Алматы облысының тұрғыны 9 жасар баланы қинап, кірпіш көтерткені туралы видео тарады. Бейнежазбадан баланы қинап, қорлап жатқанын анық көруге болады. Оқиға Алматы облысы Сарқанд қаласындағы жекеменшік үйлердің бірінде болған. Бұл туралы полиция бөлімі де хабардар.
Осыған байланысты дерек Қылмыстық кодекстің 110-бабындағы 2-бөлігі бойынша («Көрінеу кәмелетке толмаған адамды қинау») сотқа дейінгі бірыңғай тергеулер реестрінде тіркелген. Сотқа дейінгі тергеу барысында 9 жастағы баланы асырап алғаны анықталған. Одан басқа 7 және 14 жастағы бауырларын да 2020 жылы асырап алған екен. Тергеу барысында 9 жастағы жасөспірімді асырап алған ата-анасының 17 жастағы баласы қинағанын айтқан. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалған. «Сонымен қатар қамқоршыларға қатысты материалдар кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияға берілді. 2021 жылғы 17 тамызда комиссияның отырысы өтті. Оның шешімі бойынша ерлі-зайыпты қамқорлық құқығынан айырылды және үш бала кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына берілді. Қазір аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, тиісті сараптамалар тағайындалды» делінген ПД хабарламасында. Тергеу барысын Алматы облыстық ПД басшылығы бақылауға алғаны айтылады.Бала неге кері қайтады?
Қош делік. Бала асыранды болғаны үшін жазықты ма? «Қинап, қорлық көрсету үшін ғана асырап алғаны ма?» деген ой келеді осындайда. Баланың кінәсі неде? Асырап алған баласын қинау, не болмаса қайта бейімдеу орталығына қайтару бірінші рет болып отырған жоқ. Бұған дейін де қаншама бала осылайша кері қайтты екен? Жыл сайын асырап алған балалардың шамамен 20 пайызы патронаттық ата-анамен келіспеушілігіне байланысты балалар үйіне кері қайтарылады. Баланың қиындыққа толы өткен өмірі оған әсер етіп қана қоймай, жаңа отбасына бейімделуге кедергі келтіретіні бар. Оған қосымша қинап, күш көрсету – тіптен психикасына теріс әсер етеді. Кейбір ата-ана асырап алған баласының қиын мінезіне шыдамай, кері қайтарып жатады. Бұл да кәмелетке толмаған баланың психологиясын одан әрі жарақаттайды. Мәселен, Қостанай облысында апалы-сіңлілі екі қыз 10 жылда жеті мекеме мен екі отбасын ауыстырған. Шымкентте 17 жасар жасөспірімді қайтарған. Ал оны отбасы 1,5 жасар кезінде асырап алған екен. Ал Алматы облысында әйел алты жасар баланы асырап алады. Бала ақша ұрлайды, өтірік айтады, мектепке бармайды деген шағымдар түсті. Әйелге тұрақты түрде кеңес беріп отырған. Бірақ бәрібір бала ақырында балалар үйіне қайта келген.Асырап алған балаға қандай қамқорлық қажет?
2020 жылдың шілдесінде қазақстандық отбасыларға жетім балаларды орналастыруға көмек беретін Бала асырап алу ұлттық агенттігі мемлекеттік аккредитация алған болатын. Тіпті, кезінде «мұндай ұйым қажет пе, жоқ па?» деген мәселе Парламентке дейін жеткен еді. Қызу талқыға түскен. Ақырында «керек» деген шешімге тоқтаған. Бұл агенттіктің басты мақсаты – балалар үйінің санын қысқарту. Әрі олар психологиялық соққы болмау үшін ата-аналарды да, баланы да дайындайды.Психологтердің айтуынша, бала асырап алғысы келетін әрбір ата-ана мінсіз баланы күтеді. Бірақ ондай бала болмайды. Кез келген бала ең алдымен ата-анасы, отбасының бар болғанын қалайды. Ішінен «мен жалғызбын, көмектесіңіздер, жалғыз болғым келмейді» деп дабыл қағады.
«Кері қайтару процесін азайту үшін ересектер асырап алушы ата-аналар мектебінен сапалы өтуі керек. Себебі бұл жерде баланы қабылдау, оның өткен өмірі, қандай қиындық көргені жайлы ақпарат айтылады. 3-4 жылдан бері бала асырап алуға ниеттеніп, құлшынып келгендердің өзі ондай мәліметтерді бұрын-соңды білмегенін айтып жатады. Алдымен ата-аналар психологиялық диагностикадан өтеді. Сөйтіп, баланы асырап алудың негізгі мотиві анықталады. Яғни, баласы жоқ отбасылар шаңырағы шайқалмасын деп жалғызбасты әйелдер жанына біреу керек болып, көмекші болсын деп алғысы келеді», – дейді Бала асырап алу ұлттық агенттігінің психологі Айнұр Қарабаева. Кез келген психолог баланың толыққанды отбасында өскенін қалайды. Мұның бәрі балалар үйінің нашарлығынан емес, барлық дүние атомосфераға байланысты. Қанша жерден әдемі безендірілген, қарны тоқ, көйлегі көк болса да, балалар үйі отбасының, ата-ананың орнын алмастыра алмасы белгілі. Соңғы жылдары балалар үйінің азайып келе жатқанын, келешекте мұндай үйлердің болмайтынын айтып қуансақ та, балалардың жаңа отбасынан қысым көрмеуін де ескерген жөн секілді. Қаршадай балаға кірпіш көтертіп, ауыр жұмысқа жегіп жатсақ, оның толыққанды отбасында өскенінен пайда бар ма? Балалар үйінен кетіп, «енді менің отбасым бар» деп, бақытқа қол жеткізгенінде, қайта кері қайтару – баланың психологиясына екі есе ауыр соққы. Қалай десек те, бала құқын қорғау бірінші орында тұруы тиіс. «Сәбидің бәрі бақытты болу үшін жаралғанын» ұмытпасақ екен. Сол себепті де, асырап алған балаңа қорлық көрсетпе, қамқор бол!Айым БЕКТҰР