Репродуктолог ғалымдар мемлекеттік сыйлықпен марапатталуға лайық
Репродуктолог ғалымдар мемлекеттік сыйлықпен марапатталуға лайық
287
оқылды

Жақында елімізде ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлыққа қатысуға байқау жарияланған еді. Осыған байланысты бір топ маңдайалды қазастандық медицинадағы репродуктолог ғалымдары «Экстракорпоральды ұрықтандыруҚазақстандағы бедеулікті емдеудегі жаңа дәуір» атты жобасын әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлықты беру жөніндегі комиссияға ұсынды. Бұл сыйлық ғылым мен техника қайраткерлерінің қоғам мен мемлекет алдындағы еңбегінің жоғары бағалануы болып табылады және екі жылда бір рет беріледі.

Қазақстандық танымал, беделді ғалым, биология ғылымдарының докторы, профессор, Ресейдің Клеткалық биология бойынша халықаралық қоғамының мүшесі болып сайланған, ғылымдағы көрнекті жетістіктері үшін екі рет Білім және ғылым министрлігінің мемлекеттік стипендиясына ие болған, көп жылдар бойы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Биология факультетінің деканы болып ерен еңбек еткен Тамара Шалахметова бұл жұмыс мемлекеттік сыйлықты алуға әбден лайық екенін айтады. Тамара Минажқызының айтуынша, бедеулік бүкіл әлемде өзекті мәселеге айналып отыр. «Бедеулік – әлемдік мәселе, – дейді ол. – Өйткені ол әлемнің барлық елдерінде кездеседі. Мәселен, АҚШ-тың бір өзінде жыл сайын 5-6 миллион жұп бедеуліктен емделеді. Ал Қазақстанда статистика мәліметтері бойынша, еліміздегі бедеуліктің деңгейі қазір 15%-дай отбасында байқалуда». Шынын айтқанда, қазір біздің қоғамда ұрпақсыз неке – маңызды және күрделі медициналық, әлеуметтік және демографиялық мәселелердің біріне айналып отыр. Мамандар, ерлер мен әйелдердің бедеулік патогенезінің физиологиясын, ерлі-зайыптылардың жағдайын кешенді физиологиялық зерттеуден өткізбей, бедеулікті жеңудің оң нәтижесіне әсер ететін критерийлер мен факторларды талдамай, бұл жағдайды диагностика жасау мен тиімді емдеудің көмекші репродуктивтік әдістерін қалыптастырмай, еңгізбей және жетілдірмей, сондай-ақ адам репродукциясының физиологиялық процестерін терең түсінбей зерттеу мүмкін емес екенін айтады. Сондықтан репродуктология саласындағы популяциялық зерттеулер, әсіресе факторлық талдаумен байланысты зерттеулер бедеуліктің этиологиясы мен патогенезінің қандай да бір аспектілерін түсінуде аса құнды болып табылады. Профессор Шалахметованың пікірінше, ерекше атап өтетін мәселе – бұл бедеулік диагнозы қойылған әйелдер арасында жүргізілген медициналық-әлеуметтік зерттеулер нәтижесінде олардың әлеуметтік тұрғыдан шектетіліп, психикалық жатырқаудың құрсауында болғандықтан, олардың кәсіби қызығушылығы және белсенділігі төмендеп, әлеуметте өздерін ыңғайсыз сезініп, айналасымен тіл табыса алмағандықтан, ажырасу санының ұлғаюы анықталған. Сондықтан бедеулік жеке бастың ғана мәселесі емес, бүкіл қоғамға кері әсерін тигізетін, халықтың әлеуметтік және кәсіби белсенділігіне нұқсан келтіретін мәселе. Профессор Тамара Шалахметованың айтуынша, экстракорпоральды ұрықтандырудың (ЭКҰ) саласында биологтердің, оның ішінде эмбриолог, физиолог, генетик, криобиологтар, молекулярлық биологтердің рөлі ерекше маңызды. Өйткені жалпы медицинаның бедеулікті емдеу әдістері тығырыққа тірелген