Astana Open турнирі өтеді
Astana Open турнирі өтеді
180
оқылды

Қазақстан теннис федерациясы 19-26 қыркүйекте Astana Open ATP 250 халықаралық турнирін ұйымдастырады.  Айтулы іс-шара Ұлттық теннис орта­лығында өтеді.

Федерацияның хабарлауынша,  жарыс ATP-ның жаңартылған ресми күнтізбесіне енгізілген. Қазақстан теннис федерациясының вице-президенті Юрий Польскийдің айтуынша, ATP-ның директорлар кеңесі мен қатысқан ойыншылар өткен жылғы осы доданың деңгейін жоғары бағалаған. «Пандемияның қайта өршуіне байланысты биыл күзде Қытайда көптеген жарыс өтпейтін болды. Бұған алаңдаған ATP басшылығы біздің бір жарысты өткізуге келісім бергенімізге ризашылық білдірді. Бұл – біз үшін жақсы мүмкіндік, мұндай жарыс ең алдымен жастарға жол ашады», – деді Ю.Польский. Astana Open жарысынан бір апта бұрын Нұр-Сұлтан қаласында ерлер мен әйелдер арасында Қазақстан чемпионаты өтеді. Мұнда жеңімпаз атанған ойыншы Astana Open-нің негізгі турниріне, жүлдегерлер іріктеу сайыстарына жолдама алады. Астана ашық біріншілігіне Александр Бублик, Михаил Кукушкин, Андрей Голубев пен Александр Недовесовтер қатысады. Ал Дмитрий Попко, Тимофей Скатов, Денис Евсеев, Бейбіт Жукаев секілді жастар ел чем­пионаты арқылы бағын сынап көреді. Жанкүйерлер үшін қуанарлығы  ұйымдас­тырушылар балаларды шектеулі көлемде кортқа кіргізуді жоспарлап отыр. Олар барлық сани­тарлық талапқа сәйкес әуелі ПТР-тест тап­сырады. Осылайша,   балалар  теннисшілердің ойынын бақылай алады. Бірақ ересек жанкүйер­лер турнирге кіре алмайды. Десе де, федерация барлық матчты ҚТФ сайты мен Қазақстан телеарналарында көрсетуді ұйымдастырады.

А.АЙДАРҚЫЗЫ