«Nur Otan» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалы жанындағы Miras аймақтық кеңесінің отырысы ZOOM платформасы арқылы өтті. Жиынның күн тәртібінде партияның «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі мәселелер көтерілді.
Мәселелерді атап айтар болсақ, Батыс Қазақстан облысы бойынша Жол картасының бағыттарына сәйкес, Бөкейорда ауданы Хан ордасы ауылындағы 909,1 шаршы метр тарихи-мәдени, сәулет-этнографиялық кешеннің құрылысы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық спорт түрлерін дамыту және насихаттау жайы қаралды. Сондай-ақ Орал қаласындағы 1 000 орындық концерт залы бар мәдениет сарайының құрылысы, облысымыздың қасиетті жерлерін 3D форматында аралау бойынша интерактивті сапарларды енгізу секілді сауалдар сөз болды. Кеңес барысында Батыс Қазақстан облысы Мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов және облыстық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Досанов кеңес мүшелерінің алдында баяндама оқып, сайлауалды бағдарламаның іске асуы бағытында бірқатар іс-шара атқарылып жатқанын тілге тиек етті. Олардың айтуынша, қазір барлық жұмыстар жоспарға сай іске асып жатыр. Осыған қарамастан партия Мәдениет саласына қатысты сұрақтарды талқылап, басқарма басшыларына жолдады. Осы тұста партия тарапы кеңес мүшелеріне әрбір жиынға белсене атсалысып, халық тарапынан айтылған өтініш талқыға салып отыруды талап етті. Бұдан бөлек, Парламент Мәжілісінің депутаттары Мәлік Құлшар мен Снежанна Имашева Батыс Қазақстан облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшыларымен кезікті. Жиында облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Әбдірахманова халық қалаулыларына аталған басқармада коронавирусқа қарсы қолданылып жатқан шаралар туралы баян етті. Ол облыс тұрғындарының биыл сәуір айынан бастап екпе алып жатқанын, соңғы кезде коронавируспен ауырғандар саны азайғанын айтты. Бұған қоса, екпе алуға қатысты тұрғындарға оның пайдасы мол екеніне көзін жеткізу үшін облыстағы беделді адамдарды түсіндіру жұмыстарына тарту қажеттілігіне тоқталды. Кездесу барысында облыс орталығындағы емхана басшылары коронавирусқа және ауруханаларға байланысты қордаланған мәселелерді депутаттардың назарына салды. Қазір індет өршіп тұрған шақта медицина саласы көп қажеттілік пен көмекке мұқтаж. Осыны ескерген халық қалаулылары бұл жайтты қаперіне алатынын айтты. Сонымен қатар депутаттар облыстың алыс аудандарына да барып жатыр. Мәселен, Жаңақала ауданына бас сұғып, аудан орталығындағы мектептер мен кітапхана, мәдениет үйінің жағдайымен танысты. Соңғы рет 2008 жылы жөндеуден өткен спорт залдың халін көрді. Бұл үшін халық қалаулылары аудан басшыларына мән-жайды ескертіп, тез арада мәселенің шешімін табуды тапсырды. Бұдан соң ауданға қарасты Бірлік ауылына барып, тұрғындармен кездесу өтті. Онда Мәжіліс депутаттары Мәлік Құлшар мен Снежанна Имашева ардагерлермен жүздесіп, ауылішілік жолдарға жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарының сапасын бақылады.Мадияр ТӨЛЕУ