кезде, биология саласынан шыққан мамандар эмбриология лабораториясын жасап, бедеулікті жеңудің жаңа ғылыми төтенше жолын тапқан. Яғни, эмбриология лабораториясы ЭКҰ жасап, жаңа өмірді дүниеге әкелетін негізгі лаборатория болып табылады. «Осы орайда ғалымдар тобының ішінен белгілі ғалым, әл-Фараби Қазақ ұлттық университетінің үздік түлегі, Қазақстанда ЭКҰ негізін қалаушы, ҚР ҰҒА құрметті академигі, профессор, биология ғылымдарының докторы, «Экомед» адам репродукциясы клиникалар тобының ғылыми жетекшісі Салтанат Байқошқарова туралы ерекше атап өткім келеді. Еліміздегі 1995 жылы алғашқы ЭКҰ лабораориясының негізін салып, алғашқы клиникалық эмбриолог ретінде еңбек етіп, ЭКҰ әдісімен 1996 жылы 31 шілдеде алғашқы қазақстандық сәбидің дүниеге келуіне тікелей себепші болған. Репродуктология саласында бедеулікті жеңу үшін ұрпақсыз ер мен әйелдің физиологиялық ерекшеліктеріне ғылыми тұрғыдан талдау жасап, ана мен болашақ баланың денсаулығына кері әсерді азайту мақсатында табиғи циклда ЭКҰ жасау және аналық безді ынталандырудың физиологиялық әдістерін ойлап, енгізген», – дейді ғалым. Оның еңбегі мемлекеттік «Құрмет» орденімен марапатталған. ЭКҰ саласындағы бірінші маман және Қазақстандағы бірінші ЭКҰ зертханасының ұйымдастырушысы ретінде денсаулық сақтау бөліміндегі КИНЭС қазақстандық рекордтар кітабына енгізілген, Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасы мен «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгілерімен марапатталған. 2017 жылы халық таңдауы нәтижесінде Қазақстан Президентінің бастамасы – «Қазақстанның 100 есімі» ұлттық байқауы тізіміне енгізілді. Салтанат Байқошқаров Әл-Фараби университетінің түлегі осындай жаңа ғылыми технологияны мол 1990 жылдары Қазақстанның енді ғана тәуелсіздік алған кезінде елімізде батырлықпен бастап, кеңінен өрбітіп, талантты жас биологтердің ғылыми ұстазы болып, бедеулікпен күресте өзінің ерен үлесін қосқанын біз мақтаныш етеміз. Атап айтсақ, осы ЭКҰ орталықтарының мамандарының 50 пайызға жуығы біздің университеттің үздік түлектері. Сонымен қоса еліміздегі ЭКҰ клиникаларының басым көпшілігінде, профессор Салтанат Байқошқарова басқарып отырған «Экомед» клиникаларынан білім алып шыққан репродуктологтер және басқа мамандар да еңбек етеді. «Экомед» клиникалары біздің университеттің және еліміздегі негізгі Медициналық университеттердің клиникалық-тәжірибелік базасы болып табылады. Қазіргі заманғы қосалқы репродуктивтік технологиялар (ҚРТ) әйелдер мен ерлер бедеулігінің барлық түрлерін жеңуге болатынын айқындап, бұрын баласыздыққа душар болған ерлі-зайыптыларға балалы болу мүмкіндігін сыйлап отыр. Осы ретте қазақстандық ғалымдардың үлкен жетістігі ретінде жыл сайын жаңартылып, ең заманауи бірегей жабдықтармен жарақтандырылатын жоғары технологиялық инновациялық эмбриологиялық зертханаларды құруын айтар едік. Еліміздің жетекші клиникаларында жүргізілген зерттеулер эмбриологияның заманауи дамуы мен және репродуктологтердің жоғары біліктілігінің арқасында жатырға бір немесе екі эмбрионның селективті салынуы жүктілік жиілігін арттырып, бұл кезде көпұрықтық жүктілік қаупі сейіліп, сәйкесінше перинаталды асқынулардың қаупі де азайғанын көрсетті. Профессор Шалахметованың айтуынша, азооспермияға ұшыраған науқастарды емдеуде