Елордалық полицейлер дүкендегі сатушыға қарақшылық шабуыл жасаған жасөспірімді ұстады.
Polisia.kz.-тің хабарлауынша, «102» арнасына белгісіз жігіт сатушыны пышақпен қорқытып, 100 мың теңге ақша алып кеткені туралы қоңырау түскен. Полицияның жедел-іздестіру іс-шаралары кешенін жүргізу нәтижесінде күдікті «ізін суытпай» ұсталды.
Тергеу барысында 17 жастағы жігіт дүкенге кіріп, сатушыдан сатылымға қойылған ас үй пышағын көрсетуді сұрағаны анықталды. Пышақты қолына алған ол сатушы әйелді қорқытып, ақша талап еткен. Әйел жасөспірімнен пышақты тартып алуға тырысқан. Алайда осы сәтте күдікті оның қолын жарақаттап, кассадағы ақшаны алып, қашып кеткен.
Қаскөйді патрульдік полиция полкінің қызметкерлері ұстады. Кәмелетке толмаған жасөспірім полиция есебінде тұрғаны және бұрын қылмыс жасағаны үшін бірнеше рет жауапқа тартылғаны анықталды.
«Дүкенде бейнебақылау камералары болған жоқ. Бірақ сатушы күдіктінің белгілері мен киімдерін есіне сақтап қалған. Шұғыл түрде бағдарлау жасалды. Жедел уәкілдер күдіктінің нақты белгілерін анықтады. Күдікті отырған такси көлігі анықталып, ол ұсталды», — деді Нұр-Сұлтан қаласы ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Дмитрий Демидов.
Күдіктіге қатысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 192-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды.