойынша да жұмыстар жалғасып жатыр. Тұрмыстық сыбайлас жемқорлық деңгейін қысқарту және азаматтардың сенімін арттыру мақсатында Işkı ıster ministrlıgı – Adaldyq alańy жобасы іске қосылды. Былтыр халыққа арнаған Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев учаскелік инспектордың мәртебесін заңнама арқылы арттырып, оның өнімді жұмыс істеуіне мол мүмкіндік беру керегін айтқан еді. Қазір құқық қорғау саласындағы реформаның ең маңыздысы да осы. Қоғамдық тәртіпті сақтап, құқықбұзушылықтың алдын алу үшін алдымен учаскелік полицейдің танымал, қолжетімді әрі беделді болуына, заңмен құқығы қорғалуына басымдық беру.Жадыра МҮСІЛІМ