прогрессивті технологиялардың бірі сперматозоидтарды жұмыртқаға интрацитоплазмалық инъекция әдісін тәжірибеге енгізу арқылы, аталық бездерден және оның қосалқыларынан биопсиядан кейін алынған сперма тозоидтарды қолданып, сәтті ұрықтандыру жүргізуге болады. Алдымен сперматозоидтарды биопсия жасаудың ашық әдістері, кейінгі жылдары сперматозоидтарды алу үшін заманауи пункция әдістері қолданылды. Сонымен қатар авторлар ерлердің бедеулігін емдеудегі техникалық жағынан күрделі және тиімді операциялардың бірі болып табылатын микрохирургиялық вазоэпидидимостомияны енгізу және кеңінен қолдану бойынша нәтижелерін жария етті. Автор зерттеулерінің тағы бір бағыты – сперматозоидтардың, ооциттердің, эмбриондардың және репродуктивтік ұлпа биоматериалдарының криобанкін құру. Мұздатылған гаметаларды сақтау сұйық азотқа орналастырылған арнайы таңбаланған ыдыстарда жүзеге асырылады. Аталық бездерден немесе оның қосалқыларынан алынған биологиялық материалды криоконсервация жасау, оларды кейіннен ЭКҰ бағдарламаларында ооцитцитоплазмасына интрацитоплазмалық жолмен енгізуге қолдану мақсатында жүзеге асырылады. Бұл аталған ғылыми әдістер табиғи жағдайда әке болу мүмкіндігі мүлдем жоқ ерлерге ұрпақты болуға кеңінен мүмкіндік берді. Онкологиядағы жетістіктермен қатар криобиология технологияларының арқасында қаншама адамға аурудан аман-есен жазылып, ұрпақты болу мүмкіндігі берілген, бұлардың бәрі зор ғылыми жетістік. Қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы зерттеулер де ерекше назар аударуға тұрарлық екенін атап өткен жөн. ҚРТ бағдарламаларында бедеулігі бар пациенттердің қажеттілігін бағалау әдістемесі әзірленді. Бұл жұмыстар ЭКҰ бағдарламаларын тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде 2010 жылдан бастап соңғы 10 жылдың ішінде 9 050 квота беруге әкелген, осы бағдарламаның арқасында бедеулігі бар отбасыларда 3 000-нан астам бала дүниеге келді. Мамандардың нәтижелі жұмыстары осы бағдарламаны қаржыландыруды ұлғайтуға ықпал етті, бұл игі істі ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қолдап және ол «Аңсаған сәби» ұлттық жобасы түрінде көрініс тапты, оған сәйкес квоталар саны 7 есе өсіп, 2021 жылы 7 000-ға жетті. Бұл сөзсіз, біздің азаматтарымызды тамаша қолдау және ЭКҰ-ның 25 жылдық тарихында Қазақстанда 25 000-нан астам баланың дүниеге келуіне себепші болған еліміздің жетекші репродуктолог, эмбриолог және генетик мамандары мен клиникаларына деген сенім фактісі. Авторлар пробиркадан шыққан балалардың денсаулығына қатысты мифтерді жоққа шығарды. ЭКҰ кейінгі балалардың неврологиялық және соматикалық денсаулығы туралы мәліметтер үлкен қызығушылық тудырады. Қазақстандық медицина саласы ғалымдары мен мамандары жұмысының нәтижесі ретінде әлеуметтік сақтандыру қоры шеңберінде жүргізілетін ҚРТ бағдарламасының барынша қолжетімді болып отырғанын айтар едік. Оның жарқын көрінісін, маңызды ғылыми-зерттеулердің арқасында ерлер мен әйелдердің бедеулігін емдеудің тиімділігі 2000 жылдардың басында 15%-дан соңғы жылдары 45%-ға дейін өскенінен көреміз. Демек, медицина мамандарының бұл жұмысы өзектілігі, ғылыми жаңалығы, әдіснамалық тәсілдері, жоғары практикалық маңызы бойынша заманауи талапқа толық сәйкес келіп, жемісті нәтижесін беріп отыр.

Сая ЗАГИПОВА